25 Мамыр 2013, 08:11
ӨСКЕМЕН қ. Жалпы жұмыс өтілі 89 жыл
Кейде кәсіптің өзі адамды таңдайтын сәттер болады екен. Оспановтар отбасының авиациямен байланысты болуын аспанның өзі алдын ала шешіп қойған сияқты.
Сонау 1963 жылы аспанның шексіз-шетсіз кеңістігі Тәжі Момынжанқызы Оспанованы өзіне тартқан еді - осылайша, Өскеменнің әуе тасымалдау ұйымының авиа жасақ қызметінің құрамында оның бұлтпен таласқан еңбек жолы басталды. Әйелге тән емес кәсіп оны бірден еліктіріп әкетті.
Аспан таңдаулыларды ғана өзіне тартады. Тәжі Момынжанқызының ұлы Ербол Оспановтың қызметтік тізімі осының дәлелі бола алады. Ол кеңестен кейінгі кезеңде алғашқы болып Боинг-747 әуе кемесін жүгендеген. Ал 1992 жылы асқан шеберлігі үшін ерекше құрметке ие болып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ұшағының экипажын басқарды.
Аспан батыл жүректі, өзінің қиын да қауіпті кәсібін беріле сүйген адамдар үшін құшағын жайып, нағыз батырларды тәрбиелейді. Міне, Оспановтардың қанатты әулетінің үш бірдей ұрпағы өз тағдырын аспанға ұмтылған күміс қанатты үшақсыз елестете алмайды.