30 Сәуір 2013, 04:00
Жақсыдан жаман туар - бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туар - адам айтса нанғысыз.
Мақал - мәтел
Жақсы ердің ішінде - алтын ерлі ат жатады, жақсы әйелдің ішінде - алтын бесікті ұл жатады.
Мақал - мәтел
Жаман деген атпен жасағанша - жақсы деген атпен жаныңды қи.
Мақал - мәтел
Келінің жаман болса - ұлыңнан көр, күйеуі жаман болса - қызыңнан көр.
Мақал - мәтел
Жаман құдаңды өкпелетсең - жақсы құдаңның көңілі қалады.
Мақал - мәтел
Жаманда - тек жоқ, жақсыда - кек жоқ.
Мақал - мәтел
Жаманның - жаны қадірлі, жақсының - ары қадірлі.
Мақал - мәтел
Жаман атқа жал бітсе - жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе - жанына қоңсы қондырмас.
Мақал - мәтел
Қошқар болар қозының - мандай жағы дән келер, жақсы болар жігіттің - етең-жеңі кең келер.
Мақал - мәтел
Жаман сыйлағанды білмейді.
Мақал - мәтел
Жамандардың жақсысы болғанша - жақсылардың жаманы бол, қарамықтың дәмі болғанша - бидайықтың сабаны бол.
Мақал - мәтел
Шын жақсы - барған жанды хош алады,
Жамандар - болмашы үшін өш алады.
Дос көріп кей жаманды жақын тұтсаң,
Жанынды кеудеңдегі қоса алады.
Қара өлең
Кісі емес - кісі артынан жамандаған,
Дос емес - дос көңілін таба алмаған.
Қолына кей жаманның түссе тұлпар,
Айызын бір қандырып шаба алмаған.
Қара өлең
Жаманнан жақсы шықпас - мақтағанмен,
Жабыдан тұлпар шықпас - баптағанмен.
Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды,
Алтынмен томағасын қаптағанмен.
Қара өлең
Жақсының ісі оңалар әу басынан,
Жаманның арылмаған дау басынан.
Күңкілдеп қашан көрсең жүрер жаман,
Жаңылған саудагердей саудасынан.
Қара өлең
Әркімнің шылауында жүрер жаман.
Қара өлең
Көйлектің кесте тіктім әдібіне,
Адамның жолықтырма бәдігіне.
Жақсыға жан қисаң да арман бар ма,
Жамандар қайдан жетсін қадіріңе.
Қара өлең
Жеріген үйірінен тұлпар оңбас,
Саңғыған тұғырына сұңқар қонбас.
Жақсы да, жақсылық та жалпыға ортақ,
Шен үшін елін сатқан сұлтан оңбас.
Қара өлең
Жаманға ұйқы - жолдас, тамыр - тамақ,
Болмайды көңілінде басқа талап.
Күн кешірмек болады өз ойынша,
Әйтеуір қызыл тілмен алдап-арбап.
Шәді Жәңгірұлы
Жаманның мыңы тұрмайды қара пұлға,
Жақсының бірі болады елге тұлға.
Әбубәкір Кердері Шоқанұлы
Жақсылардың бас қосқаны - жайлау болар,
Жамандардың бас қосқаны - сайлау болар.
Би-шешендер
Жақсыменен сөйлессең-құмарыңды қандырар,
Жаманменен сөйлессең - көңілінді қалдырар.
Би-шешендер
Жақсыға - жаман кесір,
Ішінен жақсысы кеткен ел - жесір.
Өзіңе жамаңдық қылған пендені,
Кісілік қыл да сен кешір.
Би-шешендер
Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы