9 Қараша 2012, 12:18
Соңғы редакциялау:
18 қазан 2012 жыл
ЕРКІН ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚ (ЕЭА) — белгілі бір аймақ территориясының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету үшін шетелдік инвестицияны, озық технология мен басқару тәжірибесін тарту мақсатымен құрылатын, нақты айқындалған әкімшілік шекарасы және ерекше заңды режимі бар арнайы территория. ЕЭА-ның шаруашылық мәселелерін шешуде кеңейтілген дербестігі болады, онда басқарудың ерекше тәртібі орнатылады, шетелдік және отандық кәсіпкерлердің экон. қызметі үшін жеңілдіктер жасалады. ЕЭА кейде мемлекеттің жалпы кедендік шеңберінен шығарылады. Сыртқы экон. қызметінің, кәсібінің, берілген еркіндіктің және шаруашылық жағынан мамандануының сипатына қарай еркін сауда аймақтары: экспорттық-өнеркәсіптік аймақ, технол. аймақ және кешенді аймақ болып ажыратылады. Еркін сауда аймағының негізгі мақсаты сауданы дамыту болып табылады. Сондықтан тауарларды сыртқа шығарып, шеттен әкелуге кеден салығынан босату, саудаға шек қоюшылықты алып тастау, тауарларды қоймада сақтауға және олардың жергілікті рынокқа бейімделуіне барлық жағдай жасау көзделген. Экспорттық-өнеркәсіптік аймақтар экспорттық өнімдерді шығаруды дамыту үшін құрылады. Олардың территориясында тиісті өнімдер шығаратын кәсіпорындар үшін кедендік баж салығы мен басқа да салықтар бойынша жеңілдіктер беретін арнайы кедендік режим қабылданады. Технологиялық аймақтарда зерттеу, жобалау және ғыл.-өндірістік фирмалар шоғырланады, олар салық және қаржы жағынан жеңілдіктердің бірыңғай жүйесін пайдаланады және тех., қаржылық және қаржылық емес сипаттағы әр түрлі қызмет атқарады. Кешенді аймақтар жекелей әкімш. құрылымдардың территорияларында шаруашылық қызметке ерекше жеңілдіктер беру тәртібімен құрылады. 20 ғ-дың 90-жылдарының ортасына қарай әлемде 1200-ге жуық әр түрлі еркін (арнаулы) экон. аймақ болды, оның ішінде: 400-і еркін сауда аймағы, 400-і ғыл.-өнеркәсіптік парк, 300-ден астамы экспорттық өндірістік аймақ және шамамен 100 шақтысы арнайы мақсаттағы аймақтар (офшорлық аумақтар, экология-экон. аймақтар, туристік орталықтар және т.б.). Мыс., Қытай Халық Республикасында жүргізілген әлеум.-экон. реформаларда арнаулы экон. аймақтар маңызды рөл атқарды. 1997 ж. Қытайда бес арнаулы экон. аймақ, 50-ге жуық ашық қалалар, ондаған еркін сауда, жаңа техника мен жоғары технологияны меңгеру, туризмді дамыту аудандары ел экономикасының серпінді өркендеуіне себепші болды. Қазақстандағы алғашқы ЕЭА 1991 ж. пайда болды: Жезқазған обл-ндағы Жәйрем-Атасу, Талдықорған обл-ндағы Жаркент, Алакөл және “Талдықорғанвнештранс” кәсіпорны, Қостанай обл-ндағы Лисаков қ. және Алматы қ-ндағы “Атакент” еркін сауда аймақтары. Сондай-ақ, бірнеше облыс (Атырау, Шығ. Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау) ЕЭА болып жарияланды. Алайда алғашқы тәжірибе қызмет етудің құқықтық және ұйымдық механизмінің жетілдірілмеуі салдарынан көзделген мақсатқа жетпеді, оларға қаржылық, салық және басқа мәселелерді шешуде қажетті деңгейде дербестік берілмеді. Қазақстан Республикасы Президентінің заңдық күші бар 1996 жылғы 26 қаңтардағы ғ2823 “Қазақстан Республикасындағы арнаулы экономикалық аймақтар туралы” Жарлығымен Қазақстанда тағы да 4 экспорттық-өндірістік тұрпаттағы ЕЭА құрылды: Лисаков ЕЭА (Қостанай обл., Лисаков қ.); Қызылорда ЕЭА (Қызылорда қ.); Ақмола ЕЭА (Астана қ.) және Жәйрем-Атасу ЕЭА (Қарағанды облысында).
ЕЭА-ны тек аймақтық проблема ретінде қарастыру олардың ел экономикасын дамытудағы рөлін жете бағаламауға әкеліп соқтырды.
Әлемдік тәжірибе ЕЭА-лар дұрыс құрылған жағдайда өндірістің дағдарыс пен құлдыраудан шығудың, шетелдік және отандық инвестицияларды тарту арқылы экон. тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі екенін көрсетеді. Ондай аймақтарда кедендік және салық салудың, қаржыландырудың, баға мен валюта бағамының ерекше тәртібі мен механизмдерін орнату әжептәуір қаржылық, материалдық, тех. және еңбек ресурстарын іске қосады. Нәтижесінде экон. әлует тезірек дамиды, валюталық түсімдер көбейеді, ішкі рынок бәсекелестік қабілеті бар тауарлармен және қызметтермен байи түседі, экспорт өседі.
С. Сатыбалдин
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том