27 Мамыр 2013, 04:45
Ақмола облысының гербі (1878), 2 үшкір мұнаралы, ортасында күмбезі бар, жасыл қалқанға орнатылған күміс түсті ескерткіш. Қалқанның жоғары жағына алтын жарты ай бейнесі қойылған. Қалқан Көне Патша тәжімен айшықталып, Александр таспасымен біріктірілген алтын түсті емен жапырақтарымен көмкерілген.
Ақмола ресейді Орталық Азиямен байланыстыратын транзиттік тармақ ретінде сауданы, өнеркәсіп пен мәдениетті дамыту үшін өте ыңғайлы болды. Алыс-беріс сауда-саттық Ақмола 1868 жылы облыс әрі уезд орталығы болған кезде тіпті жандана түсті. Қаланың көлік қатынасындағы және жергілікті саудадағы рөлі артты. Петропавлға және Сібірдің қалаларына жол тартқан керуендер тауарларын ақмолалық көпестерге жиі өткізе бастады. Бұл Ақмладан кеденнің және гильдиялық салықтың болмауымен де байланысты еді.
Ақмолада Константинов және Дмитриев жәрмеңкелері ашылды. Алғашқысы 21 мамыр – 10 маусым, екіншісі 22 қазан – 22 қараша аралығында өткізілген. Жәрмеңке қазақ даласында бірнеше мән-мазмұнға ие болғаны белгілі. Ол алыс-берістің ыңғайлы орыны болуымен қатар мереке-думанның да ошағы еді. Орта Азиядан, қытай және Үндістаннан жеткізілген кездеме, киім-кешек пен жеміс-жидек алушысын таппай қалмайтын. Еуропаға тән шыны, темір бұйымдар мен ине-жіп – елдің, опа-далап, сырға-моншақ – қыздың зәру заты еді. Жәрмеңкеде көрікті қыз-келіншек білегін түріп сапырған сары қымызға бусанғандар қымызшы қазақ қызының сұраған пұлын беріп, бұйырсын деп жүре берген. Сарыарқаның малдылары мен қалталылары түгелге жуық жиналып, атақты балуан, әйгілі әнші-күйші, арқалы өнерпаз думанын асыратын сол жәрмеңкелер орны қазіргі Шұбар шағын ауданының жері екен.
1870 жылдары Ақмолада көшпелі шаруашылыққа деген сұраныс ұлғая түсті, жыл сайын 80 мыңға дейін қара айдалды. Жергілікті халық арнайы түйе өсіріп, жүкшілікті кәсіп етті. Бұл өңірді керуендер шарлады. Керуендер қалаға жақын жерде орналасты. Саудагерлер жергілікті халықтан киіз үйлерді жалға алып, оны дөңгелетіп тігіп, ішінде қызу сауда жүрді.
1871 жылы Ташкент жәрмеңкесінің ашылуы Ақмоланы ресей және Орта Азия мемлекеттерімен байланыстыратын негізгі сауда жолының ірі орталығына айналдырды. Әсіресе, Ресейден, Орта Азиядан тауарлар көптеп әкелінетін және сатылатын жаз, күз айларында керуендер мол өтіп, үлкен жәрмекелер ұйымдастырылды. Бұл кезеңде Ақмола кең байтақ дала өңіріне зор ықпал етті. Бұл жерде айырбас сауда жүргізілді.
Ақмолалық ауыл шаруаларының жемісті жұмысы көптеген қалалықтар мен қала айналасындағы ауылдар халқының да егін шаруашылығымен айналысуына қызығушылығын туғызды. Осылай Ақмола маңында егін шаруашылығы да дами бастады. 1871 жылы Ақмолада бес жел және бір су диірмені болған.
Саудагерлер арасында ағайынды Қосшығұловтар – Құрманғали, Нұркен, Уәли және Мұқан танылған. Олардан басқа Ғалиасқар және сыздық Халифандар, Андриан және Матвей Кубриндер, Нұркен Забиров, Иван Силин, Петр Моисеев әйгілі болған. 1880 жылы алғашқы өндіріс ошақтары – екі май балқытатын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген.
1890 жылы Ақмола уезіндегі жәрмеңкелерде 8 миллион 73 123 рульдің саудасы жасалған. Әкелінген мал әуелде 1 миллион 525 129 рубльге бағаланса, сауда барысында 160 мың рубльге асып түсіпті. Жәрмеңкелердің ішінде Ақмоладағы Константинов, Атбасардағы Петров, Петропавлдан 110 шақырым жердегі Тайынша жәрмеңкелерінің сауда айналымы ауқымды болды. Оларға көпестер мен дәулеттілер сібір мен ішкі ресейден, Түркістан мен Қоқаннан керуен жөнелтті.
1917 жылға қарай облыста 100-ге жуық жәрмеңке, 50-ге тарта сауда орындары жұмыс істейді. Осынау жәрмеңкелерде қазақтың айтулы өнерпздары Балуан Шолақ, қажымұқан, Майра, Біржан сал, Ақан сері секілді тармандары өнер көрсеткен.
Шаруашылықтың өркендеуі рухани саланың жедел дамуына себепші болды. 1880 жылы бір класты үш училище, мешіттің жанынан татар мектебі білім берді. 1895 жылы 15 ақпанда бұрын жабылып қалған қазақ мектептері қайтадан ашылды. 1897 жылдың 29 мамырында Ақмола, Семей және Жетісу уездері бірнеше учаскеге бөлініп, әрқайсына дәрігер, фельдшер, фельдшер-акушерка әйел тағайындалды. Оларды дәрігерлік инспекторлар іріктеп, әскери губернаторлар бекітті.
1898 жылы 3 қалалық, 12 шіркеу – приход мектебі мен бірнеше ауыл шаруашылығы училищелері болды. Білімді дамытуда жаңа прогрессифтік ойды жеткізушілер-саяси қоныс аударушылар маңызды роль атқарды.
Дереккөзі: «Астана» кітап-альбомы (классикалық энциклопедия, 2012 ж)