Туған жері

23 Сәуір 2013, 06:09

Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов 1912 жылдың 24 қарашасында Ресейдегі Омбы облысының Шарбақкөл ауданына қарасты Айбас (қазіргі Жанан) ауылында дүниеге келді. Ол туғаннан кейін бір жылдың шамасында (1913 ж.) әкесі Кәрім ауыр сырқаттан дүниеден озды. Жығылғанға жұдырық дегендей жас бала кезінде жазатайым себеппен бір көзінен оқыс айрылды. Анасы Әлипа қайратты да қажырлы, мырза мейірімді, бауырмал болыпты. Міне, осы мінезінің арқасында Айтқожа, Сейтқожа, Бәткен, Фазыл есімді төрт баласымен қалса да, ауыр қазаға мойымай, Айтқожадан туған бірінші немересі Сәлімді де өз бауырына басып алыпты. Бес баланы тәрбиелеп, өсіріп, өндіріп, 92 жасында Фазылдың Алматыдағы үлкен қызметте жүргенін өз көзімен көріп, бұл жалғаннан жанына жара салмай аттаныпты. 1958 жылы анасы қайтыс болғанда Фазыл аға келіп, соңғы сапарына аттандырып, басына бір тал шыбықтай бала қайыңды отырғызып кетіпті. 2009 жылы сол қайыңның бойы бұлттарға жетіп, бұталары жан-жаққа саясы мол құлаш жайып, жайқалып тұрғанын көргенде: Басында асыл ана ағашын-ай! Аймаққа Алла берген жанашырдай. Ақ қайың Фазыл еккен жайқалып тұр, Тоқсаннан асып өткен анасындай, – деппін. Шынында да жайқалған жапырақтарынан маңайын қолтығына алып тұрған ана-қайың Әлипа шешейдің өзін елестетеді. Алып анадан туа­ды дегендей, Фазыл ағаның өзі де алып денелі, зор тұлғалы болса, анасы да, анасының басындағы толағай өскен ақ қайың да ұлағатты әулеттің белгісіндей көз тартып тұр. Айтқожадан туған Сәлім есімді немересін Әлипа шешей өз балаларымен қоса өсірсе, Сәлімнен туған шөбересі Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов тәуелсіздік туын Елбасымен бірге көтеріскен, Астананы Ақмолаға көшіргенде бірге көш-көлікті түсіріскен, кезінде Премьер-Министрдің орынбасары, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі, үш облыста әкім, Қазақстан Республикасының Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Парламентінің Мәжілісі спикерінің орынбасары болған көрнекті қайраткеріміз, оның інісі Хайрат та еліміздегі белгілі азамат. Қазақтың ежелгі ата дәстүрі бойынша кіші бала шаңырақтың иесі саналады, сол тәртіппен Фазыл Кәрімұлы қай қияда жүрсе де барлық Кәрібжановтарға қамқоршы болғаны белгілі. «Фазыл аға» атты кітабымды, әсіресе, «Заман сыры» атты поэмамды жазардың алдында Шарбақкөлдегі Жанан ауылындағы барлық ағайындардың Фазыл ағаға деген ризашылығында шек жоқ екеніне көзім жетті. Бұл аудан Жұмабай Шаяхметов, Қошке Кемеңгерұлы, Фазыл Кәрібжанов, Жәнібек Кәрібжанов, Балташ Тұрсынбаев және басқа да айтулы азаматтарды берген атақты жер екен. Шарбақкөлдіктер байырғы ата жұртын қаншалықты сыйласа, Тәуелсіз Қазақстан да ол аймақтың түлектерін, әсіресе, ұлағатты асыл ұлдарын соншалықты құрметтеді. Соның арқасында көптеген шарбақкөлдіктер мен Омбы облысының басқа жерлерінен елге жеткен қазақтар баршылық. Фазыл Кәрімұлы алғашқы бес сыныптық білімді ауылындағы мектептен алыпты. Шарбақкөл аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен, асыл анасының ақ батасын алып, ет жақын ағайын-туыстарының көмегімен Омбыдағы Рабфакқа 1929 жылы түсіп, 1933 жылы тәмамдапты. Бұл жылдарының үлкен сабағы: ауылда өскен зерек бала орыс тілін үйреніп, екі тілге бірдей таныс болып, екі халықтың да әдебиет, мәдениетіне деген ынта-жігер, ықылас-ұмтылысын молайтыпты. Рабфакты бітірген жылы Омбы қаласындағы Сібір ауыл-шаруашылық институтына оқуға түсіп, рабфактағы дайындығының арқасында бұл институттың барлық курстарында «өте жақсы» деген бағамен үздік оқыпты. 2009 жылы осы институтта болып, тамаша мәліметтер алғанда институттың құрмет тақтасындағы шәкірттерінің портреттерінің ішінде ағайынды Фазыл мен Жәнібек Кәрібжановтарды көргенде төбем көкке жеткендей қуандым. Орыстардың арасында өсіп, «мен қазақпын» деген ұлттық намыстарын жықпаған мінездері, туғалы жайлап өскен атамекендерінің бергені деп түйіндедім. Қасиетті Шарбақкөлді көргенде, ауыз суына керекті шағын көлді қорғап қойған ескі шарбақтың қалдықтарын да көрдім. Шағын қойнаудағы сол көріністе ауданның аты жатыр. Жанан ауылындағы қазақтардың мінез-құлқында ішкі намыстары мол бауырмалдық заты жатыр. Тап осы тебіреністі күндерде: Ақ қайың, қарағайлы көркем жерді, Ұшырған қанат байлап өңкей ерді. Осы жұрт Шарбақкөлді біле ме екен, Жебеген Жұмабай, Фазыл, Қошкелерді, – деген екенмін. Жанандықтардың бір кереметі: маңайларындағы тап-тұйнақтай әсемделген үйлері, мұнтаздай етіп тазалап қойған көшелері бар орыс, неміс поселкелерінен өз ауылдарын кем ұстамайды екен. Екіншіден бір ұнағаны, «Біз Ресейге кірме емеспіз, Ермактың қуғынынан есен қалған өз атажұртымызда отырмыз», – деп ашық айтып, маңайындағыларды көндіріп алған екен. Міне, осының бәрі, әрине, жас Фазылға өз әсерін тигізді. Ұлтжандылықтың, атажұртын сүйгіштіктің бойына терең сіңгені де осы ауылдың бергені. Кәкімбек Салықов, «Егемен Қазақстан».

Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов 1912 жылдың 24 қарашасында Ресейдегі Омбы облысының Шарбақкөл ауданына қарасты Айбас (қазіргі Жанан) ауылында дүниеге келді. Ол туғаннан кейін бір жылдың шамасында (1913 ж.) әкесі Кәрім ауыр сырқаттан дүниеден озды. Жығылғанға жұдырық дегендей жас бала кезінде жазатайым себеппен бір көзінен оқыс айрылды. Анасы Әлипа қайратты да қажырлы, мырза мейірімді, бауырмал болыпты. Міне, осы мінезінің арқасында Айтқожа, Сейтқожа, Бәткен, Фазыл есімді төрт баласымен қалса да, ауыр қазаға мойымай, Айтқожадан туған бірінші немересі Сәлімді де өз бауырына басып алыпты. Бес баланы тәрбиелеп, өсіріп, өндіріп, 92 жасында Фазылдың Алматыдағы үлкен қызметте жүргенін өз көзімен көріп, бұл жалғаннан жанына жара салмай аттаныпты. 1958 жылы анасы қайтыс болғанда Фазыл аға келіп, соңғы сапарына аттандырып, басына бір тал шыбықтай бала қайыңды отырғызып кетіпті. 2009 жылы сол қайыңның бойы бұлттарға жетіп, бұталары жан-жаққа саясы мол құлаш жайып, жайқалып тұрғанын көргенде:

Басында асыл ана ағашын-ай!

Аймаққа Алла берген жанашырдай.

Ақ қайың Фазыл еккен жайқалып тұр,

Тоқсаннан асып өткен анасындай, –

деппін. Шынында да жайқалған жапырақтарынан маңайын қолтығына алып тұрған ана-қайың Әлипа шешейдің өзін елестетеді. Алып анадан туа­ды дегендей, Фазыл ағаның өзі де алып денелі, зор тұлғалы болса, анасы да, анасының басындағы толағай өскен ақ қайың да ұлағатты әулеттің белгісіндей көз тартып тұр.

Айтқожадан туған Сәлім есімді немересін Әлипа шешей өз балаларымен қоса өсірсе, Сәлімнен туған шөбересі Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов тәуелсіздік туын Елбасымен бірге көтеріскен, Астананы Ақмолаға көшіргенде бірге көш-көлікті түсіріскен, кезінде Премьер-Министрдің орынбасары, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі, үш облыста әкім, Қазақстан Республикасының Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Парламентінің Мәжілісі спикерінің орынбасары болған көрнекті қайраткеріміз, оның інісі Хайрат та еліміздегі белгілі азамат. Қазақтың ежелгі ата дәстүрі бойынша кіші бала шаңырақтың иесі саналады, сол тәртіппен Фазыл Кәрімұлы қай қияда жүрсе де барлық Кәрібжановтарға қамқоршы болғаны белгілі. «Фазыл аға» атты кітабымды, әсіресе, «Заман сыры» атты поэмамды жазардың алдында Шарбақкөлдегі Жанан ауылындағы барлық ағайындардың Фазыл ағаға деген ризашылығында шек жоқ екеніне көзім жетті.

Бұл аудан Жұмабай Шаяхметов, Қошке Кемеңгерұлы, Фазыл Кәрібжанов, Жәнібек Кәрібжанов, Балташ Тұрсынбаев және басқа да айтулы азаматтарды берген атақты жер екен. Шарбақкөлдіктер байырғы ата жұртын қаншалықты сыйласа, Тәуелсіз Қазақстан да ол аймақтың түлектерін, әсіресе, ұлағатты асыл ұлдарын соншалықты құрметтеді. Соның арқасында көптеген шарбақкөлдіктер мен Омбы облысының басқа жерлерінен елге жеткен қазақтар баршылық.

Фазыл Кәрімұлы алғашқы бес сыныптық білімді ауылындағы мектептен алыпты. Шарбақкөл аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен, асыл анасының ақ батасын алып, ет жақын ағайын-туыстарының көмегімен Омбыдағы Рабфакқа 1929 жылы түсіп, 1933 жылы тәмамдапты. Бұл жылдарының үлкен сабағы: ауылда өскен зерек бала орыс тілін үйреніп, екі тілге бірдей таныс болып, екі халықтың да әдебиет, мәдениетіне деген ынта-жігер, ықылас-ұмтылысын молайтыпты. Рабфакты бітірген жылы Омбы қаласындағы Сібір ауыл-шаруашылық институтына оқуға түсіп, рабфактағы дайындығының арқасында бұл институттың барлық курстарында «өте жақсы» деген бағамен үздік оқыпты. 2009 жылы осы институтта болып, тамаша мәліметтер алғанда институттың құрмет тақтасындағы шәкірттерінің портреттерінің ішінде ағайынды Фазыл мен Жәнібек Кәрібжановтарды көргенде төбем көкке жеткендей қуандым. Орыстардың арасында өсіп, «мен қазақпын» деген ұлттық намыстарын жықпаған мінездері, туғалы жайлап өскен атамекендерінің бергені деп түйіндедім. Қасиетті Шарбақкөлді көргенде, ауыз суына керекті шағын көлді қорғап қойған ескі шарбақтың қалдықтарын да көрдім. Шағын қойнаудағы сол көріністе ауданның аты жатыр. Жанан ауылындағы қазақтардың мінез-құлқында ішкі намыстары мол бауырмалдық заты жатыр. Тап осы тебіреністі күндерде:

Ақ қайың, қарағайлы көркем жерді,

Ұшырған қанат байлап өңкей ерді.

Осы жұрт Шарбақкөлді біле ме екен,

Жебеген Жұмабай, Фазыл, Қошкелерді, –

деген екенмін. Жанандықтардың бір кереметі: маңайларындағы тап-тұйнақтай әсемделген үйлері, мұнтаздай етіп тазалап қойған көшелері бар орыс, неміс поселкелерінен өз ауылдарын кем ұстамайды екен. Екіншіден бір ұнағаны, «Біз Ресейге кірме емеспіз, Ермактың қуғынынан есен қалған өз атажұртымызда отырмыз», – деп ашық айтып, маңайындағыларды көндіріп алған екен. Міне, осының бәрі, әрине, жас Фазылға өз әсерін тигізді. Ұлтжандылықтың, атажұртын сүйгіштіктің бойына терең сіңгені де осы ауылдың бергені.

Кәкімбек Салықов, «Егемен Қазақстан».

Бөлісу: