14 Маусым 2013, 09:19
Кезек айдында мәнерлеп сырғанау спортына келдi. Газетiмiздiң өткен сандарында шорт-трек пен командалық ойындардың iшiнде ең танымал қысқы спорт түрi саналатын шайбалы хоккейдi және биатлон спортын берген болатынбыз. Ендiгi ретте, жабық кешенде өткiзiлетiн ең таңдаулы қар спортына кезек берсек. Әсiлi, Қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кiретiн қар спортының денi Еуропадан немесе Солтүстiк Америка құрлығынан бастау алған. Ақ Олимпиада ойындарының да бiрде-бiр рет Азия құрлығында өткiзiлмеуi сондықтан. Ал, Африка мен Латын Америкасында не үшiн болмайтындығы түсiнiктi жәйт.
Қарт құрлықтың бiрнеше елдерi арасында коньки спортына байланысты ұшқары пiкiр бар. Себебi, конькидiң отаны қай ел екендiгi әлi күнге дейiн анықталған жоқ. Бiр ғана конькидiң айналасынан тараған бiрнеше қысқы спорт түрлерi бар. Мысалы, шорт-трек, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау, хоккей. Егер конькидiң отаны қай ел екендiгi белгiлi болатын болса, бiр емес, бiрнеше спорттың пайда болуына ұйытқы болған ел ретiнде әлемге танылған болар едi. Тарих әртүрлi деректер келтiредi. Бiрде Еуропада табылған, бiрде Ресейде ең алғаш коньки болған дейдi. Ұлыбритания мен Скандинавия түбегiнде орналасқан елдер «конькидi бiз ойлап таптық» деп топшылайды. Ал, ресми тұрғыда Голландия елi өздерiн конькидiң отанымыз деп жариялады. Бұған бiздiң де алып-қосарымыз бар.
Бiздiң заманымызға дейiнгi ХII ғасырда Көкшетау өңiрiн мекендеген тайпалар конькидi ойлап тапқан деген деректер бар. Белгiлi ғалым Әбдiманап Оразбаев 1964 жылы Ғылым академиясының зерттеу жұмыстарына жетекшiлiк ете жүрiп, Көкшетау облысындағы Шағалалы өзенiнiң жағасынан қола дәуiрiне жататын, яғни осыдан 3 мың жыл бұрынғы уақыттың еншiсiне бұйыратын жылқы сүйегiнен жасалған конькидi тапқан. Зерттеушi Әбдiманап Оразбаев бұл жаңалығын сол кездегi оқырмандарға кеңiнен танымал Мәскеуде басылып шығатын "Совет лайф" журналында жариялайды. Бұл жаңалық Еуропаның бiрнеше елдерiне соққы болып тиедi. Алайда, қазақстандық тарихшы өмiрден өткеннен соң барлығы аяқсыз қалды.
Сонымен, конькидiң нақты қайда пайда болғандығын дөп басып айта алмаймыз. Алайда, конькидi өмiрге әкелген халықтың мәнерлеп сырғанауды да ойлап таба алатындығына күмән жоқ. Мәнерлеп сырғанау спорты өркениетке жол ашқан ең таңдаулы жарыс ретiнде тарихта қалмақ.
Жалпы, конькимен сырғанаудың тарихы ондаған ғасырлармен өлшенетiндiгi белгiлi. Ал, мәнерлеп сырғанау спорты ХVIII-ХIХ ғасырларда пайда бола бастаған деген пiкiрлер бар. 1838 жылы Петербург қаласында басылып шыққан тұңғыш кiтаптардың бiрi «Конькимен сырғанау өнерi» деп аталады. Бұл кiтапта тек конькимен сырғанаудан бөлек, мәнерлеп сырғанаудың да элементтерi көрсетiлген. Демек, ХVIII ғасырда мәнерлеп сырғанаудан алғашқы жарыстар өткiзiледi бастады деген пiкiрлер шындыққа жанасады. Мәнерлеп сырғанаудан ресми тұрғыда ең алғашқы халықаралық жарыс 1892 жылы өттi. өйткенi, дәл осы жылы Халықаралық конькимен сырғанаушылардың кеңесi құрылып, Голландияның Швенинг қаласында алғаш рет ресми отырысы өттi. Оған Голландия, Ұлыбритания, Германия, Швеция және Венгрия елдерiнен арнайы өкiлдер келiп қатысты. Бұл отырысқа Ресей елiнiң өкiлдерi қатыса алмай, хат арқылы қолдау бiлдiретiндiгiн жеткiздi.
Швенингте өткен конгресте мәнерлеп сырғанаудың негiзгi ережелерiн қабылдап, 1893 жылы ерлер арасында Берлинде Еуропа чемпионатын өткiземiз деп бекiттi. 1895 жылы ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан Әлем чемпионатын өткiзу қолға алынды. Алайда, ол бiр жылға кейiн шегерiлiп, 1896 жылы Санк-Петербург қаласында өткiзiлдi. Бiрақ оған әлемнiң 3 елiнен 4 мәнерлеп сырғанаушылар ғана қатысты. Басында тек ерлер арасында ғана өткiзiлген жарысты 1897 жылдан бастап жұптасып өнер көрсетуге шақырды.
Мәнерлеп сырғанау спортының әлемге кеңiнен танымал болуы тым ұзаққа созылды. өйткенi, бұл спорт түрiне тек талантты жандар ғана келетiн. Сол себептi, мәнерлеп сырғанаушыларға тек спортшы ретiнде емес, өнер иелерi ретiнде қарайды.
Айдында мәнерлеп сырғанау спорты Қысқы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1988 жылы ендi. Содан бастап бұл спорт түрiмен шұғылданатындардың саны арта түстi. Тек Еуропа елдерiне ғана танымал спорт түрi Солтүстiк Америка мен Азия құрлығынан да бiрнеше өнер иелерiнiң есiмiн мәшһүрледi. 2003 жылы Аомариде өткен Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына енiп, Жапония, Қытай, Оңтүстiк Корея сынды елдерде ең танымал спорт түрiне айналды. Қазiр қыздар арасында жекелей сында өнер көрсетуден аталған үш елдiң Олимпиада ойындарында көп жүлдеге иелiк ететiндiгi де белгiлi. Биыл Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннiң де әлем бойынша үздiк 11 спортшының қатарына енуi де үлкен жетiстiк болды.
Мәнерлеп сырғанаудан ең алғаш ерлер арасындағы Еуропа чемпионаты 1893 жылы өттi.
Жекелей сында ерлер арасындағы Әлем чемпионаты 1896 жылы өттi.
Жекелей сында әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты 1906 жылы өттi.
Жұптасып өнер көрсетуден тұңғыш Әлем чемпионаты 1908 жылы өттi.
Айдында билеп өнер көрсетуден ең алғаш Әлем чемпионаты 1952 жылы өттi.
Жандос Смайлов.