10 Маусым 2013, 04:41
Айтолқын Ару
Ақтөбе облысындағы Терісбұтақ өзенінің бойында "Айтолқын күмбезі" деп аталатын сәулетті бір белгі бар. Сұр тастан жымдастыра қаланған ескерткіш күмбез халық ықыласының айғағындай. Халық жадында сақталған аңыз-әңгіме бойынша Айтолқын қалмақтармен болған қанды шайқастарға көп қатысып, солардың бірінде ерлікпен қаза тауыпты дейді.
Келесі бір аңыз-әңгімеде Айтолқын Абылай ханның қызы еді деген дерек те айтылады. Айтолқын әкесі Абылай ханмен бірге жорықта жүреді екен дейді (Айтолқын туралы дерек «Тургайская газета» басылымының 1896 жылғы № 1 санында жарияланған).
Ақкете Ана (Бопай)
Кіші жүздің ішіндегі Әлімнің Кете руынан өрбіген бір ата − Тойқожа. Сол Тойқожаның ұрпағын шежірелерде және ел ішінде «Ақкете» деп те атайды. Бұл атау оларға Кетебике атты аналарының есіміне байланысты телінген.
Бопай ханшайым - Абылай ханның немересі, Қасым төренің қызы, Кенесары ханның қарындасы Бопай (Бопы) 1837-1847 жылдардағы Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтерілістің көрнекті тұлғасы. Қасым төреден туған Санжар, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай сияқты алты ұлдың ортасында ерке де еркін өскен Бопай ел ісіне ерте араласып, ақыл-көркімен жұрт аузына ілінген.
Төре Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына тұрмысқа шыққан Бопай одан алты перзент көрген. Ағасы Кенасары Ресей отаршыларына қарсы ашық күреске шыққан кезде, яғни 1837 жылы Бопай өзінің қайын жұртын көтеріліске қосылуға үгіттейді. Алайда, қолдау таппаған соң, алты баласын ертіп көтерілісшілерге келіп қосылады. Ел тағдыры сынға түскен шақта Бопай өзінің есейген балаларын жорыққа баулып, жауапты шайқастарға салып отырған. Бұған Бопайдың он жеті жасар баласы Төреханның (Нұрхан) қанды шайқаста ауыр жараланып, орыстардың қолына түскені айғақ (Е.Бекмаханов. Казахстан в 20-40 годы ХIХ века. − Алматы, 1947. 211-бет).
Бопай арнайы жасақталған 600 адамнан тұратын қолды бастап, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айырықша қажыр-қайрат көрсеткен. Ол сын сағаттарда қол бастап, қару алып, соғысқа да қатысады, тұтқынға да түседі. Соның бәрінде де ерлік-табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған.
Кенесары ханның қырғыз жеріндегі ақтық шайқасында Бопай бірге болған.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ырғыз бойында Бопай есімімен аталатын ауыл бар. Сол ауылдың іргесіндегі төбешік басындағы бейітте елінің азаттығы үшін арпалысып өткен Бопай-ананың рухы мәңгілікке дамылдап жатыр.
*Бұл деректе Бопай ханшайымды енді Кенесарының қарындасы деп беріпті.