29 Мамыр 2013, 11:21
«Дала уалаяты» газетінде Отыншы Әлжанов ХХ ғасыр басындағы қазақ ауылындағы той-жиындағы балуандар белдесулерін төмендегідей суреттейді: «... Бәйге аттары келгенше жиылған адамдар басшының шақырғаны бойынша аттарынан түсіп топтасып отырады. Бұлардың алдында қатарланып белсеніп күреске түсетұғын балуандар отырады. «Балуан, балуан!» деп басшы айқай салғанда топтың ішінен маң-маң басып, байпаңдап екеу шығады. Бұлар біріне-бірі қадалып қарап, өзді-өзінің қалай қимылдап жүргенін аңдып жүреді. Біраз тұрып, бұлар ұстаса кетеді., шаңдатып күрес салады. Қай жыққандарына ат, қой, бір шаршы шүберек береді. Жығылғаны елдің бәріне күлкі болып орнына қайтып барады.
Қашан балуандардың бәрі күресіп болғаннан соң, кім болса сонымен күресе салады. Ойын-тамашаны қызықтырмақ болып, шалдарды, балалар түгіл қатындарды да күрестіре кетеді. Сол кезде алыстан будақтаған шаң көтеріледі. Біраздан соң аттар бірінің артынан бірі шауып келеді», –деп жазады. Ал Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының күрес тарауында «... шекпенінің бір жеңін беліне қыстырып, жерден шөп жұлып алып, – деп балуанның киімін сипаттаса, ... қолы желкеден тиген жерде-ақ теріс қарай иіре бастады, жағадан тиген қолы тістей қатты, бойын қашыра берді, ішкі белбеуден алып, жамбастап, арқалап соғып жіберді. Шалайын деп еді, тарта алмады, итерейін деп еді, арқасына түсіре алмады, белбеуден алып көтерді, көтерді де сілкіді. Теріс айналдырып жіберіп, қырқадан шалып, доптай түсірді», – деп балуандардың қимыл-қозғалысын дәлдікпен бейнелейді.
Ас пен тойда өтетін бейбіт бәсекені былай қойғанда, кейбір қантөгіске апаратын жанжалды да балуандар бәсекесі арқылы шешекен мысалдар көптеп кездеседі. ХІХ ғасырдың ора кезінде қырғыз ханы Орман қазақтың Кекілік-Сеңгір, Қаракемір секілді шұрайлы жерін тартып алу ниетімен қазақ еліне келеді. Оны жекпе-жек жолымен шешуді ұсынады. Сенгені өзге бір қырғыз тайпасынан Қабан деген түйе балуанды жалдап әкеледі. Бұл кезде Шыңғысбай, Бекенай балуандардың шау тартқан кездері болса керек. Үш күн бойына Қабанға қарсы қояр жігіт табылмайды. Ақыры Шыңғысбайдың ағасы Жанжігіттің Күреңкей дейтін ұлы намысқа тырысып, жекпе-жекке шығуға бел байлайды. Алдын ала жасаған уәде бойынша, осы жолы жекпе-жек жер дауының тағдырын шешуге тиіс болған. Кімнің балуаны жықса, жер соныкы деп серттеседі. Жастығына қарамастан Күреңкей сәті түскенде Қабанның мойнына қолын шап орап, қылқындырып жүріп жығыпты.
Осыдан былай Орман хан қазақ жеріне көз сұғуды біржола доғарыпты.
Кейін Кенесары Кекілік-Сеңгірге ат басын тірегенде: «Орманмен жасасқан антымыз бар», – деп Қыбырай елі түгелдей тау ішіне сіңіп кеткен деседі қариялар.
Дереккөзі: «Қазақтың балуандық өнері», Елемес Әлімханов.