29 Мамыр 2013, 05:00
Қостанай шаһарының Красный Кузнец көшесі, 50-үйде тұратын 65 жастағы көпті көрген азамат Әбдірахман Бекмағанбет өзімен болған бір сырласуда Дінмұхамед Қонаев ағамыз кезінде дәм татқан қазанды көзінің қарашығындай сақтап отырғанын айтып қалды.
Бұл аңқылдақ мінезді Әбекеңнің Меңдіқара ауданындағы Краснопреснен елді мекенінде шаруа қожалығының жетекшісі болып жүрген кезі екен.
Қазақ болған соң, той-жиын, салтанатты басқосу өтпей тұрмайды. Сондай кездері үлкен қазан кейде таптыра бермейді. Бір күні ол өздеріне сондай кәдеге жарайтын затты іздес-
тіре бастады. Бірде сол ауылдағы Батыр есімді
күйеу баласымен кездесіп, сөйлескенде осы маңда бау-бақша өсіретін Виталий Плешковтің үйінде дәу қазанның бар екенін айтып қалады.
Виталий аға мен зайыбы Алла Александровна ерлі-зайыптылар Әбекеңді жылы қарсы алып, «Сенің іздегенің бізден табылады. Бірақ ол жай қазан емес. Сонау бір жылдары белгілі ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың өзі дәм татқан қазан. Оған сенің ақшаң жетер ме екен?» дейді.
Әбекең: «Осы уақытқа дейін бар жиған-тергенімді, бүкіл шаруашылығымды сатсам да өзіңіздің қолыңыздағы қазанды ырыммен сатып алуға дайынмын» деді шын пейілмен.
Орыс шалы Әбекеңді жанына ертіп алып, аулаға қарай бастайды. Әлгі іздеген қазан қораның бір шетінде ағаштан жасалған діңгектің үстіне қойылыпты. Беті темір қақпақпен жабулы. Оның бір бүйіріндегі «1836 жыл» деген жазу мұның көзіне оттай басылды. Арада қаншама жыл өтсе де темірді тот баспаған, іші-сырты тап-таза, тап-тұйнақтай. Қожайындарының оған ерекше бір ұқыптылықпен, жана-
шырлықпен қарағаны сезіледі.
Әбдірахман аға іздеген қазанын көзбен көріп, көңілі орнына түскен соң, Дінмұхамед Қонаевтың бұл ауылға қашан келгені және қандай жағдайда дәм татқаны жөнінде сұрағын да қойып үлгерді.
1968 жылдың қоңыр күзі еді. Бұл уақытта егін пісіп, ораққа түсе бастады. Ел басшысы облыстағы жауапты науқанның барысын көзімен көру үшін осында арнайы келген екен. Жергілікті атқамінерлер мәртебелі қонақты әлгі әңгімеге арқау болған Краснопреснен елді мекеніндегі жасыл желекті бау-бақшаның ішінде түстік ас беру үшін дастарқан жаймақ болады. Алматыдан келіп отырған ұлы тұлғаны қарсы алып, құрмет көрсету мақсатында жергілікті азаматтардың бәрі де құрақ ұшып жүгіріп жүр.
Осы арада бір тоқтала кетер жай, Виталий ақсақал республиканың бірінші басшысын көптен бері бетпе-бет бір рет көруді армандайтын. Бірақ соның сәті түспейтін секілді көрінді. Алайда басшыларға оны айтуға бата алмады.
Шал көп аялдамастан өзінің сыйлас бір досының үйіне барып, шай үстінде сыр шертіседі. Оның шаңырағы әлгі мәуесін төгіп тұрған бау-бақшаның жанында еді. Ол замандасының отбасында әңгімелері енді қыза берген сәтте, кенет сырттан: «Виталий Николаевич! Сізді партком хатшысы шұғыл шақырып жатыр! Тезірек есіктің алдына шығыңыз!» деген сөзді құлағы шалады. Шаруашылықтағы екінші басшысы шақырып жатқан соң, қалай шыдап отырсын. Дереу далаға атып шықты.
Хатшы: «Виталий Николаевич, мен де орындаушымын. Сізді мәртебелі Қонаевтың
өзі іздеп жатыр» деп сөзді қысқа қайырды.
Алматыдан келген мейманның жанында жүрген аудан басшысы мұны көрген соң: «Дінмұхамед Ахметович! Сіз әлгінде іздеген кісіңіз де келіп қалды!» деп, мұны саусағымен нұсқады.
Орыс мұжығы сол сәт өңім бе, түсім бе дегендей, бір орнында абдырап тұрып қалды. Дәл алдындағы күнделікті газеттен оқып, суретін көріп жүрген Қонаевтың нақ өзі екендігіне көзі әбден жетті.
Бұл оған жақындаудың орнына бірінші хатшының өзі қасына келіп, шынайы ықыласпен: «Мына үстелдегі қойылған жемістер осы бақта өсті дегенге, шынымды айтсам, сеніңкіремей тұрмын. Маған жасырмай бәрін де айт. Мынау көздің жауын алатын алма, алмұрт Алматыда өсетін жемістерден еш кем емес» деді.
Сол кезде қарсы алдында өзінің адал еңбегімен күнін көріп жүрген маманның шын жүректен шыққан сөзіне сенген Дінмұхамед
аға диқанның қолын қысып: «Ризамын. Адалдығыңыз үшін рақмет. Міне, осындай бейнетқор кісілердің арқасында қазақтың құлазыған кең даласы жайнаған жасыл баққа айналды» деп мұның арқасынан қақты.
Әлгі шойын қазанға сол жолы бау-бақшаның ішінде ет асылып, одан мемлекет қайраткері дәм татты. Ол содан бері оны ешкімге бермей келген болатын. Әйтеуір Әбекеңе қалай көніп қалғанын өзі де сезбей қалды. Бұған келгенде жүрегі жібіп: «Саған берейін. Бірақ есіңде ұста, оны көзіңнің қарашығындай сақта. Қадірін біл!» деп қатты ескертті.
Содан бері өздері ғана емес, сол аймақтағы ағайындар да қара қазанның рахатын көрді. Жеміс-жидек қыс бойы дастарқандарынан үзілген жоқ. Соғымға келген қонақтар да дәмін татып, алғысын жаудырып жататын.
Осы әңгімені баяндап берген Әбдірахман аға Виталий Николаевичтан үлкен қазанды 2000 жылы көктем айында алған екен. Бекмағанбеттер әулетіне Қонаев дәм татқан қазан құтты болды. Тайқазанға 120 литр су кетеді. Осы уақытқа дейін аталған шаңырақтағы тойлар-дың бәрінде де жұртшылыққа қызмет етті. Әбекеңнің жан жары қолы ашық, жүрегі жомарт Ұлдан жеңгеміз екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, үлкен қазандағы астан жұртқа ауыз тидірді.
Айтпақшы, осы қазанды бұларға сыйға тартқан Виталий Николаевич пен оның кемпірі Алла Александровнаның кейінгі тағдырына тоқталатын болсақ, олар сол баяғы бау-бақшаның қасындағы үйлерінде жұрт қатарлы ғұмыр кешіп жатыр.
Жақында Әбдірахман ағамен тағы да жолықтым. Ол да кітап жазып, шығармашылықтың барлық тауқыметін бастан кешіріп жүрген асыл ағаларымыздың бірі құнды жәдігерді облыс орталығындағы мұражайлардың біріне тапсырмақ ниеті бар екендігін айтты.
Оразалы ЖАҚСАНОВ, "Айқын"