10 Маусым 2013, 04:37
Бүгін 10 маусым заманымыздың заңғар жазушысы, түркі халықтарының маңдайына біткен қайталанбас қаламгер – Шыңғыс Айтматовты еске алу күні. Әлемнің 160 тілінде миллиондаған данамен кітаптары жазылып шыққан Шыңғыс Айтматов ХХ ғасырда оқырмандарының арасында жиі резонанс тудырған санаулы жазушының бірі.
Шыңғыс Айтматов (қырғызша: Чынгыз Айтматов) 1928 жылы желтоқсанның 12-де Қырғызстанның Шекер жерінде дүниеге келді. Ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты.
Ш.Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиладан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте жақын еді. Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т. Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған. Мұхтар Әуезовті өмір бойы пір тұтып өткен жазушы.
Шыңғыс Айтматов өзінің әлемді тамсандырған үздік, баға жетпес туындылары арқылы тек қырғыз халқының ғана емес, бүкіл түрк халықтарының әдебиетін биік белеске көтере білді. Әлем бұрын қырғыз халқын «Манасымен» таныған болса, 20-шы ғасырда Шыңғысымен тани бастады. Ол көзі тірісінде бүкіл адамзатқа ортақ болып саналатын құнды еңбектер жазып, сол арқылы жұртшылық арасында жиі резонанс тудырып отырды. Шыңғыс Айтматов өзінің сан-салалы шығармаларында Кеңестер одағы кезінде айтылмай жүрген шындыққа ден қойды және оны үлкен деңгейде жария етті.
Шыңғыс Айтматов шығармаларын қырғыз және орыс тілдерінде бірдей жазған қаламгер. Шығармашылық қызметтерімен қатар қоғамдық қызметтерді қатар алып жүрген жазушы 2008 жылдың наурыз айына дейін Қырғызстанның Франция, Бельгия, Люксембург және Нидерланды елдеріндегі елшісі қызметінде болды. Елшілікте жүрсе де Шыңғыс Айтматов үшін өмірде ең негізгісі әдебиет болып қала берді.
Ш. Айтматов түркі әлемінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ТҮРКСОY тағайындаған халықаралық көрнекті сыйлықтың тұңғыш лауреаты атанған.
2008 жылы маусымның 10 күні «Адамзаттың Айтматовы» атанған Айтматов 79 жасында Алманияның Нюрнберг қаласындағы ауруханада бүйрек ауруынан қайтыс болды. Жазушының мүрдесі маусымның 14 күні Бішкек қаласы маңындағы Чон-Таш (Шын-тас) ауылындағы «Ата-Бейіт» мемориалды-мұражай кешеніне қойылды. Сол күн Қырғызстанда ұлттық қайғылы күн болып жарияланды.
Baq.kz