«Бүгін бізде қазақ, орыс, украин, түрік тағы басқа ұлттың өкілдері некеге тұрды. Қазақстан халқының бірлігі күні осындай шара өтіп, жастардың болашаққа үлкен қадам жасап жатқаны қуантады»,- Астана қаласы Әділет департаменті Азаматтық хал актілерін тіркеуді ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің бастығы Гүлнар Сағындықова.
Айман мен Джума бір көргеннен бір-бірін ұнатып, тіпті ұлтына қарамастан бір-бірін түсініскен. Сол түсінік болашаққа бастау болып, неке сарайының табалдырығына жеткізген. Осылайша «махаббат ұлтқа қарамайды» дескен жастар берекелі де мерекелі, үлгілі отбасы болуға асық.
«Біз танысқаннан кейін небары 2-3 рет-ақ көрістік. Содан кейін бұл азаматтың менің өмірлік серігім болуға лайықты екенін сездім. Ал, одан мен өзімді оның жары болуға лайықты екенімді қалай білдің деп сұрағанымда, ол бір көргеннен-ақ білгенмін деп жауап берді»,-дейді қалыңдық Айман Утуджу.
Мариям Серікқызы да өзге ұлтқа келін болған. Бүгінде жолдасы екеуінің отасқанына 40 жыл болыпты. Жұп құрып, болашаққа бірге қадам жасағалы отырған жас-жұбайларға аналық батасын беріп, бақ тілеуге арнайы келіпті.
«Жолдасыммен отасқаныма 40 жыл болды. Тату-тәтті ғұмыр кешіп келеміз. Ал, отбасын осылай берік ұстап тұру үшін біріншіден - ақыл, екіншіден - үлкен махаббат керек деп ойлаймын. Жастардың махаббаты берік болсын!»,- деп тілегін білдірді Мариям Нұржанова.
Некелескен жастар осындай атаулы мереке қарсаңында отау тіккендеріне қуанады. Ал, олардың қуанышын бөлісуге түрлі ұлт өкілдерінің би ансамбльдері шақырылып, мереке көркін кіргізді.
www.bnews.kz