13 Маусым 2013, 04:04
Бүгін Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі, танымал ақын, драматург, көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрлан ОРАЗАЛИН 66 жасқа толды.
Нұрлан Оразалин 1947 жылы Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Көкбастау ауылында дүниеге келді. 1965 жылы орта мектепті бітірген соң, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.
Еңбек жолын 1970 жылы "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер болып бастады. 1972-1984 жылдар аралығында республика Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясында редактор, аға редактор, бас редактор қызметтерін атқарды. 1984-1986 жылдары республикалық қуыршақ театрының директоры болды. 1986 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде одақ басқармасының бірінші хатшысы болып сайланып, 1986 жылы өткен КСРО Театр қайраткерлері одағының бірінші съезінде басқарма құрамына енді. 1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1993-1996 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметін атқарды. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.
Н.Оразалин - ақын, драматург. Оның қаламынан туған "Беймаза көңіл", "Көктем көші", "Жетінші құрлық", "Адамзатқа аманат", "Құралайдың салқыны", "Ғасырмен қоштасу", "Сырнайлы шақ" атты жыр жинақтары мен "Шырақ жанған түн", "Аққұс туралы аңыз" пьесалары оқырмандар мен көрермендерден кезінде жақсы бағасын алған. Ол - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматы қаласының құрметті азаматы.
Н.Оразалин- жаңа заманғы қазақ поэзиясы ақындарының бірі, көптеген әдеби-көркем сыншы мақалалар мен публицистикалық мақалалардың авторы.
«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.
Baq.kz