«Бейбарыс сұлтан» театрда сахналанады

13 Мамыр 2013, 06:22

Ұлт театрының қоржыны тақауда тағы бір тың туындымен толықпақ. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры «Бейбарыс сұлтан» спектаклін сахнаға сайлап жатыр. Екі актілі, төрт көріністі тарихи пьесаның авторы – көрнекті жазушы, дарынды драматург Рахымжан Отарбаев. Халқымыз қашан да тұғырлы тұлғалардан кенде болмапты. Өзі үшін туып, елі үшін өлген ерлерді санасаңыз саусақ жетпес, сірә. Алайда «Ертөстігім бір төбе» демекші, солардың ішінде Бейбарыс сұлтанның орны бөлек. Оның таңсық тағдыры, күрделі күрес жолы – берісі алаш, арысы әлем тарихында сирек кездесетін шетін құбылыс. ...Әлқисса, сау басы саудаға түсіп, он екі жасында Мысырға әкелінген қара мойын құл өсе келе, өз әміршілерін дәргейіне жықты, сұлтан дәрежесіне жетті. Өйткені ол – қанжілік қаратобыр тұқымы емес, қаракөктен туған хан баласы ақсүйек. Аспан асты, ат үстінде еркін тыныстаған арда жұрттың оғланы. Кісен ашқан азат рух қыпшақ Бейбарыстың бойын кернеп, ақыры алапатын асырды. Драматург ұлы бабамыздың бейнесін, міне, осы қырынан танытуға тырысқан. Рахымжан Отарбаев пьесасындағы Бейбарыс – көзсіз батыр, қабілетті қолбасшы. Саясат сайысын, бағдар қақтығысын мықты меңгерген мемлекеттік мәмілегер. Араб дүниесін сыртқы жаудан, ішкі даудан құтқарып, көзі тірісінде-ақ «ислам қорғаны» атанған ірі қайраткер. Қазақ топырағынан шыққан мұндай мәшһүр тұлғаны қалай насихат қылсақ та жарасады. Әуезов театрының ұжымы осы бір жауапты іске жауырын тосып, Бейбарыс сұлтанның болмыс-бітімін өнер тілінде көрсетуді мақсат тұтқан. Спектакльді сахналауға белгілі режиссер Юрий Ханинга-Бекназар бел байлапты. «Бейбарыс билігі, Бейбарыс ерлігі, Бейбарыс сағынышы деген ұғымдар әр қазақтың жүрегін жылытуға тиіс», – дейді режиссер. «Ол сәнді сарайда алтын аяқтан ас ішсе де, өмір бойы туған жерін аңсап өткен. Тақымы таққа тие сала, Дешті-Қыпшақпен қатынас орнатқан. Солай қарай керуен тартқан көпестерге ылғи бір түп жусан ала келуді тапсырып тұрған. Тіпті жусанның жұпарын бір жұту үшін астындағы тағын, басындағы тәжін тәрк етуге бейіл еді. Қазір біздің ұланғайыр даламызға жан-жақтан сыртқы күштер көз тігіп отырғанда патриотизм мәселесі өте өзекті. Сондықтан жастарымыз Отан сүюді Бейбарыс бабасынан үйренсе деймін. Спектакль осынау ұлы сағыныш туралы сыр шертеді». Туындының түпкі мәні «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін тәлімді тәмсілді еске түсіреді. Бәлкім бәріміз білетін қазақтың осы мақалы Бейбарыс бабамызға байланысты туған шығар? Әбден мүмкін. Спектакльде Бейбарыс сұлтанның бейнесін әйгілі актер Азамат Сатыбалды сомдайды. Ол – арыстандай айбатты, салқынқанды, өзіне сенімді сардар. Әрі кіндік кескен жерін, жусан иісін сағынып, оңашада көзіне жас үйірілетін жұмсақ жүректі жан. Ондай қарама-қайшы мінезді, күрделі кейіпкердің образын ашу оңай шаруа емес. «Пьеса негізінен сөзге құрылған. Драматург оқиғаны көбінесе «Бейбарыс сұлтан болды» немесе «Иса Тұран шах өлді. Орнына Құтыз келді» дегендей хабарлы сөйлемдермен жеткізген. Ал біз соның барлығын бимен, композициямен көрсетеміз. Қосымша сахналар қосамыз. Яғни, сөзді әрекетке айналдырып жатырмыз. Меніңше, біздің спектакль сонысымен қызықты болу керек», – дейді Азамат. Қойылымның қосалқы рөлдерінде Бекжан Тұрыс, Шынар Жанысбекова, Дария Жүсіпова, Алмас Шаяхметов, Гүлнұр Шыңғысова, Еркебұлан Дайыров, Бауыржан Қаптағай сынды сахна саңлақтары ойнайды. Айтулы суретші Есенгелді Тұяқов және гример, композитор, костюмерлер қауымының жұмысы да көрермен көңілінен шығарына күмән жоқ. Миуалы бақ, салқын сабат хауыз, салтанатты сарай секілді ортағасырлық шығысқа тән реквизиттер сахна сәнін кіргізіп, ертегідей ескі Мысырды буы бұрқыраған күйінде көз алдыңызға әкеледі. Спектакльдің тұсаукесері маусымның 1-іне жоспарланып отыр. Көріңіз, қапы қалмайсыз! Еркебұлан НҮРЕКЕШ

Ұлт театрының қоржыны тақауда тағы бір тың туындымен толықпақ. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры «Бейбарыс сұлтан» спектаклін сахнаға сайлап жатыр. Екі актілі, төрт көріністі тарихи пьесаның авторы – көрнекті жазушы, дарынды драматург Рахымжан Отарбаев.

Халқымыз қашан да тұғырлы тұлғалардан кенде болмапты. Өзі үшін туып, елі үшін өлген ерлерді санасаңыз саусақ жетпес, сірә. Алайда «Ертөстігім бір төбе» демекші, солардың ішінде Бейбарыс сұлтанның орны бөлек. Оның таңсық тағдыры, күрделі күрес жолы – берісі алаш, арысы әлем тарихында сирек кездесетін шетін құбылыс.

...Әлқисса, сау басы саудаға түсіп, он екі жасында Мысырға әкелінген қара мойын құл өсе келе, өз әміршілерін дәргейіне жықты, сұлтан дәрежесіне жетті. Өйткені ол – қанжілік қаратобыр тұқымы емес, қаракөктен туған хан баласы ақсүйек. Аспан асты, ат үстінде еркін тыныстаған арда жұрттың оғланы. Кісен ашқан азат рух қыпшақ Бейбарыстың бойын кернеп, ақыры алапатын асырды. Драматург ұлы бабамыздың бейнесін, міне, осы қырынан танытуға тырысқан. Рахымжан Отарбаев пьесасындағы Бейбарыс – көзсіз батыр, қабілетті қолбасшы. Саясат сайысын, бағдар қақтығысын мықты меңгерген мемлекеттік мәмілегер. Араб дүниесін сыртқы жаудан, ішкі даудан құтқарып, көзі тірісінде-ақ «ислам қорғаны» атанған ірі қайраткер.

Қазақ топырағынан шыққан мұндай мәшһүр тұлғаны қалай насихат қылсақ та жарасады. Әуезов театрының ұжымы осы бір жауапты іске жауырын тосып, Бейбарыс сұлтанның болмыс-бітімін өнер тілінде көрсетуді мақсат тұтқан. Спектакльді сахналауға белгілі режиссер Юрий Ханинга-Бекназар бел байлапты.

«Бейбарыс билігі, Бейбарыс ерлігі, Бейбарыс сағынышы деген ұғымдар әр қазақтың жүрегін жылытуға тиіс», – дейді режиссер. «Ол сәнді сарайда алтын аяқтан ас ішсе де, өмір бойы туған жерін аңсап өткен. Тақымы таққа тие сала, Дешті-Қыпшақпен қатынас орнатқан. Солай қарай керуен тартқан көпестерге ылғи бір түп жусан ала келуді тапсырып тұрған. Тіпті жусанның жұпарын бір жұту үшін астындағы тағын, басындағы тәжін тәрк етуге бейіл еді. Қазір біздің ұланғайыр даламызға жан-жақтан сыртқы күштер көз тігіп отырғанда патриотизм мәселесі өте өзекті. Сондықтан жастарымыз Отан сүюді Бейбарыс бабасынан үйренсе деймін. Спектакль осынау ұлы сағыныш туралы сыр шертеді».

Туындының түпкі мәні «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін тәлімді тәмсілді еске түсіреді. Бәлкім бәріміз білетін қазақтың осы мақалы Бейбарыс бабамызға байланысты туған шығар? Әбден мүмкін.

Спектакльде Бейбарыс сұлтанның бейнесін әйгілі актер Азамат Сатыбалды сомдайды. Ол – арыстандай айбатты, салқынқанды, өзіне сенімді сардар. Әрі кіндік кескен жерін, жусан иісін сағынып, оңашада көзіне жас үйірілетін жұмсақ жүректі жан. Ондай қарама-қайшы мінезді, күрделі кейіпкердің образын ашу оңай шаруа емес.

«Пьеса негізінен сөзге құрылған. Драматург оқиғаны көбінесе «Бейбарыс сұлтан болды» немесе «Иса Тұран шах өлді. Орнына Құтыз келді» дегендей хабарлы сөйлемдермен жеткізген. Ал біз соның барлығын бимен, композициямен көрсетеміз. Қосымша сахналар қосамыз. Яғни, сөзді әрекетке айналдырып жатырмыз. Меніңше, біздің спектакль сонысымен қызықты болу керек», – дейді Азамат.

Қойылымның қосалқы рөлдерінде Бекжан Тұрыс, Шынар Жанысбекова, Дария Жүсіпова, Алмас Шаяхметов, Гүлнұр Шыңғысова, Еркебұлан Дайыров, Бауыржан Қаптағай сынды сахна саңлақтары ойнайды.

Айтулы суретші Есенгелді Тұяқов және гример, композитор, костюмерлер қауымының жұмысы да көрермен көңілінен шығарына күмән жоқ. Миуалы бақ, салқын сабат хауыз, салтанатты сарай секілді ортағасырлық шығысқа тән реквизиттер сахна сәнін кіргізіп, ертегідей ескі Мысырды буы бұрқыраған күйінде көз алдыңызға әкеледі.

Спектакльдің тұсаукесері маусымның 1-іне жоспарланып отыр. Көріңіз, қапы қалмайсыз!

Еркебұлан НҮРЕКЕШ

Бөлісу: