29 Мамыр 2013, 05:42
Р.Бердiбаевтың «Роман және заман» /1967/, «Дәстүр тағылымы» /1978/, «Аңыздан романға» /1976, орыс тiлiнде/, «Биiк парыз» /1980/ секiлдi еңбектерiнде қазақ прозасының елеулi мәселелерi қарастырылды. «Қазақ тарихи романы» /1980/ монографиясында ғалым роман туралы бұрын айтылған ойларын одан әрi дамытты. Дәстүр жалғастығы мен әдеби процесс мәселелерiне байланысты автор бұған дейiнгi еңбектерiнде де толымды талдаулар, жинақтаулар жасаған болатын. Кейiнгi еңбектерiнде автор бұрын байыпталған ғылыми тұжырымдарын жаңа арнаға салып, толықтырып, өзектi жаңа мәселелермен байытып, қазақ прозасының дамуы туралы соны ойлар ұсынды. Р.Бердiбаев тарихи проза жанрының тарихи роман, тарихи – биографиялық роман, тарихи – революциялық роман, роман – хроника, тарихи – ұлттық роман сияқты саларға жiктелетiндiгiн көрсетiп, әр сала аясына жататын шығармаларды арнайы қарастырды. Ғалым роман – хроника қатарына І.Есенберлиннiң тарихи трилогиясын жатқызды. Кей романдарға қатысты автор аңыз – роман /роман – притча/ деген атауды ұсынды. Ә.Әлiмжановтың тарихи романдарын тарихи – публицистикалық роман тобында қарайды. Ал С.Мұқановтың – Ш.Уәлиханов, Д.Әбiлевтiң – С.Торайғыров, С.Жүнiсовтың – Ақан серi, А.Тоқмағамбетовтiң Сыр бойы ақын – жыраулары, Т.Әлiмқұловтың – Махамбет, Ақан серi, Сәкен, Ывқылас, Тәттiмбет, Сүгiр, Сейтек туралы туындыларын тарихи – биографиялық шығармалар қатарына жатқызды. Ә.Кекiлбаевтың «Аңыздың ақыры» романы мен мен Д.Досжановтың «Жiбек жолы» шығармасын тарихи өткен дәуiр туралы романдар типiне қосты. Ә.Кекiлбаевтың романының «жабық романдарды» еске салатынын атап өтiп, өзiнiң бiтiмi жағынан бұл шығарманың «философиялық романдардың да реңiн танытатынын» анықтайды.
Көркемдiк дәстүр мен әдеби процесс мәселелерi, әдеби шығарманың көркемдiк – идеялық, эстетикалық жарытылысы туралы 80 – жылдардағы әдебиеттану ғылымының жаңа бiр жетiстiгi академик З.Қабдоловтың «Мұхтар Әуезов және оның әсемдiк әлемi» /Алматы, 1986/ атты еңбегi болды. Еңбекте М.Әуезовтiң өмiрi мен өнер жолы, оның шығармашылығындағы дәстүр мен жалғастық, ұлы суреткердiң творчествосының жанрлық құрамы мен тақырыптық, идеялық тұтастығы, алуан қырлы шеберлiк сырлары әңгiмеленедi.
60 – 80жылдардағы зерттеулерде әдебиет дамуындағы жалғастық, дәстүр мен оның жаңғыруы секiлдi мәселелердi зерттеуге арналған еңбектер кеңiнен көрiнiс бердi. Әдебиеттану ғылымында дәстүр, оның жалғасуы туралы академик М.Қаратаевтың әр жылдарда жарық көрген еңбектерiндегi ғалымның тұжырымдары социалистiк реализм аясында болғанымен, нақты қаламгерлер туралы пiкiрлерi маңыздылығын жойған жоқ. Ғалымның бұл саладағы еңбектерiнде дәстүр мен жалғастық мәселесi әр қырынан қарастырылды.