20 Мамыр 2013, 06:00
Ұлт Көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің финалына шыққан балуандар анықталды. 23 мамыр күні сағат 11:30-да Үшқоңыр жайлауында еліміздегі ең ірі спорттық жоба – «Қазақстан Барысы» додасының финалына шыққан балуандарды таныстыру рәсімі өтеді (БАҚ өкілдері үшін арнайы көлік сағат 9:30–да Орталық стадионның жанынан (Абай даңғылы жағынан) жүреді).
Жиында биылғы жылғы чемпиондық атақ, тайтұяқ алтын, автокөлік және 150 000 доллардан үміткер «Тараз арланы» – 2012 жылғы «Қазақстан Барысы» Бейбіт Ыстыбаев пен еліміздің әр облысынан және республикалық маңызы бар екі қаладан финалға жолдама алған 32 балуанның таныстырылымы өтеді.
Балуандарды таныстыру рәсіміне «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары – Бауыржан Байбек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарушы директоры - Дархан Қалетаев, Алматы облысының әкімі – Аңсар Мұсаханов және «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқорлық Кеңесінің төрағасы - Арман Шораев қатысады деп күтілуде.
Табиғаты көркем Үшқоңыр жерінде финалдық сынның қатысушылары БАҚ өкілдері мен жанкүйерлер үшін шеберлік сабағын өткізеді. Сондай-ақ, қонақтар мен БАҚ өкілдері арнайы концерттік бағдарламаны тамашалап, балуандарды суретке түсіріп, сұхбат ала алады.
«Қазақстан Барысы» турниріне іріктеу сындары 3 кезеңнен тұратындығын естеріңізге саламыз. Алғашқы кезең ауыл-аймақтарда, екінші кезең – аудандар мен қалаларда, шешуші үшінші кезең облыстық деңгейде өтті.
Қазақ күресінің мәртебесін арттырған жобаның ауқымы жыл санап кеңейе түсуде. Әр маусым сайын қатысушылар саны көбейіп, финалға берілетін жолдама үшін талас та тартысты өтуде. «Қазақстан Барысының» финалына жолдама алған балуандар – нағыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар. Ұлт батыры 30 маусым күні Астана қаласында анықталады. Турнирдің билеттері сатылымға түсті.
Жобаны ұйымдастырушылар – «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы, Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттігі мен Астана қаласының әкімдігі.
Турнирдің бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры.
Нақты ақпараттарды жобаның ресми сайтынан таба аласыздар: www.kazakhstanbarysy.kz.
Фотосуреттер мен жеңімпаздар тізімі, сондай-ақ, финалға жолдама алған балуандар туралы қосымша ақпараттар қордың әлеуметтік желілердегі арнайы парақшасында: www.facebook.com/kazakhstanbarysy, http://vk.com/club51828000. орналасқан.
Байланыс телефондары:
+7 775 4800017 — Аида Қабашева
+7 775 9323817 — Ақырыс Сейтқазы
«Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры