4 Мамыр 2013, 07:49
Абай мұздығы
1. Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейіндегі Үлкен Басқан өзені алабында орналасқан мұздық. 1947 жылы Абай Құнанбаев есімі берілді. Ұзындығы 7,5 км (морена басқан бөлігін қосқанда 8,5 км). Аумағы 10,2 км2, ашық жерінің аумағы 8,9 км2, орташа қалыңдығы 100 м. Кейінгі 25 жыл ішінде мұздық аумағы 3 км-ге (ашық жері 2,3 км2-ге) кішірейген. Үстіңгі беті бедерлі, жарықшақты болып келеді. Фирн межесі 3720 м биіктікте. Мұздықтың үстіңгі ұшы 4511 м, төменгі шеті 3060 м биіктікте жатыр. Мұздықтан еріген су төменгі морена бөгелуінен пайда болған көлге құяды. Алғаш рет бұл мұздық туралы қысқаша ғылыми сипаттама 1913 жылы М.Ф.Войшвило кітабында жазылған. 1947 жылдан бері Абай мұздығын зерттеумен Қазақстан Ғылым Академиясының География институты айналысады.
2. Іле Алатауының солтүстік беткейіндегі Абай шыңында орналасқан мұздық. Аумағы 0,2 км2, ашық жерінің аумағы 0,1 км2. Ұзындығы 0,7 км. Ұшы 3440 м биіктікке барып бітеді. Фирн межесі 3640 м биіктікте, фирннің аумағы 0,1 км2.
Аболин мұздығы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан қазаншұңқырдағы мұздық. Орта Азияны зерттеуші ғалым Р.И.Аболиннің есімімен аталған (1958 жыл). Бүйен өзенінің жоғарыбөлігінде, Орман Бүйен өзенінің бастауында орналасқан. Мұздық солтүстікке қарай созылып жатыр. Климаттың біртіндеп өзгеруіне байланысты мұздық кішірейе келіп, үш бөлікке бөлінеді. Ең ірі бөлігінің ұзындығы 4,7 км, ашық жерінің ұзындығы 3,3 км. Жалпы аумағы 4,6 км2. Ашық жерінің аумағы 4 км2. Фирн (мұзқар) алаңы 1,7 км2, фирн сызығы 3540 м биіктіктен өтеді. Мұздықтың теңіз деңгейінен ең биік жері – Аболин шыңы (4051 м). Мұздық бүйірлік биік моренамен көмкерілген. Оның астыңғы шеті 3100 м-ге дейін түріліп, бастапқы ұзындығынан 40 м-ге шегінді. Мұздықтың орташа қалыңдығы 90 м, көлемі 0,36 км3.
Авсюк мұздығы – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік беткейіндегі аңғарлық мұздық. Сарқан алабындағы Ақшығанақ өзенінің бастауында орналасқан. 1957 жылы көрнекті ғалым Г.А.Авсюктің есімімен аталған. Ұзындығы 4,7 км (ашық жері 4,2 км), жалпы аумағы 5 км2. 1960 – 1990 жылдар аралығында мұздықтың ұзындығы 0,1 км-ге қысқарды. Аумағы 0,8 км2-ге, ашық жері 1,3 км2-ге кеміді. Орташа қалыңдығы 70 м-ге, көлемі 0,3 км3-ге дейін азайды. Мұздық басталатын жотаның ең биік жері 4262 м, фирн алаңының ауданы 2 км2. Мұздық тілін бүйірлік мореналар көмкеріп жатыр. Мұздықтың үстіңгі тілі 3180 м биіктікте орналасқан. Оның моренамен көмкерілген бөлігі 3170 м-ге дейін төмендеп, бұрынғыдан 40-60 м шегінген. Мұздық туралы алғашқы ғылылыми еңбек 1929 – 32 жылдары жазылған. Авсюк мұздығын зерттеумен 1957 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының География институты айналысады.