25 Сәуір 2013, 03:47
Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан - 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында, 2025-ші жылдан бастап әліпбиді, латын қарпіне көшіру туралы айтылған тапсырмасына сәйкес, осы тақырыптың өзекті тұстары талқыланды, деп хабарлайды палата баспасөз қызметі.
Отырысқа тіл ғылымының білікті мамандары, ғалымдар, депутаттар, Білім және Ғылым, Мәдениет және ақпарат министрліктері өкілдері қатысты.
Жиынға комитет төрайымы Дариға Назарбаева төрағалық етті.
Комитет атынан сөз алған Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, латын әліпбиіне көшу дайындығы ертеден басталғанын, қазірдің өзінде 100-ге тарта жоба бар екенін және латынға көшу тек әліпби дайындаумен шектелмейтінін тілге тиек ете келіп, «біз егер латын қарпіне түбегейлі көшетін болсақ, солай деп шешім қабылдасақ, онда латын қарпіне біз қазақ тіліне бейімделген әліпбиге ертерек көшуіміз қажет. Себебі 2025 жылға дейін біз ғылыми, әдеби мұраларымызды аударып үлгере алмаймыз. Олай болмағанда латын қарпіне көшкен Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдердің қателіктерін қайталайтын боламыз», - деді.
Сонымен бірге, Латын әліпбиінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, методикалық, дидактикалық жағдайларына қатысты сұрақтарды да тілге алға тартты. Одан кейін сөз алған, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен басқа да жауапты ғылыми мекемелердің, министрліктердің өкілдері талқыланып отырған тақырып бойынша атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Бірақ, тиісті құрылым жетекшілеріне депутаттар тарапынан латын қарпіне кезең-кезеңмен көшу бойынша қолға алынған нақты жұмыстар жоқ деген сын айтылды.
Дегенмен, ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Амандық Төлешовтің атап өткеніндей, қазіргі істеліп жатқан жұмыстың бәрі ғылыми тұрғыдан. Әліпби қалай болады, үйренуге жеңіл ме, ауыр ма және орфографиясы мен фонетикасы, тағы басқа тұстарын толық зерттеп барып, белгілі бір нұсқаны бекіткеннен кейін келесі кезеңге көшу керек.
Осы мәселе бойынша Комитеттің отырысы күз айына жоспарланды. Сол уақытқа дейін бүгінгі көтерілген сұрақтардың нақты жауабы дайын болмақ.
Bnews.kz,
29.03.2013 ж.