6 Маусым 2013, 08:48
Иса Байзақов:
«Қазір ол көрсетпек күш алуанын...
Жауырыны жерге тимеген балуаның.
Иеді рельсті білезіктей,
Қос нарды тоқтатады тізе бүкпей.
Қойғызып төбесіне күйген кірпіш,
Шақырып жігіттерді не бар ұрғыш.
Бес пұтты балғаменен соққылатып,
Сындырып...
Жайраң қағар тып-тыныш», -
деп Қажымұқанның Семей қаласында көрсеткен әр алуан өнерін жырлайды.
Қазақ күресінде белдесуді бастар алдында балуандардың бір-біріне кезек беру дәстүрі де кеңінен тараған. Өз күшіне сенімді балуан қарсыласына алдымен белдігінің қалаған жерінен ұстауына ерік берген. Былай етуі – өз күшіне сеніп, бәрібір сені жеңемін дегенді аңғарту.
«... – Ендеше қалаған жеріңнен ұста,- дейді Балуан Шолақ қыпшақ балуанына». Осыдан кейін өзіне оңтайлы жағдайға ие болған балуан жеңіліп қалса, онда жеңген балуанның мерейі еселеп өсіп, халық оның шын күш иесі екендігіне риза болып мадақтаған.
Кей жерлерде балуандарды атқа немесе түйеге мінгізіп, мақтап-мадақтап ауылдың сыйлы адамы алаңға бата беріп шығарады. Балуандар аттан түсіп жерге отырып қарсы жақтан балуан шығуын күтеді. Кім күресемін деп шықса оның жасының үлкен-кішілігіне, салмағының ауыр-жеңіліне қарамай күреседі. «Әлі жеткен алыпты жығады, шалыпта жығады» деген сөз осыдан қалса керек.
... Шоң бидің балуаны Жаманқараның күреске түсу ерекшелігі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев былай деп жазады: «... Жаманқара балуан мойнына қыл шылбырды күрметіп байлатады да, сол шылбырдың бір ұшын бір бозбаланы атқа мінгізіп, тақымының астына бастырып ұстатып «Өлсең де айрылма» деп айтады екен. Бір-екі бозбаланы атқа мінгізіп, қолына құрық беріп, құрықтың жіңішке басымен «құрайт, құрайт» деп құрықтың астына алып, аямай тарсылдатып өзін сабатады екен. Әбден бойы қызып, дуылдап алған соң, шылбырды жұлып кетіп, биеге шабатұғын айғырдай оқыранып барып күреске түседі екен. «Жылқы жыным бар», - дейді екен. Бұл бүйтіп түскен соң, мұнымен күрескен өлмей қалғанын зор ғанибет деп біледі екен.
Қазақ халқының арасында күш сынасып белдесудің тағы да бір түрі
болған. Оған Қажымұқан мен семейлік жас балуан Боранқұл Садырұлы арасындағы күш сынасуды келтіруге болады. Боранқұл Семейге келген Қажымұқанға барып, сәлем береді. Соңынан, «Аға, мен сізден бата алуға келдім, менің күшімді сынап беріңізші», - деп қолқа салады. Қажымұқан мақұл деп келіседі. Қажымұқанды қайыққа мінгізіп, қойы мен азығын салып, Семейдегі Ертістің ортасындағы сол кезде «Генерал аралы» деп аталатын жерге апарады. Екеуі әңгімелесіп, тамақтанып болған соң Боранқұл: «Аға, енді менің күшімді сынаңыз», - дейді.
- Екеуміз арқан, шалбар буынып, ұстаса кеттік. «Аға, сіз
қимылдаңыз, аямаңыз, сындырыңыз», - дейді жігітім. Ал өзі екі аяғынан жерге батқандай сілейіп қапты. Олай сілтедім, бұлай сілтедім, бірақ тұрған орнынан мызғыта алмадым.
- Енді сен қимылда, бала, - дедім. Жас жігіт «аһ!» дегені ғана
есімде. Содан соң шыр көбелек жөнелдім. Жігіт мені жерге түсіріп алмай, жай ғана көк шөптің тік бастырды. Мен мұндай керемет жігіттің бетіне сүйдім, - деп еске алады Қажымұқан. Осы күш сынасудан біз үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықты және күш иесін талассыз мойындауды байқаймыз. «Күш атасын танымас», - деп халық бекер айтпағандығын көреміз. Бұл қазіргі замандағы спорт саласындағы жастармызға да үлгі болатындай әңгіме. Жазушы Тұрсын Жұртбаевтың айтуына қарағанда осыған ұқсас күш сынасу жас балуан Әшке мен Қажымұқан арасында да болған.
Ел арасында «Қалмақ ойыны» деп аталатын бірін-бірі белдктен көтеріп күш сынасудың түрі болған. Осылай күш сынасу түрегеліп тұрып немесе отырған күйде де орындалған.
Дереккөзі: «Қазақтың балуандық өнері», Елемес Әлімханов.