Бақ-дәулет, Бек, хан туралы

 

Бақ-дәулет туралы

 

Дәулет берсе құдайым - тон кисең де, түлкі етер,

Дәулет кетсе қолыңнан - түлкі кисең, күлкі етер.

Би-шешендер

Бақ көшсе ақылыңа қарамайды.

Шал Құлекеұлы

Адамға нағыз дәулет - перзент пен мал, жүйрік ат, түзу мылтық, сұлу әйел.

Шал Құлекеұлы

Бақ-дәулет, мал бітерде: ырыс қонар, ынтымағы ағайынның дұрыс болар, бала пайдакүнем болар, жалшы жауынгер болар, қыз қылықты болар, келін епті болар, көп көрініп жау қашырар, көптеп- көмектеп қонақ атандырар. Адамы қырлы болар, малы түрлі болар, иті-үреген келер, тіркеген малы жүреген келер.

Шал Құлекеұлы

Бақ-дәулет, мал көшерде: ырыс қашар, біреуі біреуіне пәле жасар.Бала пайдасыз болар, жалшысы жалқау болар, қыз қылықсыз болар, келін керенау болар, қатыны салақ болар, ат мінсе - жалақ келер, адамы қырсыз келер, малы түрсіз келер. Иті үрмес, тіркеген малы жүрмес.

Шал Құлекеұлы

Бақыт бір жерде тұрмайды.

Құтып

Қадірлі болғысы келген кісіге үш серік керек: бақ, дәулет, ырыс.

Жиренше шешен

 

Бағы ашылған адам бәріне ұнайды.

Жүсіп Баласағұн

Бақыттың да басы айналар кез келер - мінезі айнып, құлқы сонда өзгерер.

Жүсіп Баласағұн

Тақ пен бақ - бір емес.

Жүсіп Баласағұн 

 

Бек, хан туралы

Жер бастырығы - тау, ел бастырығы - бек.

Махмұд Қашқари

Ханнан артық қара бар, қылыштан артық ара бар.

Кей қараның сөздері - хан сөзіне пара-пар.

Би-шешендер

Хан алдына барғанда - хан таппады мінімді,

Би алдына барғанда - би таппады мінімді,

Өз үйіме келгенде - итке берсін күнімді.

Би-шешендер

Халық айныса - хан түзер, хан айныса кім түзер?

Би-шешендер

Қарашаға хан табылар, ханға қараша табыла бермес.

Би-шешендер

Қара қазаққа - хан ие, қара жерге - халық ие.

Би-шешендер

Ханға қараны тең ұстау парыз, қараға ханмен салыспау парыз.

Би-шешендер

Ханның көркі - ел.

Жұрт теңгеріп тұруға әділ төре-хан керек.

Шернияз Жарылғасұлы

Хан - халықтың қазығы.

Майқы би

Уәзіріне сырын алдырған хан - қақпанға түскен аң.

Майқы би

Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ.

Майқы би

Дау - арашасыз болмас, хан - қарашасыз болмас.

Майқы би

Хан ұлы - төре, би ұлы - шора.

Доспамбет жырау

Қарашасын қарақтамаған хан оңбас.

Жанақ Сағындықұлы

Хан - қайраң, қарашы - тас.

Жанақ Сағындықұлы

Хан сыртынан жұдырық.

Жанақ Сағындықұлы

Хан - астың дәмі болғанда, ханым -тұзы.

Жанақ Сағындықұлы

Хан да - біреудің ұлы, құдайдың құлы.

Жүсіп Баласағұн

Ханның әділетсіздігі - бар пеленің басы.

Жүсіп Баласағұн

Ханның - ақысы болса, қараның - қақысы бар.

Жүсіп Баласағұн

Бек қайда барса - құлы сонда.

Жүсіп Баласағұн

 

Бек деген - от: жақын жүрме - күйесің.

Жүсіп Баласағұн

 

Бек қызыққа құмар болса - қалған елдің күні қараң.

Жүсіп Баласағұн

 

Сараң бек ел билей алмайды.

Жүсіп Баласағұн

Ханын қарадай өлтірген - қарашасын қынадай қырар.

Қазыбек Келдібекұл

 

Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы