15 Маусым 2013, 13:25
2013 жылдың 14 маусымында Амстердамда қазақстандық «Казконтент» АҚ компаниясы мен америкалық «McAfee Ireland Ltd.» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BNews.kz.
Құжатта Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технология саласын дамыту, ақпараттық қауіпсіздік саласына алдыңғы қатарлы интернет-технологияларды енгізу мәселелері қарастырылған. Бұған қоса аталған құжат тараптар арасында ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынас орнауының бастауы болып табылады. «Казконтент» АҚ-ын Басқарма Төрағасы Айдос Қыдырма, ал «McAfee Ireland Ltd.» компаниясын нарықты дамыту жөніндегі вице-премьері Ян ван Влиет таныстырды.
Тараптар Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технология саласын дамытуға, ұлттық интернет-кеңістікті насихаттау және жетілдіруге, өзара ұтымды әріптестік шеңберінде қоғамдық және коммерциялық бірлескен шараларды жүзеге асыруға, ҚР Интернет желісі ақпараттық кеңістігін қамтамасыз етудегі ақпараттық қауіпсіздік стандартын әзірлеуге, бұған қоса ақпараттық қауіпсіздік саласында өзара тәжірбие алмасуға уағдаласты.
1987 жылы негізі қаланған McAfee - Intel (NASDAQ:INTC) корпорациясының еншілес кәсіпорыны, жаһандық желідегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдарын дайындаушы алпауыт компания. Компания сандық әлемдегі ақпаратты қорғауға бағытталған желілік қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады.
Теңдесі жоқ Global Threat Intelligence™ қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар теріс пиғылдылардың әрекетінің алдын алуға бағытталған.
Компанияның бағдарламалық қамсыздандыруындағы мониторингі мен сүзгі функциясы балалары интернет желісінде отыратын ата-аналарға арналған.
Бұған қоса компания мобильдік құрылғыларды, оның ішінде ұрланған немесе жоғалған құралдарды, жеке мәліметтерді, қаржы құралдары, банктік немесе басқа да жеке ақпараттарды анықтауға арналған бағдарламаларды ұсынады.
Компанияның желідегі қауіп-қатерге үнемі сараптама жүргізіп отыруы интернет қолданатын жеке және корпоративтік клиенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. McAfee компаниясы өз клиенттерін қорғаудың жаңа тәсілдерін анықтау бағытында тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.