Осыдан бір-екі жыл бұрын «Қазақстан» телеарнасынан Оңтүстік Кореяда қазақ тілін оқып жатқан кәріс студенттері туралы арнайы хабар берілгенде, әрі таңырқай, әрі сүйсіне тамашалағаным есімде. Бір ғажабы сол, сонау қиыр қонып, шет жайлаған елдің шәкірттері қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, домбырамен күмбірлете күй төгіп, қазақша би билей алады екен. Мен үшін үлкен жаңалық сол болды. Шіркін, осыларды өз көзіммен көріп, жүзбе-жүз танысып, көзбе-көз тілдесер ме едім деген арман көңілімде сол кезде көктесе де, қым-қуыт тіршіліктің қарбаласымен көңіл түкпірінде көміліп қала берді. Алайда араға жылдар салып, сол арманның шынарына қол созатынымды білдім бе екем десеңші. Армандар орындалады екен. Олай дейтінім, аяқ астынан Оңтүстік Кореяға оқу бағдарламасымен жол тарттым, өзге емес, ел астанасы – Сеулге топ еттім, онда да бақ-талайыма қарай ондаған басқа оқу ордалары емес, Ханкук Шетел Зерттеулері университетінде білім алу бұйырды.
«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» демекші, осында білім алып жатқан, жүрегі елім деп лүпілдеген қазақ студенттерінің бірі қазақша білетін Поң Хён есімді кәріс студентімен танысуыма себепші болды. Поң Хёнмен ә дегеннен әңгімеміз жарасып жүре берді. Өткен жазда Алматыда, Семейде болып қайтыпты. Менің көкейімді тескен сұрақтар әлбетте белгілі, барынша әдептен аспауға тырысып, сауысқанның сақтығымен сыр суыртпақтаймын ғой баяғы. «Не ұнады Қазақстанда?» деймін, іштей қандай жауапқа да дайын отыруға бекініп. Мұндай сұрақты күтпеді білем, ә дегенде тосылыңқырап қалды. «Табиғат… өте әдемі! Тамақтары ұнады. Шашлык, лағман, палау, самса…», – деді күліп.
Орта Азия тілдері кафедрасы орна-ласқан кампус (яғни оқу ғимараты) Сеулден екі сағаттық жердегі Ёңин қаласында еді. Әне барам, міне барам деп жүргенде ойда-жоқта Поң Хён хабарласты: «Жұма күні «Ортаазиялықтар түні» атты студенттердің іс-шарасы өткелі жатыр, қолың бос болса келуге тырыс», – деді. Ойбай, қолым бос болмақ түгіл кісендеулі болса да барам, күтіп ал деп хабар жібердім едел-жедел. Сонымен, қасыма сенімді серік қосып алып, жұма күні «білміллә» деп жолға шықтым.
Бізді аталған кафедраның меңгерушісі, профессор Сон Ёң Хун мырза күтіп отыр екен. Ол Кореядан Қазақстанға алғаш тың салушылардың бірі, кезінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алты жылдай жұмыс істей жүріп, қазақ тілін үйренген. Кейін елге оралған соң, осы университетте Орта Азия тілдері кафедрасын ашқан. Сүйтіп 2000 жылдардан бері қарай талай кәріс жастарының қазақша тіл сындыруына түрткі болған жан.
Профессор Сон Ёң Хун мырза бізді өте жылы қабылдады. Салғаннан жік-жаппар боп хал-жағдайымызды сұрастырып жатыр. Көптен ашылып ешкіммен хал-жағдай сұраспаған, тіпті қол ұшын беріп амандасуды да ұмыта бастаған көңіліміз аздап жетімсіреп жүр еді, профессордың ашық-жарқын әңгімесінен бірден қазақылықтың лебі есіп сала бергендей болды. Туһ, шіркін, өзінің шаруасы шалқып тұрмаса да, ешқашан өзгенің хал-жайын, мал-жанын сұрауда сараңдық танытып көрмеген қазақтың кең-дария шалқар пейілінің қадірін осындайда ұғынады екенсің!
Профессор Қазақстаннан кеткеніне бірнеше жылдар өтсе де, қазақ тілінде емін-еркін сайрап тұр. «Көп сөздерді ұмытып қалыппын, бұрын ағып тұрушы ем» дейді ағынан жарылып. Профессор отырған кабинетті көзбен шолып, әр нәрсеге зерделей қараймын. Сенесіз бе, көзге іліккен нәрсенің бәрі Қазақ елі туралы сыр шертіп тұрғандай: ұлттық калориттегі кәдесыйлар, том-том кітаптар, күй табақшалары, сырмақ, көгілдір жалауша – бәрі-бәрі көзіңе жылы ұшырайды.
«Ортаазиялықтар түні» атты студенттер іс-шарасын көруге асығып, өзге ғимаратқа келдік. Міне, қызық, залға кіріп келе жатып қызылды-жасылды қазақ ұлттық киімдерін киген студенттерге еріксіз көзіміз түсті. Өзара кәрісше шүлдірлесіп жатса да, біртүрлі өз қандастарың секілді іш тартып қалады екенсің.
Сонымен концерт басталып кетті. Алғаш болып сахнаға шыққан Қайрат (кәрісше есімін білмедім, өкінішке қарай) деген жігіт домбырамен «Балбырауын» мен «Ерке сылқымды» нәшіне келтіре орындады. Залдағылар тегіс іштен тынып, күмбірлеген қос ішектің құдыретті әуеніне елітіп қалғандай. Күй бітер-бітпесте көрермен дүркірете қол соғып, дуылдатып ала жөнелді.
Қайратпен кейін оңаша тілдесудің сәті түсті, жарқылдаған жайсаң жігіт екен. Күй шертуді Қазақстанға бір семестрге оқуға барғанында үйренгенін айтты. Домбыраның құлағында ойнайтын жігіт бес айда барлығы он екі күй үйреніпті. Таңғалып, бас шайқамасқа шараң жоқ.
«Қазақтың тағамдарын сағындым» дейді сөз арасында. «Бесбармақты жеп көрген шығарсың?» деймін ойымда ештеңе жоқ. «Әрине, мен оны қалай дайындауды да үйреніп алдым, осында кейде өзім пісіріп тұрам» дейді ол күлімсіреп.
Қайраттан кейін сахнаға шыққан қазақ ұлттық киіміндегі бір топ қыздар мен жігіттер қазақ биін билеп, құйқылжыған күйдің ырғағымен бірден көрерменнің көңілін елітіп әкетті...
Одан кейін концерт қазақ-өзбек әндерімен араласып, алма-кезек өрби берді. Әсерлі кештің соңы Қазақстан мен Өзбекстан туралы викториналық сұрақтармен жалғасын тапты. Өз еліміз туралы көп нәрсе білетін кәріс студенттерінің ынтасына көңіліміз көп-көрім көтеріліп қалды.
Айтпақшы, кештен соң қазақ тілін оқып жатқан студенттермен бетпе-бет кездесіп, бір-екі ауыз тілдесудің сәті түсті. Жанар, Жұлдыз, Әлия, Аида деп жағалай таныстырып жатқандардың жартысының есімін ұмытып та үлгердім. Есімдеріне қарап қазақтар екен деп ойлап қалмаңыз, өздері меңгеріп жатқан тілде екінші ат иемдену үйреншікті нәрсе екен. 2004 жылы алғашқы түлектерін ұшырған кафедрада бүгінде елуге жуық студент қазақ тілін оқып жатыр. Менің қазақша сөйлегеніме қызығып, «қазақша тап-таза сөйлейді екен» деп таңырқасып жатты.
Жалпы, кәріс жастарын қазақ тілі несімен қызықтырып отыр деген заңды сауал туындайтыны анық. Осы мақсатта аталған кафедра түлегі Ли Со Ыймен бір-екі ауыз тілдескен едім. Соны назарларыңызға ұсына кетсем, артық болмас.
– Әу баста қазақ тілін меңгеруіңе не түрткі болды? Жалпы кәріс студенттерінің қазақ тілін таңдаудағы басты себебі неде?
– Ең алғаш Орта Азия туралы мектепте оқып жүргенімде тарих сабағынан біле бастадым. Әсіресе, біздің халқымыздың сол мемлекеттерге күшпен қоныстандырылуы туралы деректер менің Орта Азияға деген қызығушылығымды арттыра түсті. 1991 жылы Кеңес өкіметі ыдырап, тәуелсіздік алған жас мемлекеттер өз алдына дербес даму жолына түскеннен кейін Қазақстанның Орта Азиядағы үзеңгі мемлекеттерден оқ бойы оза шыққаны байқалды. Кореяның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жедел қарқынмен дамығаны сияқты Қазақстанның да санаулы жылдар ішінде шетелдермен мызғымас дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, жер-жаһанға тез таныла бастауында, экономикасының қарқынды дамуында біздің елмен тағдырлас, тамырлас сабақтастық жатқандай көрінді. Әлем елдерінің көз алдында Қазақстан күн сайын өзгеріп, өркендеп, дамып келеді. Оның үстіне Қазақстан жерасты, жерүсті қазба байлықтарына бай ұлан-ғайыр ел болғандықтан, даму мүмкіндігі зор мемлекеттер қатарына жатады. Міне, осы факторлардың бәрі әу баста беймәлім болып келген жаңа мемлекеттің тілі мен мәдениетін оқып, үйренуіме түрткі болды.
– Бұл күндері қазақ тілі мамандығы бойынша бітірген түлектердің ішінде өз саласында жұмыс істеп жатқандары бар ма?
– Осы кафедрада сабақ беріп жүрген түлектер бар. Кореяға келуші ортаазиялықтарға гид боп қызмет көрсететіндерді білемін. Бірақ, шындығын айту керек, өз саласында жұмыс істеп жатқан түлектер саусақпен санарлық. Кореяда әзірге қазақ тілін қажет етіп жатқан мекеме жоқтың қасы. Ал Қазақстанда қазақ тілінен бұрын орыс тіліне сұраныс басым. Сондықтан қазақ тілі мамандығын бітірген түлектер жұмыс таба алмай, дағдаратыны жасырын емес. 2004 жылдан бері университет қабырғасынан түлеп ұшқан мамандардың көпшілігі өзге салаға ауысып кетті немесе екінші мамандық ретінде өзге тілді игеруде. Кейбіреулері Англия, Өзбекстан, Қазақстанда оқуларын жалғастырып жатыр. Келешекте Орта Азияға қатысты салада жұмыс істейтін студенттер саны көбейетініне үміттенгім келеді.
– Қазақ тілін оқу барысында қандай қиындықтар кездесті? Кезінде дәл осы тілді таңдағаныңа өкінбейсің бе?
– Қиындықтар, әрине, көп болды. Әсіресе, сөздіктің жоқтығынан қатты қиналдық. Қолда бар жалғыз кәрісше-қазақша сөздіктің сапасы мәз емес, ондағы сөздердің нақты мағынасын түсіну үлкен қиындық туғызады. Көбінесе іздеген сөздерді таппай дал боламыз, ал қате жазылған сөздер тіптен миыңды шырғалаң қылады. Сол себепті тіл игерудегі ең басты нәрсе – сөз жаттау жағы ақсап жатты.
Әйтсе де, соған қарамастан қазақ тілі мен кәріс тілі Алтай тілдер тобына жататындықтан, тез үйрендім және қазақтармен сөйлесу арқылы қызығушылығым арта түсті. Кейін мүмкіндігім болып жатса, Қазақстанда білімімді толықтыру ойымда бар. Қазақ тілін білгеніме еш өкінбеймін.
– Білуімше, кезінде Қазақстанға барып, бір семестр білім алып қайтыпсың. Сол сапарыңда өзің үйреніп жатқан тілге байланысты көңілге түйген нәрселер болды ма?
– Қазақстанда қазақ тілін мемлекеттік дәрежеде қайта қолға алып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Оқуға барғанымда да осы жағдай қазақ тілін алаңсыз үйренуге деген сенімімді арттыра түсті. Әсіресе, мен оқыған КИМЭП-те қазақ тілі міндетті пәндердің бірі болатын. Осы күні сол жердегі жергілікті студенттермен бірге оқығанымды ерекше есіме аламын. Әрине, өз тілін білмейтін немесе біле тұра сөйлегісі келмейтін студенттер де өте көп екен. Ащы да болса айтайын, қазақ халқының санасының әлі өзгермегені жаныма батады. Қазақ тілін үйреніп жатқан шетелдік студенттерге сенімсіздікпен, сезіктене қарайтыны өкінішті. Шамасы өз Отанында қажетсіз тіл бұларға неге керек бола қалды екен деген күдік иектейтін болуы керек. Шіркін, егер олар қазақ тілінің қандай керемет екенін білсе, өз ұлтына, тіліне деген мақтаныш, сүйіспеншілік пайда болар еді деп ойлаймын. Мемлекеттің дамуы тек қана экономикалық көрсеткіштерге байланысты емес, оның азаматтарының намысы мен рухы кез келген ортақ іске жұмыла кірісудегі ең басты факторлар дер едім.
– Әңгімеңізге рақмет!
Шынашақтай кәріс қызының әңгімесі көңіліме үміт пен күдік сезімін қатар ұялатты. Иә, алыста жүріп кәріс жастары қазақ тілін меңгеріп жатқанда, кейбір өз бауырларымыздың туған тілін менсінбей, мұрын шүйіріп жүргені ащы шындық. Бір жағынан, бүгін сахнада қазақша ән салып, би билеген өзге ұлт өкілдеріне риза болып тұрсам да, ана тіліміздің өз жерінде биік тұғырына қона алмай тұрған жағдайы көңілімнің бір бүйірінде қорғасындай ауыр тартып тұрды да қойды.
Сүйтіп, Ёңиндегі көптен күткен ортаазиялықтар түні бір демде өте шықты. Ашық-жарқын жүздесулер, таныстықтар, өз еліңе деген жат жердегі ықылас-құрметті көріп көңілім өсіп, ерекше марқайып қалдым. Тілдерінде ғана емес, мінездерінде де қазаққа ұқсастық бар кәріс студенттерімен қимай қоштастық…
Рауан Сәбитұлы,
Сеул, Корея,
«Ислам және өркениет» газеті
http://www.islam-orkeniet.kz