14 Маусым 2013, 09:35
Азиада шырағданында Алматының тарихы жатыр
VII Қысқы Азия ойындарының алау құтысы қазақ халқының ұлттық сана-сезiмiнiң негiзiнде жатқан көптеген элементтердi бiрiктiрдi. Ол бүтiн Ұлы дала кеңiстiгiне түсiнiктi көптеген белгiлердiң тiзбегiнен құралған. Қазақ жерiнiң қолайлы табиғи-климаттық жағдайы бұл жерде мыңдаған жылдар бойы адамның өмiр сүруiне маңызды фактор болды. Осында бiрегей археологиялық ескерткiштер де табылды. Солардың бiрi, Алматы маңында табылған, бiздiң жыл санауымызға дейiнгi III-I ғ. жататын сақтардың қоладан құйылған жарықтандырғыш құралдары. Бұның жақында мыңжылдық тарихын халықаралық шеңберде белгiлейiн деп отырған Алматы шаһары үшiн маңызы жоғары болмақ.
VII Қысқы Азия ойындары Алауы шырағданы дизайнының негiзiне нақ осы жарықтандырғыш құрал алынды. Алау құтының жоғарғы жағына Азиада символы ретiнде таңдап алынған қанатты барыстардың мүсiндерi орналастырылған. Кейiн тарихшылар мен дизайнерлердiң ойлары шырағданды жасап шығарушы инженерлердiң ұсыныстарымен толыға түскен. Ол олимпиадалық ойындардың атрибуттарын әзiрлеумен айналысатын қытайлық компанияда әзiрлендi. Негiзi, әлемде мұндай атрибуттарды жасайтын төрт компания бар. Олардың екеуi – Италия мен АҚШ-та, қалған екеуi – Қытайда. Түрлi-түстi металдан құйылған алау құтысының жалпы ұзындығы – 65-66 см. Оның сырты күмiс және алтын түстi бояулармен көмкерiлген. Шырағдан қақ ортасынан бұрап ашылып, оның жоғарғы жағына шағын болып келедi. Жану ұзақтығы 1 сағатқа дейiн жететiн газ баллоны бекiтiледi. Газ түтiк арқылы пiлтеге берiледi. Жалпы алып қарағанда, шырағданның iшкi техникалық құрылымы 2008 жылғы Бейжiң олимпиадасының шырағданына ұқсас. Бiр ерекшелiгi, қытайлық шырағданның салмағы аз болды – 985 грамм.
Азиада шырағданы Олимпиада шырағданынан ауыр әрi сапалы
Алау құтының жалпы салмағы – 1,700 грамм. Бастапқы жоспар бойынша Азиада шырағданы бар-жоғы 1,350 грамм тартуы тиiс болатын. Осылайша Азиада шырағданы Олимпиада факелiнен салмағы бойынша артығырақ. Бейжiң шырағданының салмағының аз болу себебi, оның жоғарғы бөлiгi металдан құйылса, төменгi жағы пластмасса болды. Алайда, бұл Жазғы Олимпиада емес, Қысқы Азия ойындары болғандықтан, алаудың суықта сөнiп қалмау үшiн барлық мүмкiндiктер қарастырылған. «Алау эстафетасы» дирекциясының директоры Сәрсен Құранбектiң айтуынша, Азиада алауының үздiксiз жануына табиғаттың ешбiр тосын мiнезi кедергi болмайды. Мысалы, табиғи жағдайларға байланысты Австралияның Канберра қаласында австралиялық чемпион Меган Маркстың қолында бiрнеше рет сөнген болатын. Ең қызығы, эстафетаның ең соңғы салтанатты шарасында Олимпиада қазандығын жағу құрметiне ие болған австралиялық спортшы Ян Торп алауды екi рет сөндiрiп алып, ыңғайсыз жағдайға душар еткен болатын.
Жандос Смайлов.