9 Қараша 2012, 03:33
Соңғы редакциялау:
15 қазан 2012
Ақ Орда — Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының үлкен ұлы Орда Ежен, оның інілері Шайбан, Шингкүр, Тұқа-Темір ұлыстары негізінде құрылған мемлекет. 1226 – 1309 жылдары Алтын Ордада Орда Ежен (1226 – 1247/1250 жылдары), Күнқыран (1250/1251 – 1280 жылдары), Қоныша (1289 – 1301 жылдары), Баян (1301 – 1309 жылдары) билік құрды. Астанасы алғашында Шығыс Қазақстанда, Ертіс өзенінің жоғарғы ағысы бойында, Алакөл маңында болды. Кейіннен ұлыс орталығы Сыр бойына көшірілді. 1309 – 1315 жылдары Ақ Ордада Сасы Бұқа хан билік құрған. Оның ұлы Ерзен (Ибисан) тұсында (1315 – 1320 жылдары) Сыр бойындағы қалаларда көптеген медресе, мешіт, ханака, ғимараттар салынды. Бұл кезде Ақ Орда әлі де Алтын Орданың құрамында еді. Бірақ Ерзеннің ұлы Мүбәрәк Қожа хан тәуелсіздік алуға ұмтылды. Мүбәрәк Қожа ханның дербестікке ұмтылуы Өзбек хан тарапынан қарсылыққа ұшырап, нәтижесінде ол Ақ Ордадан кетуге мәжбүр болды. 1344 жылы Жәнібек ханның жарлығымен Ақ Орда тағына Мүбәрәк Қожаның інісі, Шымтай отырды. 1361 жылы Алтын Орда әмірлері 17 жыл бойы Алтын Ордада билік құрып отырған Шымтайға Ақ Орданың тағын ұсынды. Бірақ ол Ақ Орда ісіне араласудан бас тартты. Орыс хан тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Орыс хан Ақ Ордаға да билік құруға ұмтылды. 1376 жылы Ақ Ордаға Әмір Темірдің қолдауымен Тоқтамыс хан келіп, 1380 жылдан бастап бүкіл Жошы Ұлысын уақытша болса да қайта біріктірді. Бірақ көп ұзамай Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасында соғыс басталып, Орыс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмірінің жағына шықты. Ол Ақсақ Темірдің жеңісінен соң Шығыс Дешті Қыпшақта билік жүргізді. 1419 – 1422 жылдары Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектің қолдауымен билікке келді. Ол 1422 – 1426 жылдары Алтын Орда тағына да отырды. 1428 жылдары Барақ хан Ноғай мырзаларымен болған ұрыста қаза тауып, Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси билік шайбанилар әулетіне (1428 – 1469 жылдары) көшті. Ақ Орда – Қазақстанда жергілікті тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, керей, үйсін, найман, қарлұқ, арғын, т.б.) негізінде құрылған алғашқы мемлекет болды.
Мұхтар Әуезов «Әдебиет тарихы» атты монографиясында Ақ Орда тұсындағы тарихи оқиғаларды талдай келе, көп дәуір «исі түркі жұртының бірлігі мен елдігін ойлаған ұлы батырларды туғызды» деген пікір түйеді. Ондай шығармалардың татарына «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Шора батыр» жырларын жатқызады. Жазушы бұл тұжырымын: «Батырлар әңгімесінің басы ескі түркі бірлігінің заманындағы әңгімелерден шығады. Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жүртының ескілігі деп саналуға керек. Бұрынғы түрік, монғол дәуірі жүрген заманда «Алтын Орда, Ақ Орда күндері» айтылатын жерлер бар. Ноғайлы, Қырым, Қыпшақ, Қырғыздардың бір жалаудың астында бір ел болып жүрген кездерін айтады. Бұл түрік журттарының жік-жікке бөлінбей тұрған күндері бірін-бірі жат демей, бауыр көріп журген кездері. Қазақтағы батырлар әңгімесінің осы кездерде шыққаны бір жік болып, кейінгі замандағы шыққандары екінші бір жік болады. Алғашқы жіктегі - ұлы батырлар» деп одан әрі дамытады. Осы еңбекте түркі тілдес халықтардың бірлігін аңсаған тарихи жырларды ерекше бөліп қарағаны үшін оған 1927-1932 және 1945-1951 жылдары «Ұлтшыл - ұлы түрікшіл», «Алтын Орда» мен «Ақ Орда» дәуірінің тұсындағы хандықты көксеп отыр» деген айып тағылды.
Дереккөзі: - Балалар энциклопедиясы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011 ж. 1-том.
- Уикипедия, ашық энциклопедиясы