26 Сәуір 2013, 04:28
Соңғы жылдарда табылған, яки ноғайлар арасынан жазылған Шәлкез өлеңдері де жырау өмірі туралы жаңа деректермен толықтыра түседі. Ноғайлар арасынан филология ғылымының кандидаты А.Сиқалиев жазып алып, жариялаған «Мен иемнің күнінде», «Алай жаным» деген өлеңдеріне, Үпі (Уфа) архивіндегі «Қазақ өлеңдері мен хиссалары» дәптеріндегі «Әжікам, сен Мансұрұлы Тоқусан» деген өлеңіне қарағанда, Шәлгез бірқатар уақыт Әзике (Әжіке) сырза қарамағында болады.
Біздің қолымызда бар деректерден,-деп жазады М.Мағауин, - Шалкиіздің (біздіңше, Шәлгез деген қисынды. - С.Қ.) Темір би өлгеннен соңғы өмірі Мамайдың және оның інісі Жүсіптің төңірегінде өткендігі көрінеді.
Мен жоғарыда баяндап өткен жайларға қарағанда, Шәлгездің ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың 70-жылдары аралығында өмір сүргені аңғарылады. Ел аузынан жиналған материалдарда Шәлгездің сәби кезінде Орақ, Мамай аты белгілі батырлар. Зерттеушілер мәліметіне сүйенсек, Алшағырұлы Орақ 1496-1548 жылдарда өмір сүрген. Мамай 1549 жылы өледі. Шамамен Орақ 20-25-терде батыр атанды десек, Шәлгез 1516-1520 жылдар дүниеге келген болады. Бірақ бұл жоба тарихи деректерге қайшы келеді. Себебі, Шәлгез ұлығылай жырлайтын Темір би 1480 жылы Угре жорығына қатысады, ХҮ ғасырдың 90-жылдары тарих сахнасынан кетеді, Ноғай Ордасын 1504 жылы оның ұлы Тәуекел билейді. Демек, Шәлгездің Темір дүниеден өткесін тууы шындыққа сәйкес келмейді. Бұған қарағанда, дәл сол тұста ел аузынан жазылған деректерге сүйенудің жөні жоқ. Себебі, тарихи деректерде Орақ, Мамай Шәлгезбен тұрғылас, тіпті бірқатар жас кіші боп та шығады.
Шәлгезді Хақназарға кетуге мәжбүр еткен Жүсіп 1554 жылы өледі. Бұл кезде жырау Орақ, Мамай, Би Темір, Тәуекел, Әзике, Жүсіп маңында болып, Қазақ хандығына барған, егдерген кезі еді. Шәлгезді ХҮ ғасырдың ІІ жартысы мен ХҮІ ғасырдың орта кезі аралығында өмір сүрген деу орынды.
Ел аузынан жиналған қолжазбалар мен ХХ ғасыр бас кезінде баспа жүзін көрген кітаптарда Шәлгез ноғайлының жырауы еді делінеді.
«Шайыр» жинағындағы Шәлгез толғауына берілген түсінікте оның Қояс руынан екені айтылады. Бұл деректі ел аузынан жазылған шежірелер де бекіте түседі. Алшын ішіндегі «ноғайлы» құрамындағы Қояс руының қариясы Ақбаев Елеш өзін Шәлгез батыр ұрпағы санайды. Елеш өз ата-тегін: Шәлгез-Ержақай-Жанғабыл-Бекболат-Аружан-Қараша-Қалмамбет-Шақа-Сақ-Сәмет-Құдайберді-Қаз-Ақбура-Байғазы-Құрманғазы-Құлмақамбет-Өтәлі-Ақбай деп таратады. Демек, Шәлгез – Елещтің он тоғызыншы атасы. Елеш қария шежіресіне қарағанда, алтыншы атасы Ақбура батырды беріш Саржала батырмен байланысты әңгімелейді.