29 Сәуір 2013, 04:49
Футболшы Блохиннің басты ерекшелігі – жай оғындай жылдамдығы, допты ұршықша үйірер техникасы және сол аяғының сойқан соққысы болатын. Ол әлгі жоғарыда біз суреттегендей жеке шеберлікке негізделген ғаламат голдарды аз соққан жоқ. Сонымен қатар Олег – командалық ойыншы-тұғын.
Тек сол қапталда ғана емес, қажет кезде орталық шабуылшы боп та ойнай беретін, тіпті 80-жылдардың ортасында оның алдағы Беланов пен Евтушенкоға пас шығарып беріп, ортаңғы шепте ойнақ салған кездерін де көрдік. 30-дан асып қалған сол кездің өзінде оның желдей есер жүйріктігі талай қорғаушыны қапы қалдырған-ды.
Оның жылдамдығы – қан арқылы келген қабілет. Өйткені, әкесі Владимир де, шешесі Екатерина Адаменко да – көптеген жарыстарға қатысқан тәжірибелі желаяқтар болған. Анасы Олегті де осы спорт түріне баулып бастаған екен, алайда, жас баланың назары ала допқа ауа берсе керек. Есесіне, жас күнінде біршама айналысқан жеңіл атлетика, оның ішінде қысқа қашықтыққа жүгіру Еуропаның болашақ үздік футболшысының бір қырын, атап айтқанда, жүйріктігін бекем ете түскен екен.
1989 жылдың 28 маусымында Олег Блохиннің футболмен қоштасу кеші өтті. Киевтегі Республикалық стадионды лық толтырған 100 мың жанкүйердің көз алдында Әлем құрамасы мен КСРО құрамасы кездесті. Әлем құрамасының сапында әйгілі итальяндықтар Клаудио Джентиле мен Джанкарло Антониони, атақты бельгиялық қақпашы Жан-Мари Пфафф, даңқты немістер Пауль Брайтнер мен Карл-Хайнц Ферстер, белгілі француз шабуылшысы Доминик Рошто, бразилиялық майталман Дирсеу, басқа да сол заманның жұлдыздары өнер көрсетті.
КСРО құрамасында кеш иесінің ұзақ жылғы әріптестері – Александр Чивадзе, Хорен Оганесян, Сергей Балтача, Владимир Бессонов, Игорь Беланов, Федор Черенков, Сергей Родионов және т.б. ойнады. Блохин бірінші таймды кеңес командасында, екінші таймды дүниенің түкпір-түкпірінен келген достарының ұжымында өткізді. Тартысты да қызықты өткен ойын 3:3 есебімен тең аяқталды.
Айтпақшы, танымал әнші Тамара Гвардцители орындайтын «Виват, король!» әні тап осы қоштасу ойынына арналып жазылған еді.
Бапкер ретінде О.Блохин ойыншы кезіндегідей көп жетістікке жете қойған жоқ. Грекияда «Олимпиакос», «Ионикос», «ПАОК» клубтарын жаттықтырған ол күміс жүлдеден аса қоймады, тек бір рет ел кубогын жеңіп алды. 2003 жылдың күзінде Украина құрамасының тізгінін ұстап, оны 2006 жылғы Әлем чемпионатының финалдық кезеңіне алып шықты. Германия жасыл алаңдарында да жасқанбай ойнаған оның жігіттері ширек финалға дейін жетіп, онда тек болашақ чемпион – Италиядан ғана жеңілді.
Келесі Еуропа біріншілігінің ақтық кезеңіне шыға алмаған соң орнынан кеткен Блохин ұлттық құрамаға 2011 жылдың көктемінде қайта оралды. Бірақ оның шәкірттері биыл жазда өз елінде өткен құрлық додасында топтық турнирден аса алмады. Ал осыдан бір жарым ай бұрын Олег Блохин өзінің 20 жылға жуық жастық ғұмыры өткен, екінші үйіндей болған командаға – Киевтің «Динамосына» бас бапкер болып тағайындалды. Жеңіске шөлдеген клубтың баяғы даңқы енді қайта оралар ма екен?..
Әркімнің де жас күнінен жанына жақын тарта бастайтын сүйікті әншісі, актері, жазушысы болатыны секілді, балалық шақтан өзіне өнеге тұтар спортшысының болуы да түсінікті жайт. Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғына таман қазақ ауылының қара топырағын аспанға көтеріп, ортадағы жаман резеңке доп үшін алашапқын болатын жалаңаяқтар үшін шын кумир – Олег Блохин еді…
Сәкен Сыбанбай.