Бірталай жылдан бері республикамыздың ең үздік басылымдарының қатарынан лайықты орнын меншіктеп келе жатқан астаналық «Фолиант» баспасы осы байқау қорытындысында ірі табысқа қол жеткізіп, екі бірдей беделді марапатқа ие болды.
Мерзімдік басылым, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің белді де беделді қазылары негізгі (басты, бас аталым) «Достастық» аталымында жеңісті «Фолиант» баспасы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығарған «Қазақстан – Ресей: мәңгі достық жолымен. Казахстан – Россия: дорогой вечной дружбы. Kazakhstan – Russia: Road of Eternal Friendship» кітап-альбомына байлады.
Былтыр Павлодар облысында екі мемлекет президенттерінің қатысуымен өткен Ресей мен Қазақстанның ІХ Өңіраралық ынтымақтастық форумына орай аймақ басшылығының қолдауымен жарық көрген бұл кітап екі республиканың көптеген өңірлеріне бірден тарап кетті. Басылым авторы – белгілі қазақстандық журналист, жазушы Анатолий Гурский. Нақышты безендірілген кітап беттерінде екі егемен мемлекеттің түбегейлі жаңа әріптестігінің жиырма жылдағы қарқынды дамуы көрініс тапқан. Нақты тарихи, қоғамдық-экономикалық мысалдар негізінде мемлекеттер қарым-қатынасының басты әрі даусыз мәні – қазақ және орыс халықтарының достығы мен бауырластық ықпалдастығы айқын көрсетіледі.
Байқау талаптары бойынша, лауреат атанған кітаптар биылғы қыркүйекте Мәскеу қаласында өтетін 26 Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің арнайы экспозициясына қойылады, содан кейін ТМД Тарих мұражайының кітап қорын байыту мақсатында Достастықтың Атқарушы комитетіне тапсырылады. Байқау дипломдарын тапсырудың салтанатты рәсімі де осы көрме-жәрмеңкеде өткізілмек.