10 Маусым 2013, 04:43
Бопай ханым
БОПАЙ ханшайым, Әбілқайыр хан зайыбы. Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХҮШ ғасыр болса, сол кездің саяси-әлеуметтік істеріне белсене араласқан көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай (Бәтима) болған. Бопай − Кіші жүздің ханы Қожасұлтанұлы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай жалтақсыз қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған. Мұны Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелевке, Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан және ол хаттардағы ел мүддесіне қатысты ұстанған әрекет-ниеттерінен айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай... өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,− деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет).
Бопай ханым ұзақ жасап, тоқсанға жақындаған жасында 1780 жылы дүние салды. Топырақ бұйырған жері Елек өзенінің бір тармағы − Жосалының жоғарғы жағындағы қорым. Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның арасынан Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ есімді бес ұл туған (Казахско-русские отношения в ХҮI-ХҮШ веках. − Алматы, 1961; Джон Кестль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. − Алматы, 1996).
Дәулетбике
Орта жүз қыпшақ, оның ішінде торы қыпшақ, оның ішінде түйішкеден өрбіген аталардың бірі «Дәулетбике» деп аталады. Дәулетбикенің қыздай тұрмысқа шыққан адамы түйішке ішіндегі Мұрат деген кісі екен. Мұрат қайтыс болып, Дәулетбикені әмеңгері Мәмбет алады. Әмеңгері Мәмбетке қосыларда Дәулетбике «бөлек ауыл болып отырайын» деп шарт қояды. Бұл шартын Мәмбет орындаған. Содан, бәйбішесі бір ауыл, тоқалы бір ауыл болып отырған соң, Мәмбет ары-бері қатынайтын болады. Сонда, жолшыбай жөн сұраған адамға Мәмбет: «Дәулетбикенің ауылына барамын» деп жауап береді екен. Осылайша Дәулетбикеден өрбіген ұрпақ анасының есімімен аталып кеткен. Дәулетбике Есім хан тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы еді деген сөз бар.
Гаухар ана
Гаухар-ана бейіті тарихи архитектуралы құнды ескерткіштердің бірі, қазіргі Түркістан ауданы М.Әбенова ұжымы жерінде орналасқан, ені 20 метрге жуық кішкене төбе болып келеді, алғашқы қабыр орны бұзылып кеткен, шатыры жоқ, төрт құлақты дуалдан тұрады. 1990 жылдары қабыр жанынан зиаратшыларға арналғам үш бөлмелі құрылыс тұрғызылды.
1989 жылдан «Әзірет Сұлтан» қорық музейі құрамына еніп, мемлекет қарамағына алынды. Тарихи деректер бойынша, Гаухар ана - Қожа Ахмед Иассауидің қызы.