8 Мамыр 2013, 03:49
Семей қаласында осымен 4-ші рет қатарынан қайырымдылық Вена балы өтті. Аталған іс-шараны ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, «Қазақстан студенттер Альянсы», «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды деп хабарлайды Семей қаласының ішкі саясат бөлімі.
Жиналған қатысушылар мен көрермендерді құттықтауға келген қала әкімінің орынбасары З.Р. Исабаева және «Қазақстан студенттер Альянсы» ШҚО бойынша өкілдігінің көшбасшысы Мұстафа Қожамсейіт салтанатты шара үстінде №8 балалар үйіне тоңазытқыш табыс етті.
Вена балының құрметті қонағы ретінде шақырылған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Самат Төлепбаев, №8 балалар үйінің директоры Сержан Оқасов та өз лебіздері мен құттықтауларын білдірді.
Қаланың жоғарғы және орта оқу орындарынан балға қатысқан 300 жұп 10 мыңнан астам адамның алдында би биледі. Ханзадалар мен ханшайымдардың кейпіне енген студенттер «ақсүйектер биін» асқан шеберлікпен орындады. Әдемілік пен әдептілікті әспеттеген бозбалалар мен бойжеткендер бір-бірін бимен баурап, аялады.
Вен балы қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Baq.kz