6 Маусым 2013, 08:53
Балуандарды дәріптеу және ат қою
Балуандар күресін ел арасында күресі, белдесі, алысу, жекпе-жек, арысқа шығу, сынасу деп атайды.
Балуанның күрестегі дәрежесін көрсету мақсатында қолданылатын сөздерге: Бас балуан, Түйе балуан, Атан балуан, Нар балуан, Өгіз балуан, Сұңқар балуан, Тархан, Толағай балуан, т.б. жатады.
Балуан адамдарға қаратып айтылатын сөздер: дәу, мықты, шоң, тегі жай емес, жауырыны жерге тимеген, тізесі бүгілмеген, басынан адам аттатпаған, бітімі бөлек, өр тұлға, батыр, білегі кұшті, т.с.с. болып келеді.
Ал балуандардың қайрат-күшіне қаратылып айтылған сөздерге:
дүлей күш, алапай күш, қара күш, сұрапыл қайрат, жойқын күш, шым болат, көк құрыш, күш иесі, суйегіне біткен мол қайрат, т.б. жатады. Мысалы, Молдабай балуанның күшінің ерекшелігі туралы төменде айтылады:
... Оныкі жай күш емес, дарыған күш,
Далада малда жүріп көрген бір түс.
Аузынан көкжал арлан қасқыр кірген,
Адамға кез болмай ма керемет іс.
Балуандарға жеке жасырын ат беру дәстүрі де болған. Күресетін балуанның кім екенін жария етпес үшін, көбіне беттерін бояп немесе бетперде (маска) кигізген. Жеңген балуан қарсыласының маскасын шешуі арқылы өзінің жеңгендігін мойындатқан. Қажымұқанның бір өзіне «Батрак-Акмолинский», «Қара маска», «Черный Иван», «Маханура», «Алыпсоқ», «Шидем-Купінский», «Черный Замук», «Қызыл маска», «Қара Мұстапа», «Қара балуан», «Ұлтанқұл» (Қажымұқанның бала кезіндегі аты) деген аттар берген.
Осы жоғарыда келтірілген қысқаша көретініміз, халық арасында балуандық өнердің кең тарағандығын және балуандардың өздеріне, күресіп жеңулеріне үлкен мән берілгендігін байқаймыз.
Балуандарды салмақ және жас ерекшеліктеріне қарай бөлу
Қазақ күресінде ХХ ғасырдың басына дейін балуандарды салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшеліктеріне қарай бөлу болмаған. «Күш атасын танымас» деген қағидамен күрескен.
Буыны қатып, күші толған әр адам өзінің күш-жігерін сынау үшін күреске еркін қатысуына мүмкіндігі болған. Күреске шығушы күрес алаңына келіп, өзімен кімнің белдесуге шығатынын күтіп отырады. Онымен күреске шықпақ адамдар қанша болса, бәрімен күреседі.
Салмақ дәрежесіне, жас ерекшеліктеріне қарай бөлу ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап ене бастады.
1928 жылы Петропавл қаласында қазақша күрестен өткізілген жарыста салмақ және жас мөлшерлеріне бөлінген алғашқы ереже қабылданды.
1938 жылы Қазақстанда өткізілген 1-спартакиада балуандары үш салмақ дәрежелеріне бөлінді. Жеңіл салмақ – 65 кг-ға дейін, орта салмақ – 76 кг, ауыр салмақ – 76 кг-нан жоғары.
1940 жылы қазақша күрестен жарыс өткізу 5 салмақ жәрежесіне бөлінді. Олар: аса жеңіл, жеңіл, орта, жартылай ауыр және ауыр салмақтар.
1949 жылы М. Гуннер және М. Рахымқұловтар шығарған ережеде қазақша күреспен күресуге жасы 18-ге толған балуан жарысқа жіберіледі және төмендегі салмақ дәрежелеріне бөлінеді деп көрсетілген. Олар: жеңіл салмақ – 66 кг-ға дейін, орта салмақ – 82 кг-ға дейін, ауыр салмақ – 82 кг-нан жоғары.
1952 жылдардан бастап балуандар 8 салмақ дәрежесіне бөлінді.
1985 жылдары балуандар жас ерекшеліктеріне қарай төмендегідей топтарға бөлінді: жеткіншектер – 12-13 жас, жасөспірімдер кіші топ – 14-15 жас, ересектеу тобы – 16-17 жас, жастар – 18-19 жас, ересек тобы – 20 жас және одан жоғары.
2000 жылы бекітілген ереже бойынша балуандар 7 салмақ дәрежесіне бөлінеді: 58, 65, 73, 82, 92, 92 келіден жоғары және «Түйе балуан» салмақ дәрежелері.
Дереккөзі: «Қазақтың балуандық өнері», Елемес Әлімханов.