16 Маусым 2013, 07:13
Күш атасын танымас. Талдықорғандық 40 жасар Елубай Машаев қалалық жарыстардың бірінде 2 сағат 4 минутта 32 келілік кір тасын 800 рет көтеріп, бүкіл елді таң қалдырды деп хабарлайды 24 kz.
Бұл ресми тіркелмесе де мамандардың айтуынша, әлемдік рекорд саналады.
16 келілік кір тасын Елубай Машаев ұршықша иіреді. Бір қолдан екіншісіне де оп-оңай ауыстырады. Ал 24 және 36 келі болатын кір тасын да екі қолда кезек-кезек ойнатады. Жаттығу залына әуесқой спортшы жұмыстан соң аптасына 3 күн келіп шынығады. Күнделікті келуге уақыты да, қаражаты да тапшы. Бірақ оған қарамастан кір көтеруден талай шыңды бағындырды. Биыл ақпанның 22-де ресми тіркелмесе де рекорд жасап, айды аспанға бірақ шығарды.
Елубай МАШАЕВ, Кір көтеруден Қазақстан чемпионы:
- Ең көп көтергенім – 800 рет. Осы 22 ақпанда. Ендігі мақсатым – 1000 рет көтеру, Алла бұйыртса.
Елубай Машаев кір тасын 13 жасынан бастап көтере бастаған. Әскерде болғанда да қол үзбепті. Әскерден соң арнайы жаттығу залына барып нақты шұғылдана бастайды. Спорттың осы түрінен өмірде тәлім алған ұстазы да осыл емес. Әмірбай Рысқұлов та жас кезінде кір тасын ұршықша иірген. Еуропа мен Азияның 15 дүркін чемпионы болса, Ардагерлер арасында кір тасын көтеруден Қазақстанның 5 дүркін жеңімпазы атанған. Жасы 76-ға келген ақсақал қазір де кірді ұршықша иіреді.
Кір тасын көтерудің көптеген түрі бар: серпе көтеру, жұлқа көтеру, сығымадап көтеру, жатып көтеру және ұзартылған түрі. Елубай Машаев осының бәрін меңгерген.
Әмірбай РЫСҚҰЛОВ, Кір көтеру спортынан Еуропа және Азияның 15 дүркін чемпионы:
- Чемпионаттарға барған уақыттарда бір жарыста 5-6, 7-8 ден керек болса, 10 медальдан алып келіп жататын жағдай болады. Әртүрлі номинациядан бір-бір медаль береді.
Елубай Машаев жарыстарға көп қатыса бермейді. Бірақ қатысса, ұтпай қоймайды. Екі жыл бұрын Ресейдің Киров қаласындағы жарыста алғашқы әлемдік рекордын жасаған.
Елубай МАШАЕВ, Кір көтеруден Қазақстан чемпионы:
- Ең бірінші әлемдік рекорд жасадым. 2011 жылы 2 медаль алдым. Киров қаласында бір сағаттың ішінде 24 келілік кір тасын 661 көтердім.
Әуесқой спортшы бұған дейін кір тасын 800 рет көтеруін ірі дайындық ретінде санайды. Ендігі мақсаты – бұдан да жоғары көрсеткішке жетіп, «Гиннестің рекордтар кітабына» ену. Ол үшін халықаралық дәржедегі төрешілер алдында мықтылығын тағы дәлелдеу қажет. Бірақ спортшының мүмкіндігін қаражат байлап отыр. Тіпті қаражаттың тапшылығынан кейбір жарыстарға да бара алмай жүр. Спортшының ендігі бар үміті – еліміздегі меценат азаматтарда.
Авторлар: Олжас Керейхан, Олжас Байбосынов, Евгений Ширяев