22 Мамыр 2013, 05:02
«Қарамырза»
«Қарамырза» — ойыны басталмас бұрын ойыншылардың алдын ала өзара келісулері бойынша белгіленген ереже хабарланылып қойылады. Біраз уақыттан соң жүргізуші ойнаушыларға бірден «Ойнаймыз» дейді. Барлығы «Ойнаймыз» деп дабырласып отырып, қатарлас отырған бірі екіншісіне «Ассалаумағалейкум, қарамырза»— деп қалады. Сәлем алушы байқамай «Уағалайкуммуссәләм»,— дейді. Ал ойын тәртібі бойынша «Уағалайкуммуссәләм, бірінші қарамырза»—деп жауап беруі керек. Олай демеген әлгі адам жазаланады да, айып тартады.
Осылай шатастыру үшін қатар отырғандар бірін-бірі аңдиды. Әр амандасу сайын қарамырзалардың саны екінші, үшінші, төртінші т. б. болып көбейе береді, ал жауап берушілер санынан жаңылмаулары керек.
Сөйтіп, аздан соң ойыншылар дұрыс жауап бергендері — «Тазалар» деп, дұрыс жуап бермегендері—«Қаралар» болып екі топқа бөлінеді. Содан «Тазалар» «келісіп», «Қараларға» жаза белгілейді. «Қаралар» өнерлерін көрсетіп, жазасын орындаған соң, ойын қайта басталады да, одан әрі жалғаса береді.
«Монданақ»
«Монданақ» — үлкен кең бөлмеде немесе жазық көгалды алаңда ойналатын ойын, қатынасушылардың саны 15—20 адамнан аспауы керек. Бұл ойынды қыз-келіншектер араласып ойнай береді. Ойынға екі қабатталып есілген орамал керек. Ойыншылар аяқтарын ілгері созып, тізесін сәл көтеріп, шеңбер бойына дөңгелене отырады. Бүгілген тізелерінің астынан әрі-бері жүгірткен кезде орамал болуы керек, аяқтарының бастары шеңбердің ортаңғы нүктесінде түйіседі, тап сол жерде ойын жүргізушінің өзі отырады. Осы кезде қолында орамалы бар ойыншы ортада отырған ойын жүргізушіні орамалмен жонынан тартып қалып, тез тізесінің астынан өткізе сала: «Әне кетті монданақ, міне кетті монданақ»,— деп әндетіп қоя береді. Бұл дауысқа барлың ойыншылар қосылады. Ал ортада отырған жүргізуші орамалды ойнаушы жұрттың таңымдарының астынан іздей бастайды, бірақ қайда жүргенін таба алмайды, себебі, барлығы бірдей қолдарын тақымдарының арасында ұстап, жүгірген орамалды алып беріп отырған кісіге ұқсайды. Егер орамал арт жағында болса, онда суырып алып жонынан тағы бір тартып қалып, қайтадан тақымының арасына жүгіртеді. Осылайша орамалды ойын жүргізуші тауып алғанша тақымдарының арасына жүгірте береді. Ал ойын жүргізуші орамалды қайда жүргенін, кімде екенін байқап қалып үста алса, онда ұстаған ойыншымен орын ауыстырады, сөйтіп, ойынды жалғастыра береді.
Бұл ойынның екінші бір түрінде орамалмен ұсталған ойыншы ортаға шықпас бұрын көпшіліктің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Содан кейін ғана орындарын ауыстырады.