16 Маусым 2013, 07:22
Жаңадан ашылған мешіттің жөні бөлек. Өйткені, ол Алатаудың баурайында, тоғыз жолдың торабында, алып шаһар – Алматыға тақау тас жолдың жиегінде бой көтеріп, мұнарасы менмұндалап, жамағатты жақсылыққа шықырып тұр. Бүгін, дұға-тілектің қабыл болар қасиетті жұма күні Алматы облысы, Қарасай ауданында «Ықылас» мешіті Құдайға құл, адамға ұл болуды көздеген мұсылман қауымына есігін айқара ашты. Көпшіліктің көптен күткен қуанышымен Бас мүфти бас болып, діни басқарманың қызметкерлері де бөлісті деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметі.
Ержан қажы Малғажыұлы құлшылық үйінің ашылу салтанатында тебіреніспен сөз сөйледі. Бас мүфти сәні мен салтанаты жарасқан құлшылық үйінің тоғыз жолдың түйіскен тұсында тұрғызылғанын ерекше атап өтті.
«Біз Тәуелсіздіктің, алмағайып заманда бейбіт өмірдің қадірін білуіміз керек. Кейбір елдерден береке қашып, бас амандығы уайым болған шеттегі халықтардың жағдайымен салыстырғанда, біздің дәуіріміз қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, Аллаға шүкір айтатын заман емес пе? Аллаға шүкір, мешіттеріміз бой көтеріп, халқымыздың игілігіне қызмет етуде. «Бағаламасаң бақ кетеді», – дейді дана халқымыз. Қадірменді жамағат, біздің осындай жақсылықтарға, жетістіктерге әуелі Алланың қалауымен Тәуелсіздіктің арқасында, Елбасы еңбегінің нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз.
– Бақыт, қайда барасың?
Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын», – деп жырлаған Қабан жырау бабамыздың сөзінде түсінген жанға үлкен ғибрат бар. Құрметті бауырлар, «Ислам» деген сөз «бейбітшілік» деген мағынаны білдіреді. Бейбіт елде береке көп. Құрметті ағайын, жаңа мешіттеріңіз құтты болсын! Құлшылық үйі жақсылықтың жаршысына айналып, еліміздің бірлігіне, халықтың рухани дамуына қызмет ете береді деген сенімдемін. «Азаны бар ауыл азбайды», – дейді халқымыз. Мешіт ауылдың, елдің иманын арттыруға қызмет ете беруіне тілектеспін», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Бас мүфти мешіттің бой көтеруіне себепші болған дін, діл жанашыры Болат Назарбаевқа, Алла үйінің ашылуына үлес қосқан азаматтарға алғысын білдірді.
Мүфтидің құттықтау сөзінен кейін мешіт лентасы қиылып, жамағат жұма намазын өтеді. Ержан қажы Малғажыұлы мінберде уағыз айтып, халықты имандылыққа шақырды, дұға жасап, бата берді.
Baq.kz