Шал Құлекеұлы -1

Адамға нағыз дәулет - перзент пен мал, жүйрік ат, түзу мылтық, сұлу әйел.

Бақыт, бақ-дәулет туралы

Қазаққа пайда мынау: малын бақсын,

Отқа жайып, суарып, бағып-қақсын.

Алдынан - мал, үстінен - үйі кетсе,

Кеуек қардың үстінде қалай жатсын.

Еңбек туралы

Жастық өтер, кәрілік жетер.

Адам өмірі туралы

Бардан жарлы болғандар болар арлы.

Байлық-кедейлік туралы

Аққу құс - көлдің көркі, ер жігіт - елдің көркі.

Ер жігіт туралы

Ашуланшақ келеді жарлы кісі.

Байлық-кедейлік туралы

Тілек: ағайының көп болсын, бірлігі оның бек болсын, жамандық жер кез болса - бір-біріне сеп болсын.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Елу - ердің жасы, жетпіс - оттың басы, сексен - шоқтың қасы.

Адам өмірі туралы

Ер азса - ел азар.

Ел, халық туралы

Дүние - шолақ, жан - қонақ.

Дүние туралы

Байлауы жоқ шешеннен - үндемеген есті артық, бәйгі алмаған жүйріктен - белі жуан бесті артық.

Пайдасыздық, керексіздік туралы

Ханнан тақыт таярда - қараша жұртпен хас болар,

Байдан бақыт таярда - дәулетіне мас болар.

Кәріден абырой таярда - аңдығаны ас болар,

Жетесіз туған жігіттер - жиырма бесте жас болар.

Адам өмірі туралы

Иман - қой, ақыл - қойшы, нәпсі - бөрі.

Дін, иман туралы

Анасын көр де - қызын ал, аяғын көр де - асын іш.

Әйел, ана туралы

Жеңілсе дұшпан - достық қыл.

Достық туралы

Пұт болдым деп мақтанба, одан да асқан батпан бар.

Тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы

Кәрілік - күлге аунаған кәрі бура.

Адам өмірі туралы

Қатын шайпау болғаны - болмағаны, келін шайпау болғаны - оңбағаны.

Әйел, ана туралы

Елу - ердің жасы екен, алпыс - бір сұмдықтың басы екен.

Адам өмірі туралы

Адамға талай жерді көрген артық,

Танысып әркімдерді білген артық.

Мысырға патша болып тұрсаңдағы,

Болмайды туып-өскен жерден артық.

Отан, туған жер туралы

Пайдасы жоққа жалынсаң - семіз бір жемқор малмен тең,

Жақсы қатын алсаңыз - алланың жауған нұрымен тең.

Әйел, ана туралы

Шешен сол - сөйлер сөзден қамалмаса,

Жақсы сол - істер ісін тәмамдаса.

Адамгершілік туралы

Дүние деген осы: ешкімнің емес досы.

Дүние туралы

Байлауы жоқ шешеннен - үндемеген епті артық,

Бәйге алмаған жүйріктен - белі жуан бесті артық.

Пайдасыздық, керексіздік туралы

Өткен қайтып келмейді, алғанын құдай бермейді.

Адам өмірі туралы

Ағайын жат болады алыс болса,

Жат та жақын болады - таныс болса.

Дұшпан түгіл достарың табалайды,

Аяғың бір нәрседен шалыс болса.

Ағайын-туыс туралы

Майда бол жігіт болсаң тал жібектей,

Жарамайды қатты болу тікенектей.

Білімің болсадағы ұшан-теңіз,

Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей.

Еңбек туралы

Кедейлік - ер жігітке намыс емес, жоқ болсаң - досың дағы таныс емес.

Байлық-кедейлік туралы

 Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы