Адам өмірі туралы-4

Өмір - самал, ажал - амал.

Тоқсары

Бұл фани ұзақ болса жүз жыл болар,

Байқасаң тоқтауы жоқ бұл бір сонар.

Сонаршы кешке дейін түлкі қуған,

Күн батып, шаршаған соң, ақыр қонар.

Сүйінбай Аронұлы

Адам ішіп-жеу үшін ғана өмір сүрмейді.

Сайф Сарайи

Кәрілік келсе - жігіттіктен қол үз: өзен кері ақпайды.

Сайф Сарайи

Адам - бір оқтық.

Сайф Сарайи

Әкеде де - әке, балада да - бала бар.

Міржақып Дулатов

Дүниенің басы-сайран, түбі-ойран.

Доспамбет жырау

Қоғалы көлдер, қом сулар - қойысқа қонған өкінбес,

Арыстандай екі бұтын алшайтып арғымақ мінген өкінбес.

Доспамбет жырау

Ат - биеден, алып - анадан.

Жанақ Сағындықұлы

 

Қыз алған қандай? - «Өзің білесің» дер. Жеңге алған қаңдай? - «Өзім білемін» дер. Жесір алған қандай? - «Балам біледі» дер.

Жиренше шешен

 

-          Дүниеде не жетім?

-          Жаңбыр жаумаған жер жетім, ата қонысынан ауған ел

жетім, жарынан айырылған ер жетім..

Жиренше шешен

 

Әкесі өлген - асқар тауы құлағанмен бірдей, шешесі өлген - ағар бұлағы суалғанмен бірдей, ағасы өлген - оң қанаты қайырылғанмен бірдей, інісі өлген - сол қанаты қайырылғанмен бірдей, апа-қарындасы өлген - өрісі тарылғанмен бірдей.

Жиренше шешен

 

Он бес жас - құйын қуған желмен тең, жиырма жас - дауыл ұрған көлмен тең, отыз бес - ағып жатқан селмен тең, қырық бес - аю аспас белмен тең, жетпіс бесте - өр көңілің жермен тең. Сексенде - селкілдеген шал боларсың, тоқсанда - сексенге де зар боларсың, жүзге келсең - дүние қызығынан күдеріңді үз: өлмей тірі жүргенге мәз боларсың.

Жиренше шешен

 

Төрт нәрседе үміт бар: жас - өсемін деп үмітті, жалғыз - көбейемін деп үмітті, жарлы - байимын деп үмітті, ауру - жазыламын деп үмітті. Көктемі мен жазы кетіп, жапырағы қуарған ағаштай ұрты солып, жағы суалған кәрілікте ғана үміт жоқ.

Жиренше шешен

Атаның орны балаға қалады.

Жүсіп Баласағұн

Ұл туса - әкеге тартар.

Жүсіп Баласағұн

Ата өлсе - бала аман.

Жүсіп Баласағұн

Ұлың менен қызың - жарқыраған екі көзің.

Жүсіп Баласағұн

Өмір - күшті, өлім - одан да күшті.

Жүсіп Баласағұн

Тағдырың бүгін - мұнда, ертең - анда айдайды.

Жүсіп Баласағұн

Барлық адамның тағдыры бір жерде түйіседі: құл да өледі, қожайын да өледі.

Жүсіп Баласағұн

Бұ дүние көлеңкедей ойнайды: қусаң - қашар, қашсаң - сенен қалмайды.

Жүсіп Баласағұн

Өткен өмірді қайтара алмайсың.

Жүсіп Баласағұн

Екі күндік өмір ғой бұл мұнартқан,

Оны қуып несіне адам құмартқан?!

Жүсіп Баласағұн

Бұл дүниеде екі-ақ есік бар: бірі - өмірге қарай ашылады, екіншісі - өлімге қарай ашады. Бірінші есікке енген адам - екінші есікке де енеді.

Жүсіп Баласағұн

Жатқан - тұрар, көтерілген - отырар, жарық - сөнер, жүрген кісі - тоқтар.

Жүсіп Баласағұн

Бұл өмірді беріпті ғой азапқа - қызық қуып, бос өткізіп азайтпа!

Жүсіп Баласағұн

Бұ жалған бергенін - алар, жиғаныңды - шешер.

Жүсіп Баласағұн

Адам өмірі - қылдан нәзік.

Жүсіп Баласағұн

Дүние - сарай, адам - керуен.

Жүсіп Баласағұн

Өлім - ғибрат.

Жүсіп Баласағұн

Өлім келсе - өкінбей-ақ бара бер,

Зарлағанмен естімейді қара жер.

Жүсіп Баласағұн

Кісі - өлер, сөз - қалар.

Жүсіп Баласағұн

Тірі адам - табылар.

Жүсіп Баласағұн

Алпыс жаста өмірдің дәмі кетеді.

Жүсіп Баласағұн

Өмірдің гүлі - жігіттік шақ.

Жүсіп Баласағұн

Балалық өтті дегенше - жігіттік жетті десеңші.

Жүсіп Баласағұн

Жасық жас - өкінішпен өседі, қайратты қарт - тыныш өмір кешеді.

Жүсіп Баласағұн

Адам баласының бәрі де өлгелі жаралған.

Күлтегін

Бір бала бар - атасына жете туады,

Бір бала бар - атасынан өте туады,

Бір бала бар - к-нен кері кете туады.

Қазыбек Келдібекұлы

Дереккөзі: «Әдеби әлем» порталы