13 Мамыр 2013, 12:29
Кеңестер заманында СССР-дың Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жалпы адам шығыны туралы деректер мың құбылды. Дегенмен, ешқандай идеологияның жетегіне еріп кетпей, нақты ғылымға сүйенген көпшілік сарапшылардың есебінше, советтердің адам шығыны 40,1-40,9 миллион. Оның 27 миллионы әскери адамдар да, қалған 13-13,5 миллионы жай тұрғындар.
Біз соғыстың алдында СССР-да нақты қанша адам болғанын және соғысқа оның қаншасы шақырылғанын білмейміз. Өйткені орталықтандырылған шақыру бойынша майданға аттанған 34,5 млн. адамнан басқа жеке әскери бөлімдер де өз бетінше шақырту жасай беретін болған. Мәселен, Қызыл Армия Бас әскери-санитарлық басқармасының бастығы Иван Смирновтың 1979 жылы шыққан «Война и военная медицина» атты кітабында ай сайын орташа алғанда 500 мыңға тарта солдат қаза табады деген дерек келтіреді. Бұл есепке жарақаттан өлген, тұтқында өлген, хабар-ошарсыз кеткендер мен соғыс амалдарынан тыс уақыттарда өлген солдаттардың бәрі енгізілген.
1942 жылы Наркомат басшылығы Қызыл Армия сапындағы шығын туралы ресми есепке қаза болған солдаттардың үштен бірі ғана енгізілгенін ашық айтқан. Соғыстан кейін «Құпия» грифі алынған құжаттың есебінде өлгендердің, хабарсыз кеткен жауынгерлердің саны 28 240 мыңға жеткен. Бұдан эмиграцияда қалған 250 мың әскери тұтқындардың есебін алып тастасақ, 27 млн. 090 мың солдат қаза тапқан болды. Ал бейбіт тұрғындардың адам шығынымен қоса есептегенде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары 40,1-40,9 миллион Кеңес адамдары мерт болған екен. Бұл есеп тарихи және филиология тақырыптары бойынша 67 кітап жазған, еңбектері латыш, польяк, эстон және жапон тілдеріне аударылған т.ғ.к, филология докторы, Орыс ПЕН-орталығының мүшесі Борис Соколовтың да есебіне нақ келеді. Мұндай деректі «Мемориал» мәліметтер базасы да растап отыр.
Baq.kz