2 Мамыр 2013, 04:08
Астанада бүгін «Атамекен» этно-мемориалдық кешені есігін айқара ашты. Бұл жолы дәстүрлі ашылу маусымы Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен тұспа-тұс келді деп хабарлайды astana.kz
Биылғы жылы этноорталық Мұражай педагогикасына арналған өзінің XIII маусымын ашты.
Жақында осы маусыммен аттас этно-мемориалдық кешенінде әзірленген «Мұражай педагогикасы» оқулығы жарыққа шықты. Авторы мұражай директоры Үмітхан Мұңалбаева.
«Бұл ТМД-да мұражай педагогикасы бойынша алғашқы кітап болып табылады. Әзірге ол қазақ және орыс тілдерінде. Алдағы уақытта оны ағылшын тіліне аударуды жоспарлаудамыз. Аталған оқулық ҚР Білім министрлігінде мақұлданған»,- дейді «Атамекен» этно-мемориалдық кешені директорының орынбасары Жанар Нұрбапанова.
Сондай-ақ, бүгін этноорталық қызметкерлері үздік саяхатшыларды марапаттау іс-шарасын да өткізді. Дәстүр бойынша үздік гидтер «Атамекен» этно-мемориалдық кешені маусымының ашылуында атап өтіледі. Бүгін «2013 жылғы үздік саяхатшы-гид» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Биылғы жылы іріктеу туры сәуірдің 18-нен 30-ына дейін өткізілген болатын. Оған 6-10 сынып оқушылары қатысты. Байқау үш кезеңде өтті. Өтінім берген 500 баланың 144-і жеңімпаз танылды. Алдағы уақытта бұл балалар «Атамекен» этно-мемориалдық кешенімен ынтымақтаса жұмыс істейтін болады.
500-ден астам адам қатысқан іс-шара «Бірлік түбі - береке» мерекелік концертіне жалғасты.
Еске салайық, Мұражайға кіру маусымы 1 мамырдан 1 қазанға дейін ашық.