29 Мамыр 2013, 05:41
Дәстүр мен жаңашылдық. Түр мен жанр iзденiстер арқылы даму сипатына ие болды. Халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы ерлiгiн көркемдiк тұрғыдан зерттеп, қаһармандық жасау психологиясын, философиясын ашуға ұмтылыс жасалды. Ұлы Отан соғысы тақырыбы соғысты басынан кешкен М.Ғабдуллиннiң «Менiң майдандас достарым» /1947/, Б.Момышұлының «Төлеген Тоқтаров», «Бiздiң генерал» /1963/, Ә.Шәрiповтiң «Ормандағы от», Қ.Қайсеновтың «Жау тылында» /1967/, партизан ақын Ж.Саинның «Жорық жолдары» /1970/, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесiн» /1973/, Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» /1970/, «Ақиқат пен аңыз» /1976/, С. Мәуленовтың «Жеңiс жүрек» /1985/, Т.Бердияровтың «Оқ пен гүл» /1967/ сынды туындылары публицистикалық толғау, роман, повесть, әңгiме, т.б. алуан жанрда жарық көрдi. Ұлы Отан соғысы жастық шағы сол кезеңге сәйкес келген ұрпақ өкiлдерi Б. Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейдi» /1967/, Н.Ғабдуллиннiң «Жiгер» /1983/, М.Мағауиннiң «Бiр атаның балалары», Д.Исабековтың «Бiз соғысты көргемiз жоқ», С.Мұратбековтың «Жабайы алма» повесть – романдарында, Е.Ибрахимнiң «Өмiр өлмейдi» /1963/, Ө.Нұрғалиевтiң «Соғыстың соңғы жазы» /1978 – 1984/, т.б. поэмалар мен өлең кiтаптарында көрiнiс тапты.
Бұл жылдарда жарияланған экология мәселелерiнiң жалпы адамзаттық мәнiне көңiл аударыла бастады. Экологиялық күйзелiске ұшыраған ауылдың экономикалық, әлеуметтiк, философиялық тұжырымы Т.Ахтановтың «Дала сыры» /1968/, «Боран» /1968/, Қ.Жұмадiловтың «Саржайлау» /1978/, «Сәйгүлiктер» /1984/, С.Жүнiсовтiң «Жапандағы жалғыз үй», Д.Исабековтың «Гаухартас», С.Шаймерденовтың «Селдiң екпiнi» /1977/, З.Шашкиннiң «Сенiмң», І.Есенберлиннiң «Көлеңкеңмен қорғай жүр», т.б. шығармаларда көрiнiс тапты. 1960 – 90 жылдары жарық көрген Т.Әлiмқұловтың «Ақбозат» /1962/, «Кертолғау» /1973/, «Тұлпарлар тағдыры» /1975/ жинақтарына өнер адамдары мен тарландар тағдыры арқау етiлдi.
Прозада лирика мен эпика, реалистiк, романтикалық әдiстер үйлесiп, дерек пен ойдан шығару түйiндесiп жатты. Ә.Әлiмжановтың «Отырардан келген сыйлық» /1964/, «Махамбеттiң жебесi» /1960/, О.Бөкеевтiң «Қамшыгер» /1970/, «Ән салады шағылдар» /1978/, Т.Әбдiковтың «Ақиқат» /1978/, С.Елубаевтың «Ойсылқара» /1972/, Т.Жармағанбетовтың «Соңғы хат» /1974/, Д. Исабековтың «Қарғын» /1980/, «Тiршiлiк» /1975/, Ә.Кекiлбаевтың «Дала балладалары» /1967/, «Шыңырау» /1982/, М.Мағауиннiң «Көкмұнар» /1972/ жинақтарында жанрлық, стильдiк соны iзденiстер байқалды.