24 Сәуір 2013, 04:56
Мысыр зерттеушілері қасиетті Құранға сүйеніп, топан судың бүгінгі Сауд Арабиясы жерінен басталып, Йеменнен Левантқа дейінгі аумаққа жайылғаны жөнінде ғылыми дәлел келтіріп отыр. Бұл жайында al-Arabiya хабар таратты.
Мекке қаласындағы Умм әл-Кура университетінде жұмыс істейтін Мұхаммед әл-Бастауиси өзінің зерттеуі Құранға негізделгенін айтты. muslim.kz сайтының жазуынша, ол зерттеу жұмысында гидрологиялық құралды пайдаланып, спутниктен түсірілген суретке талдау жасаған. Оның айтуынша, топан су бүгінгі Йемен жерінен бастау алып, Сауд Арабиясын басып өтіп, Левантқа (Левант - Жерорта теңізі аймағының шығыс бөлігінің жалпы атауы) дейін жеткен. Топан судың басуына Құранда айтылғандай жанартау себеп болған. Бұл үшін ол спутниктен түсірілген суретті зерттеген. Оның сөзіне қарағанда, жанартаудың атқылауы - әлемге топан судың қаптайтындығын білдіретін Құдайылық белгі болып табылады. Топан судың нәтижесінде ауданы 1 млн шаршы шақырымды алып жатқан үлкен көл пайда болады. Ол батыстағы Хижаз таулы жоталар мен Араб түбегінің орталық бөлігіндегі «Жебел Тувак» таулы құлама еңіс аралығында болған. Алайда, ол Нұх кемесінің тоқтаған жерін анықтай алмаған. Зерттеуші бұл ақиқатқа Құранда айтылған жанартау орнын тапқаннан кейін көз жеткізген. Мұхаммед әл-Бастауиси шумерлік эпосты да еске алды. Адамзаттың ең көне әдеби туындысы «Бәрін көрген адам туралы» поэмада топан су жайлы айтылып, оның сөзін растай түседі. Бір айта кетерлігі, оның бұл жаңалығы Оксфорд университетінде 2013 жылдың шілде айында ресми түрде жарияланады.
ҚазАқпарат.