23 Сәуір 2013, 05:56
Дарынды жасты мәскеуліктер жібергісі келмей Ресейде алып қалғысы келеді. Бірақ пайдасын алдымен өз халқына тигізгісі келген Мұрат олардың шақырғанына бармай Алматыға оралып, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника институтына аға ғылыми қызметкер болып орналасады.
Осы жерде ол өзінің де, халқының да атағын аспанға шығара білді. Егер ғылыми анықтамалыққа жүгінетін болсақ, Мұрат Әбенұлы әлемде алғашқылардың бірі болып клеткалық макромолекулалардың синтезі саласында аса құнды зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, эукариоттық клеткаларда кездесетін бөлшектердің жаңа класын, ақпараттық рибонуклеин қышқылдарының рибонуклеопротеидтік түрі – информасоманы ашқан. Осы информасомаға ол толық анықтама беріп, олардың физико-химиялық қасиеттеріне сипаттама жасаған. Зерттеу нысаны етіп бидай дәнінің эмбриогенезі, пісіп-жетілуі, тұқымынан өнуі, т.т. алған. Сонымен қатар, ол жануарлар мен өсімдіктер клеткаларының суббөлшектерінен тұратын әрекеті күшті будан рибосомалар алуға, оларды зерттеуге болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдеген. Осындай тәжірибелерді автоматтандыру саласында да белсенді басшылық жасаған. 1976 жылы молекулалық биология мамандығы бойынша КСРО-да бірінші болып докторлық диссертация қорғаған. Қатардағы адам түсіне бермейтін осы жаңалықтарды қарапайым тілмен қалай айтуға болады және оның өмірдегі пайдасы қандай деген сұраққа биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов былай деп түсінік берді: мұның іргелі ғылымның дамуына пайдасы орасан зор болуы бір жақтан болса, өндірісте келтіретін пайдасы да керемет. Мұрат Айтхожиннің жаңалығы өсімдіктердің жедел өсуін қамтамасыз етіп, сыртқы ортаның зиянды әсеріне біршама төтеп бере алатын жаңа сорттарды шығаруға мүмкіндік береді. Мәселен, осы ашылған жаңалықтың арқасында астықтың даму заңдылығын, сапасын жіті зерттеуге болады. Кей жылдары ылғалдың көптігінен бидайдың дәніндегі альфа-амилаза деген ферменттің белсенділігі артып, нәтижесінде дәннің сабағында тұнып, өніп кету қаупі болатын. Айтхожиннің бір шәкірті О.Фурсов ұстазының жаңалығын қолдана отырып, альфа-амилазаның әрекетін бәсеңдететін тәсіл тауып, соның негізінде селекционерлермен біріге отырып, бидайдың жауын-шашын кезінде сабағында өнбейтін жаңа сортын шығарды. Аэроғарыштық бағдарлама бойынша салмақсыздық жағдайында сұрыпталып алынған картоптың “Тоқтар” атты жаңа сорты да осы жаңалықты қолданудың арқасында өмірге келді. Сонымен бірге, адамдардың бойындағы тұқым қуалайтын ауруларды анықтап, олардың алдын алуға, ДНК-лық карта жасауға бұл жаңалықтың пайдасы зор.
Мұрат Айтхожин 1978 жылдан 1983 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ботаника ғылыми-зерттеу институтының директоры болған, ал 1983 жылы ол құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораториялары бар Молекулалық биология және биохимия институтын ашып, өзі өмірінің соңғы күніне дейін оның алғашқы директоры болды. Қазір институт М. Айтхожин атында, 1988 жылдан бастап оны қарындасы Нағима Айтхожина абыроймен басқарып келеді. Қазір институт әлемдік деңгейдегі ғылыми бағдарламаларды іске асыруда.
Мұрат Әбенұлының кезінде КСРО-да болған бар-жоғы бес биотехнология орталығының екеуі Қазақстанда ашылған еді. Оның біреуі сол кездегі Целиноградта, екіншісі Алматыда болған.
Қазақ ғалымының ашқан жаңалығы әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлес деп бағаланып, 1976 жылы Лениндік сыйлық берілген. Ал 1987 жылы ол Дүниежүзілік Бейбітшілік қорының Алтын медалімен және сол жылы “Халықтар достығы” орденімен марапатталған. Өкінішке орай дәл осы жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып жүрген оның өмірі де 49-ға қараған шағында ауыр науқастан мезгілсіз үзіліп кетті…
Білетіндердің айтуына қарағанда, оның бойына жұққан кесел химиялық изотоптармен көп жұмыс істегеннің кесірінен пайда болған. Басқа да кейбір биолог ғалымдар осындай дертке ұшыраған екен…
Мұрат Айтхожиннің есімі көзінің тірісінде-ақ әлем елдеріне танылған. Бірақ ол өзінің табиғи қарапайымдылығынан, еңбексүйгіштігінен танған емес. Ғалым соншалық атақ-даңқына қарамай, лабораторияда қолмен атқарылатын қарапайым жұмыстарға да кірісіп кететін көрінеді. Бәлки, оның үлкен табысқа жету сырының бір ұшығы да сонда шығар. Мұрат Әбенұлы: “Нағыз ғалым өзінің ісін жарнамаламайды. Ал өмір жолын бағалап, қорытындылау басқа нәрсе. Осы қорытынды ғылымды насихаттауға пайдасын тигізсе құба-құп болар еді”, деген екен ірі ғылыми жиындардың бірінде.
1984 жылы Алматыда Дүниежүзілік биохимиктер қоғамы съезінің өткізілуі де Мұрат Әбенұлы есімімен тығыз байланысты. Ол сияқты әлем мойындаған маман болмаса түрлі елдердің азуын айға білеген ғалымдары Алматыға келер ме еді? Сол съезге Нобель сыйлығының бірнеше лауреаттары да қатысқан, соның ішінде оны екі дүркін алған В.Поулинг те болған.
Мұрат Айтхожин ашып, іргетасын қалаған Молекулалық биология мен биотехнология институтынан тамаша ғалымдар өсіп шықты. Мәселен, олардың арасында гендік инженерия саласында бүкіләлемдік деңгейде танымал болған Болат Ысқақов, аэроғарыштық бағдарламалар жасауға қатысқан Мұратбек Қарабаев, қазір Австралия елінде қызмет істеп жүрген Серік Елубай т.б. бар.
Ғалымның өмірі мен қызметі талай жасқа үлгі болды. Оның әсерімен биология мамандығын мыңдаған қыз-жігіттер өзінің өмірлік кәсібіне қалап алды. Мәскеудің Вавилов атындағы биологиялық ғылыми-зерттеу институтына барған олардың кейбірі өздерін: “Қазақстаннан едік”, – дегенде: “О, сендер Айтхожиннің жерлестері екенсіңдер ғой”, – деп қуаныш білдіретінін көріп, төбелері көкке жетіп қалады екен... Түсінген жанға осының өзі де көп дүние-ау.
Мұрат Айтхожиннің туған жері – Петропавл қаласында бұрынғы өзі оқыған мектеп 2005 жылдан бері оның есімімен аталады және оған мемориалдық тақта қағылған, ал көше атауы берілген емес. Бұл іс 70 жылдығын тойлау қарсаңында қолға алынатын шығар. Қазір мектеп ұжымы мерейтойды лайықты атап өту үшін бірқатар шаралар белгілепті. Бірақ ғаламдық аты бар ғалымның тойы мектеппен шектеліп қалмас.
Мүкеңнің отбасы туралы да бір ауыз сөз айта кетелік. Оның зайыбы Галина Темірқызы қазір бақуат, Алматы қаласында тұрады. Ал екі қызы өмірден өздеріне лайық жолдарын тапқан.
Міне, барлық саналы ғұмырын бір ғылымға арнап, “дүние де өзі, мал да өзі” деп өткен ерен тұлғаның ерекше өмірінің қысқаша мазмұны осындай.
Жанат Түгелбаев, «Егемен Қазақстан»