14 Маусым 2013, 09:28
Қазақстан командасының Харбиндегi керемет табысынан кейiн екiншi рет қатысқан осы Конгвон Қысқы Азия ойындары нендей жаңалықтар әкелгенi туралы тоқталып көрсек. Жалпы бұл ойындардың маңызы мен сапасына да бiрқыдыру шолу жасап, тарих беттерiн парақтасақ.
Харбиндегi ойындардан табысты оралған Қазақстан командасынан дүйiм жұрт бұл жолы да көп табыс күткен. Бiрақ мамандар пiкiрiнше, бұл жолғы командамыздың ау-жайы өткен ерлiктi қайталайтындай дәрменде емес едi. Тiптi, ең сәттi өнер көрсеттi дегеннiң өзiнде де жалпыкомандалық үшiншi орыннан асу қиынның қиыны болды. Оның бiр себебi, қысқы спорты керемет дамыған Жапония мен Қытайда бұл жолы жұлқынып тұрған жарыс иелерi бар тұғын. Мiне осындай командалардан мұндай кешендi жарыста озып шығу – бұйыра бермейтiн бақыт.
Ендi тiкелей сол кездегi құрама спортшыларына кiдiрсек. Соңғы жылдардағы команда лидерлерiнiң көбiсi спортпен қоштасып жатты. Мысалға алар болсақ, конькишi Вадим ШАКШАКБАЕВ. Сонымен бiрге бiршама тәжiрибелi конькишiлер және биатлоншылар көршi Ресейге кетiп қалды. Ал ойындар басталуға таяп қалғанда Людмила Прокашеваның додаға қатыспайтыны барлығымызға жүк болды. Атақты конькишi қызымыз Әлем бiрiншiлiгiне қатысам деп шет ел асып кеттi.
Дегенмен, еңселерiн түсiрмеген бiздiң команда бәсекеден үшiншi орынды алуға тырысамыз деген мақсатпен аттанды, Корей елiне. Ионгпьенг шаңғы жолында командасына медаль сыйлаймын деп Владимир Смирнов атқа қонды. Наганодағы Олимпиада ойындарынан кейiн даңқты отандасымыз спортпен қоштасам ба деп жүрген. Бiр сөзiнде ендi Олимпиада мен Әлем кубогына қатыспаймын дегенi де бар едi. Азиаданы мұндай маңызды турнирлер қатарына жатқызбаған Владимир жаттықтырушылардың ұзақ сұранысынан соң Оңтүстiк Кореяға баруға келiседi. Бұл жерде қазақстандық бапкерлердiң әрекетi де түсiнiктi. Оларға спорт басқармасынан қойылған мақсаттарға жету үшiн жоғарғы сапалы медальдар керек екенi тағы белгiлi. Мiне осы мiндеттi орындау үшiн де оларға Смирновтың алатын алтыны өте қымбат-тын.
Конгвондағы алғашқы жарыстар негiзiнен үлкен төрттiктiң арасында жүрдi. Қалған қатысушылар шорт-тректегi 10 медаль жиынтығын Корея мен Жапонияның қоғадай жапыруын тамашаласа, шаңғы түрлерiндегi медальдарды қазақтар мен қытайлықтардың сыпырғанын түгел көрдi. Жарыстың алғашқы төрт күнiнен кейiн медаль саны бойынша бiрiншi орынға – кореялықтар жайғасса, олардың артынан Қытай командасы екiншi сатыға табан тiредi. Ал үш алтын жеңген Жапония мен Қазақстан үшiншi орынды өзара бөлiсiп тұрды.
Жандос Смайлов.