26 Сәуір 2013, 04:10
Алаң да алаң, алаң жұрт |
Алаң да алаң, алаң жұрт, Ақала ордам қонған жұрт, Атамыз біздің бұ Сүйініш Күйеу болып барған жұрт, Анамыз біздің Бозтуған Келіншек болып түскен жұрт, Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт, Кіндігімді кескен жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт, Қарағайдан садақ будырып, Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, Жанға сақтау болған жұрт. Салп-салпыншақ анау үш өзен, Салуалы менім ордам қонған жер, Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған жер, Жатып қалып бір тоқты Жайылып мың қой болған жер, |
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас,
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..
Белгілі биік көк сеңгір |
Белгілі биік көк сеңгір Басынан қарға ұшырмас, Ер қарауыл қарар деп, Алыстан қара шалар деп; Балдағы алтын құрыш болат Ашылып шапса дем тартар, Сусыным қанға қанар деп; Арғымақтың баласы Арыған сайын тың жортар, Арқа мен қосым қалар деп; Ақ дария толқын күшейтер, Құйрығын күн шалмаған балығым Ортамнан ойран салар деп; Азамат ердің баласы Жабыққанын білдірмес, Жамандар мазақ қылар деп! |
Мадақ жыры |
Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі, Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті, Адырнасы шайы жібек окқа кіріс-ті, Айдаса - қойдың көсемі, Сөйлесе - қызыл тілдің шешені, Ұстаса - қашағанның ұзын құрығы, Қалайылаған қасты орданың сырығы, Билер атты би соңы, Би ұлының кенжесі, Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, Бұлұт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!!! |
Қазтуғанның қонысымен қоштасуы |
Арайна,билер,арайна, Арайна десем, болғай ма?! Арайнасыз әр қайда Ердің ісі оңғай ма?! Арайна болған Қазтуған, Қайғыланып сонда толғай ма?! Ел қияға қонғай ма? Еділ, Жайық арасы Кеңшілік қоныс болғай ма?! Ебей басты құба үлек Ернімен шырпы шалғай ма?! Бұл қоныста отырып, Біздің мұсылман баласы Жағасы босап тынғай ма?! Еділді қоныс етпеңіз, Жағалай қалмақ алады. Жайықты қоныс етпеңіз, Сыдыра біткен көкжиек, Кәпірлер қала салады. Аштарханды қоныс етпеңіз, Шәһәрін оның алады. Еділді алса - елді алар, Енді алмаған не қалар? Жайықты алса - жанды алар, Жанды алған соң не қалар? Ойылды алса - ойды алар, Ойлашы, сонда не қалар? Қара мауыты мұшақат Бүтін тоғай жерді алар. Жаз кіреге жақсы деп, Дулығалы нарды алар, Қыс кіреге жақсы деп, Шудасы қалың айырды алар. Сусынына шай алар, Шайнауына май алар. Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран саланың жатқан аңғары-ай, Ақ шалмалы пірлердің Мешітке жаққан шамдары-ай! Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім Аузы түкті кәпірдің Күшті болған салдары-ай! Кәпірден тендік алуға Қайта келер деймісің Мұсылманның баяғы Шыңғыстан туған хандары-ай?! Бұл қоныстан кетпесең, Мұны талақ етпесең, Атаңа нәлет кәпірдің Пайдасына қалмаса игі еді Ноғайлы, қазақ жұртымның Кейінгі туған балдары-ай! Адыра қалғыр көк Жайық, Аңырап қалған қонысым! Қонысымнан ауған соң, Кетпегей еді ырысым. Таудағы тарлан бөрі едім, Тарылған сынды тынысым. Кейінгі өскен жас бала, Ақ балтырын түрініп, Басарына ерініп, Көкірегі күйініп, Тек тірлікке сүйініп, Ықтиярсыз жүгіріп, Аузы түкті кәпірдің Етпегей еді жұмысын! Бұл қоныстан кетпесең, Мұны талақ етпесең, Екеу-екеу сөйлесіп, Біздің кейінгі өскен жас бала Аузы түкті кәпірдің Соқпаса екен пайдасын! Буыршынның жалғыз қырқар азуы, Бөкеннің желіп өтер төрт саны, Бұғының ауыр қара мүйізі, Бидайықтың жалғыз соғары, Қашағанның ұзын құрығы, Ақ орданың тіреу сырығы, Айдаса - қойдың көсемі, Сөйлесе - тілдің шешені, Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген, Күз жіберіп, жаз мінген, Жазаласа - екі жылда бір мінген, Жолдасын жолай іздеген, Өзіне тиген дұшпанын Қарт бурадай тіздеген - Мен - Қарғабойлы Қазтуған, Қайғыланып асып барамын Ноғайлы-қазақ елімнен!
|