23 Сәуір 2013, 08:22
Жамбылдық жампоз Ақжүрек Достықұлы – Лондон Олимпидасының жолдамасына үстіміздегі жылғы сәуірде қол жеткізді. Атап айтсақ, Астанада өткен Азия елдерінің лицензиялық турнирінде Жамбыл күрес мектебінің талантты түлегі бірінші белдесуінде Қытай елінің балуаны Катая Юрланбикені қапы қалдырған. Жартылай финалда үндістандық Сушил Кумарды ұтты. Ал финалда өзбек Ихтиор Наврузовқа жол берді. Сөйтіп, жамбылдық бапкерлер мен жанкүйерлер үшін арман болған жолдама саны әрең дегенде екі деген санға жеткен.
Қазақта «арық айтып, семіз шық» деген қанатты сөз бар. Нәтиженің санмен емес, сапамен өлшенетінін, сондықтан еншімізге бұйырған (бұйырмағаны қаншама!) екі жолдамамен-ақ жұрттың назарын аударатын жетістіктерге жетуге болатынын түсінген облыс әкімі Қанат Бозымбаев Ақжүректің жолдамасының қуанышынан шет қалмай, балуанды арнайы қабылдап тұрып: «Олимпиада күрес кілемінде жақсы өнер көрсету үшін спортшыға не қажеттің бәрін жасаймын», деп уәде берген.
Сонымен екі көзіміз төрт болып «Ел арнаға» үңілдік. Белдесуге шыққан сәттегі Ақжүректің жүзі сынықтау көрінді. Бұл сөз жоқ, үндістандық балуанда кеткен ыза мен кектің табы екені даусыз еді. Ал үнді болса Астанадағы «кегін» қайтарудың сәті бұдан кейін түсе бермес деп ойлады ма, біздің жігіттен айласын асыра алмаған соң ең лас әдіс-әрекеттерге барып, қарсыласының құлағын «шайнауға» кірісті.
Мұндай сорақылықты жанкүйерлер бұрын-соңды көрмесе де тарихтан естіп, білуші еді. Біріншісі, «жапон балуаны Қажымұқан атамыздың құлағын тістеп алыпты» дегенді оқығанымыз бар-ды кітаптан. Ал екіншісі, атақты былғары қолғап шебері Майк Тайсонның ызаға булығып қарсыласының құлағына ауыз салғанына теледидар арқылы куә болғанбыз. Үндістандық балуан Сушил Кумар да сол лас әдісті «дұрыс» деп тауыпты. Бұл көргенсіздікке Ақжүректің бапкерлері де, жанкүйерлер де шыдамай, айғайға басқан. Үйде отырып біз де жерді тоқпақтап жатырмыз. Бірақ… бірақ… біздің бапкерлер айғайға басқанымен, төрешілер қарсылықтарын білдіретін белгіні күрес кілеміне лақтырмады. Егер осы белгіні лақтырып, бейнежазба арқылы әлгі оспадарлықты жайлап қайта көрсеткенде, әділдік жеңіп, Ақжүрегіміз алтын үшін күрес жолына шығуға бір табан жақын тұр еді-ау шіркін дейміз. Өкінішке қарай, тарих доңғалағын енді кері қарай айналдыра алмайсыз.
Дегенмен, «Ел арнадан» естілген атақты балуан Ислам Байрамуковтың құлаққа жағымды таныс үні ашу-ызаны басып, сабамызды орнына түсіргендей болды. Ол Ақжүректің әлі де болса қола медаль алуға мүмкіндігі бар екенін айтып, жанкүйерлердің үмітін оятқан. Оған толықтай сендірген. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, күрес өнерінің білікті маманы көңілімізді жұбатқан соң, біздің де «арқамыз» қайта қозып, сеніміміз қайтадан нығая түскен.
Иә, ендігі үміт Лондон Олимпидасының қола медалі үшін болатын белдесу еді. Ақжүректің күрес кілеміне шығуын тағатсыздана күткен жанкүйерлер ә, дегенде оның түрінен іш жиып қалды. Өйткені, өте шаршаңқы көрінген. Белдесу басындағы қимылы да сылбырлау сияқты болды ма, қалай? Бірақ уақыт өте келе Ақжүрек өзінің ата жолын қуған азамат, жілік майы бүтін қойдан қалжа жеген анадан туған арда ұл екенін дәлелдеп, қарсыласынан үстемдік ала бастады. Түрік балуаны Рамазан Шахин Рамазан айында қазақ жігітінен тізе бүкті. Бапкерлері де ешқандай қарсылық жасай алмады.
1986 жылдың 3 қыркүйегінде өмірге келген Ақжүрек Достықұлы Таңатаров бүгінде 26 жаста. Үйленген, отбасында Аида атты сұлу жары бар. Бір ұл, бір қыздың әкесі. Еркін күрес бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Еліміздің 4 дүркін чемпионы, ҚР Кубогының иегері, үстіміздегі жылы Иран елінде өткен «Тахти» деп аталатын халықаралық турнирдің жүлдегері.
Азырақ болса да балуанның арғы тегіне шегініс жасап, ата-баба шежіресіне үңілсек, Ақжүректің атасы Таңатар ауыл-аймағына танымал батыр болыпты. Алысқанды жыққан, атысқанды құлатқан оның осы әбжіл қимылы Әулиеата өңірінен шыққан атақты Ақкөз батырдың қолымен бірге Ресей отаршылдарына қарсы көтеріліске қатысуына түрткі болған. Ақкөз батыр деген кім десек, ол, яғни Ақкөз батыр Қосанұлы (1859-1921 ж.ж.) 1916 жылғы Меркі (Әулиеата уезі) қазақтары ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі болған адам. Ол кезінде Меркі, Құлан ауылдарының 7 болысының қазақтарын ұлт-азаттық көтерілісіне бастаған. Міне, осы батыр бабамыздың найза, шоқпар, айбалта, сойылмен қаруланған және қара күштеріне сенген қалың қолының ішінде Ақжүректің арғы атасы Таңатар батыр да атойлап жауға шапқан. Олар сөйтіп, жазалаушы отрядтардың көптеген жасақтарын жусатып салған. Таңатардан туған Ақырапбай да кезінде ат құлағында ойнап, көкпар десе ішкен асын жерге қойған асыл азамат екен. Жиын-тойда күреске түсіп, балуандық өнерімен де танылған. Міне, сол Ақырапбайдан Ақжүректің әкесі Достық туады.
Достық та жастайынан спортқа үйір болып өсті. Мектептегі күрес үйірмесіне қатысып, балуандықтың әліппесімен ерте танысқан ол аудандағы спорт саласына аянбай еңбек сіңіре бастады. Мектепте дене шынықтырудан дәріс беріп, күрес секциясын басқарды. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Ақжүректі де күрес өнеріне жастай баулыды.
– Тоқсаныншы жылдардың қиындығы қос өкпеден қысқан кезде Тұрар Рысқұлов атындағы ауданнан көшіп, отбасыммен облыс орталығына келдім. Мұнда еркін күрестің білікті бапкері әрі қайнағам Шоқан Нәдірбекұлымен жақсы сыйлас едім. Соның арқасында нан тауып жейтін жұмысқа тұрып, баламның да күрестен хабары бар екенін айттым. Шоқан баламды көрген бетте жаттығуға алып, алғашқы аптада-ақ облыстық жарысқа салып, сынап көріп еді, ол бірден облыс чемпионы атанды. Одан кейін Бішкекте өткен халықаралық жарысқа апарып еді, ол жақтан да жеңіспен оралды. Не керек, сөйтіп, бір айдың ішінде бірнеше жеңісімен көрінді. Содан бастап Шоқан ағасы Ақжүректің тәлім-тәрбиесімен шындап айналыса бастады. Бірақ «өмір – жалған» деген, осыдан біраз жыл бұрын ақкөңіл азаматтың жүрегі тоқтап, ұлымның болашағын қазіргі бапкері Әділет Сарыбаев өз қолына алды. Шындығын айту керек, Әділеттің де жолы жеңіл болды. Баламыз бәсі үлкен талай жарыстарда оза шауып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Міне, бүгін қалың еліміз соның нәтижесін көріп отыр, – деді әкесі.
Біз қолға кеп қонған «қола» құсқа тәубе айтып, жүлдегердің үйіне барып, балуанның ата-анасын қуаныштарымен құттықтай отырып Ақжүректің ұлының аты Есугей, қызының аты Айзере екенін естіп:
– Аттары жақсы екен, кім қойды? – деп қалғанбыз.
– Мен қойдым, – деді Ақжүректің әкесі Достық немерелеріне сүйсіне қарап. – Есугей баҺадүр – Шыңғысханның әкесі емес пе? Одан туған ұл әлемді тітіреткен жоқ па?!. Мен де Ақжүректің өзі де, ұлы да әлемді аузына қаратсын деп ырым еттім. Міне, сол арманым орындалып отыр.
– Ақжүрек те некен-саяқ есімдердің бірі. Оны да сіз қойдыңыз ба?
– Иә, баламның атын да өзім қойдым. Ол кезде Тұрар Рысқұлов ауданындағы Мәдениет үйінде спорт саласының қызметкері болатынмын. Белгілі композитор Мэльс Өзбеков ағамыз екеуміз күнде бас қосамыз. Бір күні менің келіншегімнің босанғанын естіп, «жу» деп, үйде күтіп отыр екен. Түнімен «дүрілдеттік». Сол отырыста мына атты қоясың деп бір парақ қағазға бірнеше аттарды жазып берген. Бірақ ертесіне ауылдық кеңеске барған кезде әлгі қағазды таба алмай, ондағы хатшы қыз да: «болыңыз ағай, менің уақытым тығыз» деп қоймаған соң тұңғыш ұлым Ақниеттің атына ұйқастырып Ақжүрек деп қойып жібердім. Кейін Мэльс ағайым бұл атты естіп, «жақсы екен», деп қатты риза болды.
Ақжүректің әкесі Достық бүгінде құрылысшы, ал анасы Гүлжанат Тойбекова үй шаруасындағы әйел. Төменгі Талас бойындағы Аққұм ауылының аруы. Ақжүректің келіншегі Аида болса Бауыржан Момышұлы атасының ауылынан болады. Ол Астанадағы Еуразиялық университетті жақсы деген бағаға бітіріп, туризм және менеджмент мамандығын алып келіп отыр екен.
Жанкүйерлер спортшыларды Әлем және Олимпиада ойындарында ғана танып, біліп, қошемет көрсетіп жатады. Ал олардың былайғы күндердегі өмірлерінің әр сағаты, әр күні және әр айы сынға толы екенін біле бермейді. Мысалы, Олимпиада алдында Польша елінде «Циолковский мемориалы» деген атпен ересектер арасында еркін күрестен ХХІ халықаралық турнир болып өтті. Міне, осы дүбірлі додада қазақ елінің балуандары бір ғана қола медальға қол жеткізді. Ол медальдың иесі біздің Ақжүрек Таңатаров болатын. Ақжүрек сол жарыста ел иесі Андре Сокальскийді 3:1, 4:0 есебімен айқын ұтса, жартылай финалда түрік балуаны Сахин Рамазаннан 4:1, 0:3, 0:2 есебімен жеңілген болатын. Біз, жанкүйерлер, бұл есептен қандай ой түйеміз? Ол ой – спорт жолының ұдайы жеңістерден тұрмайтынын, онда жеңіс пен жеңіліс алма-кезек болып тұратынын ұқтырады. Оның анық дәлелін Лондон Олимпиадасы көрсетті. Осы түрік балуанын, яғни Бейжің Олимпиадасының чемпионы, Әлем және Еуропа чемпиондары Сахин Рамазанды біздің Ақжүрек емін-еркін ұтып кетті. Сондай-ақ, кейіпкеріміз жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Жамбыл өңірі күресінің өзіндік дәстүрлі мектебі бар. Оның басында Қазақ елінен шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, КСРО біріншілігінің, КСРО халықтарының VІ жазғы спартакиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогының иегері, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-і еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Жақсылық Үшкемпіров тұр. Еуропа чемпионы, Әлем кубогының иегері Алмас Мұсабеков те бар. Әлем кубогының тағы бір иегері, Азия құрлығының чемпионы Сәлкен Жартыбаев та Жамбыл өңірі күрес мектебінің түлегі. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковтың жеңістері өз алдына бір төбе.
Айта берсек, атақты балуандар Жамбыл облысында өте көп. Міне, Ақжүрек сол белі мығым, білегі күшті, тізесі темірдей, әдіс-айласы мол әбжіл ағаларының жеңісті жолын одан әрі жалғастырып, Лондон Олипиадасының қола жүлдесімен оралып отыр.
Көсемәлі Сәттібай, «Егемен Қазақстан»