29 Мамыр 2013, 11:04
Әр аймақта күресу тәртіптері де әртүрлі болып келген. Кеудені жалаңаштап немесе киіммен күресу жергілікті жердің климаттық ерекшелігіне де байланысты болған. Күресу шартын балуандар алдын ала өзара келісім бойынша белгілеп отырған. Ел арасында ауызша тараған күрес ережелері қатаң сақталып, оны толассыз мойындаған. «Күш атасын танымас» деген қағидаға сүйеніп, балуандарды жас ерекшеліктеріне және салмақ дәрежелеріне қарай бөлмеген. Батырлар жекпе-жекке шығар алдында бір-бірінен: «Алыспақ керек пе, әлде жұлыспақ керек пе?» деп сұрауларының өзі сайыстың қай түрі болса да дайынмын деуді білдіреді.
Белдесу кезінде «ер кезегі үшке дейін», «итжығыс», «жол беру» сияқты тәртіптер де қолданылған.
Күшті балуанға қаратылып айтылатын «Жауырыны жерге тимеген балуан», «Тізесі бүгілмеген балуан» деген сөздер осы кезге дейін сақталған.
Күрес өнеріне байланысты деректер көне аңыз-ертегілерде, батырлар жырларында көптеп кездеседі. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісіндегі Таусоғар балуанға ешкім тең келмеген соң, ол бір тауды көтеріп алып, елге күшін көрсетеді.
... Ей, Ер Төстік шырағым.
Батыр ең барыс жүректі,
Түспейсің бе күреске,
Түрініп жеңді, білекті,
Алысарсың, жығарсың,
Алқымынан сығарсың, – деген жыр жолдарында күресу кезінде балуанға әртүрлі әрекетке тыйым салынбағандығы көрінеді.
«Күн астындағы Күнекей қыз» ертегісіндегі балуандар үшін арнайы күн белгілеп, кім күресіп жығып күшін асырса, әкесі қызын соған бермекші болады...
«Ұшар ханның баласы» ертегісінде баланың дәулермен күресі баяндалады. Осы күресте балуандардың бір-біріне кезек беріп күресуі жақсы көрсетілген:
... Ұшар хан деген ханның шаһарында Жандыбатыр деген шығыпты, сол батырмен күрескелі бара жатырмын, – дейді дәу.
– Олай болса мені жықсаңыз, Жандыбатырды да жыққаныңыз, ең әуелі менімен күресіңіз, – дейді бала.
– Мен саған ұқсаған қаңбақтай адамдармен күреспейтін дәумін, сендермен күресу – маған ар, ұят, саған бола атымнан түсіп әуре болар жайым жоқ.! – дейді дәу.
– Дәуім, босқа әуре болуға барасың –ау, жолың болсын! – дейді де, жүре береді бала.
Бұл сөзге намыстанып, дәу балаға қайтып келеді. Баламен күреске түскенде, бірінші кезекті: «Қапыда болып, арманда кетерсің!» – деп, балаға береді. Бала дәуді аспанға үш рет атып жіберіп, үш рет қағып алады. Кезек дәуге келгенде, дәу баланы көтере алмай, екі мұрнынан дір етіп қан кетеді.
Сонан соң дәу:
– Мен саған ризамын, мен дәумін деп жүрсем, менен де зор дәулер бар екен, – дейді...
Күрес – жер шарын мекендеген барлық халықтар арасында кеңінен тараған екі адамның жекпе-жек бәсекесінде күш, әдіс-айла, қажыр-қайрат сыналатын дене тәрбиесінің бір түрі. Бұдан мыңдаған жылдар бұрын арғы ата-бабаларымыз өздерінің жауларын, жеңу үшін белгілі бір күрес тәсілдерін пайдалана білген. Жер бетіндегі барлық халықтарда күрес өнері кең тараған, ал гректер күресті олимпиадалық ойындардың бағдарламасына енгізген. Көптеген археологиялық ескерткіштерде, көне тастағы таңбаларда күрес әдістері бейнеленген. Біздің дәуірімізден үш мың жыл бұрын салынған Бени-Гассан жеріндегі перғауынның табытындағы суреттерден Мысыр жауынгерлерінің ең маңызды жаттығуларының бірі күрес болғандығын көреміз. Белдіктен ұстап немесе белдесіп күресу түрлерінің де тарихы өте көнеден бастау алатындығы байқалады. Балуандық өнер көне Грекия жерінде жақсы дамығандығы туралы деректер көп. Грекияда пайда болған олимпиадалық ойындардың негізгі түрі ретінде балуандар арасында жарыстар өткізілген.
Дереккөзі: «Қазақтың балуандық өнері», Елемес Әлімханов.