22 Мамыр 2013, 05:00
Түйілген шыт
«Түйілген шыт» — ойынына қатынасушыларға шек қойылмайды. Ойынға ортасынан бір-екі рет түйілген орамал, болмаса шыт керек. Ойынды ымыртта немесе іңір қараңғысында да ойнауға болады. Қара көлеңкеде көрнекті болуы үшін ойынға-ақ орамал қолданылады.
Ойнаушылар өзара келісіп, араларынан біреуін; ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Ойын жүргізуші ойнаушыларды маңайына шақырып алады да, өзін қоршап, ынтыға ентелеп түрғандарға қарап бір, екі, үш деп дауыстайды. Осы кезде ойыншылар жан-жаққа тез бытырап кетеді. Ал жүргізушінің өзі қолында түйілген орамалы бар ойыншыны қуалайды, мақсаты: оны ұстап, орамалды алу. Ол қолындағы орамалды оп-оңай алғыза қоймайды.
Қуғыншы жете бергенде қолындағы орамалды қатарласа берген басқа ойыншыға лақтырады, орамалды қағып алған ойыншы оны келесі ойыншыға лақтырады. Осылайша жүргізуші қашан орамалды ұстап алғанша ойын жалғаса береді. Ұсталған ойыншы ортаға шығып, көпшіліктің ұйғаруы бойынша өнер көрсетеді. Өнер көрсету аяқталғаннан кейін түйілген орамалды соның өзі қуалайды, яғни ойын жүргізушіні ауыстырады, ойын осылай жалғаса береді.
Бұл ойын жастардың таза ауада демалуларын, денсаулықтарын жақсартып, денелерін сомдаумен бірге, оларды коллектив болып ұйымдаса білуге үйретеді, білгендерін ортаға салуға баулиды.
Сиқырлы таяқ
Қазақ халқының ұлт ойындарының жастар арасында көп тараған және өте ертеден келе жатқан, аса сүйіп ойнайтын түрлерінің бірі — «Сиқырлы таяқ». Бұнда ойнаушылар санына шек қойылмайды. Ойынға жиналғандар қол ұстасып, дөңгелене шеңбер құрып тұрады да, араларынан біреуін ойын жүргізуші етіп тағайындайды. Жүргізуші қолына таяқ ұстап, шеңбердің ортасына шығады да, ойын тәртібін, жолдарын түсіндіреді. Ойнаушылардың бір шетінен бастап барлығына рет қатарын білдіретін сандарын атайды. Сонан кейін жүргізуші қолындағы таяғының бір басын жерге тіреп тік ұстайды да, кез келген бір ойыншының санын атап, таяқты қоя береді. Айталық, жүргізушінің атаған саны төртінші, бесінші, оныншы не жиырмасыншы бола ма, әйтеуір, рет саны аталған ойыншы ести салысымен жүгіріп барып таяқты құлатпай ұстауы керек. Егер ол дауысты аңғармай я болмаса жай басар болып, дереу алмай, таяқты құлатып алса, онда ол ортада тұрып, көптің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Ол өлең айтып, би билеп, домбыра тартады, әйтеуір көпшілік нені талап етсе, бәрін орындауға тиісті. Ол өнерін көрсетіп болған соң қайтадан орнына барып тұрады. Егер таяққа тез жетіп жерге құлатпай ұстап алса, онда жүргізушімен орын ауыстырады.
Бұл ойынның екінші түрі үлкен жиындарда, ойын-сауық кештерінде кең бөлмелерде ойналады. Ойынға ұзындығы бір метрдей таяқ пен доп керек (ертеде допты сиырдың жүнінен жасаған, доп болмаған жағдайда кез келген затты алуға болады). Ойын жүргізуші жиналғандарды отырғызғаннан кейін ойын тәртібімен таныстырады. Сонан соң ойынға қатынасушының біреуін өзіне шақырып алып, допты ортаға қояды да, ойыншының көзін байлайды. Ондағы қоятын шарты — көзі байланған адам қолына берген таяқпен допты тауып барып ұруы керек. Мұндай жағдайда ойнаушылар допты қашықтау қоюға тырысады. Осы кезде ойын жүргізуші көзі байланған ойыншының қолына таяқтың былғанған басын ұстата қояды. Көзі байланған ойнаушы еш нәрседен қаперсіз таяқтың былғанған басын ұстай алады. Ойын жастарды шапшаңдыққа тәрбиелейді.
Ескерту : ойынның мақсаты допты ойыншыға ұрғызу емес, көзі байланған балаға бір басы былғанған таяқты ұстата қою.