25 Сәуір 2013, 06:09
Қазақстан тәуелсіздігінің арқасында әлемге танылды. Қазақ тілі де дамып келеді. Енді оны тек республика аумағында ғана емес, шетелдерде де оқи бастады. Мұхиттың арғы жағында қазақтың ортағасырлық поэзиясына арналған ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, антологиялар шығарылуда. Түркі тіліне жататын қазақ тілін оқып-үйрену үшін біздің елге әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдіктердің де көптеп келуі қуантады.
Йоанн Юрестің шығыс халықтарына деген сүйіспеншілігі бала кезінде оянды. Жас кезінде Түркияға демалысқа келіп, түркі халықтарының тілі мен мәдениетіне керемет ғашық болғаны бар. Осыдан кейін Йоаннның Орталық Азияға көңілі ауды.
Йоанн Юрес, Франция Елшілігінің мәдениет және техникалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі:
«Қазақстанға 1994 жылы алғаш рет келдім. Мақсатым – Орталық Азияны зерттеу жөнінде француз институын ашуға көмектесу. Содан бері Орталық Азияның, соның ішінде қазақтың мәдениеті мен тілін оқып-үйренуге талпынып жүрмін. Өйткені тәуелсіз Қазақстанда қазақ тілін үйрену керек».
Ал Гэбриэль Магуайр қазақ тілін өзінің досы Ұланның арқасында үйрене бастады. Олар Индиана қаласының университетінде бірге оқып жүргенде дос болды. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстанға келіп, Гэбриэль ұзақ уақыт осында қалып қойды. Енді америкалық қазақ тілін терең үйренуді мақсат тұтып жүр.
Гэбриэль Магуайр, Назарбаев Университетінің оқытушысы:
«Ағылшын тіліндей емес, қазақ тілінің грамматикасы өте ауыр. Қазақша «Абай жолын» оқыдым. Түсінуге қиындық келтіргені араб, парсы тілінен енген сөздер болды. Шынымды айтсам, басында ауызекі тілді түсінбейтінмін. Мен Америкада қазақтың әдебиеті мен әдеби тілін оқыдым. Содан бері 2 жыл өтті. Қазір бұл мәселеде қиындық жоқ».
Жанар Әбдіғапбарова, Назарбаев Университетінің ассистент-профессоры:
«Қазір университетте қазақ тілінің 2 оқытушысы бар. Бірі – мен, екіншісі – Гэбриэль. Біз студенттерге қазақ әдебиетін әлемдік әдебиеттермен салыстыра оқытамыз. Қазақ тілі – өте бай тіл. Сондықтан, Гэбриэльге басында өте қиын болды. Алайда, өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында ол ауызекі сөйлеу тілін үнемі дамытып отырады. Сонымен қатар әдеби сөздік қорын да тұрақты толықтырып келеді».
Қазір елордада қазақ тілін оқытатын мектептер көп. Оқыту әдісі мен мерзімін әркім өзі таңдайды. Алдағы уақытта Астанада көшпелі бағдарламамен оқыту да тәжірибеге енгізілмек.
Маржан Әбділмәжитова, «Тәуелсіздік аумағы» ҚҚ атқарушы директоры:
«Бұл бағдарламаға ауылдардағы отбасыларда қазақ тілін үйрену енгізілген. Жергілікті қонақжайлылықпен, ұлттық салт-дәстүрлерді тақырыптық ойын, тренинг түрінде ұйымдастыруымен ұтымды. Халқымыздың тілін, мәдениетін білу арқылы сіздің оған деген құрметіңіздің артары сөзсіз».
Егер қазақ тілі осы қарқынымен дами беретін болса, онда таяу болашақта Гэбриэль қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын аударып, АҚШ-тың беделді университеттерінде оқыту бағдарламасына енгізілуі мүмкін. Ал өзін сыйлап, құрметтеуші әрбір француз Йоанның қазіргі еңбегінің арқасында Орталық Азия мәдениеті туралы кеңірек білетін болады. Шетелдіктердің біздің тілімізбен, мәдениетімізбен молынан танысуына «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің де ықпал етері сөзсіз.
13.03.2013