23 Сәуір 2013, 05:49
Еврей халқын ештеңемен таңдандыра алмайсың. Әсіресе, ғалымның көптігіне олар таң қала қоймас-ау… Сөйтсе де Солтүстік Қазақстандағы еврей ұлттық орталығы Айтхожиндар отбасының ғажаптығына таң қалады. Бір отбасындағы алты баланың бәрінің де ғалым болуы, оның ішінде 4 доктор, 2 кандидат, оның ішінде 3-і академик, 2-і Ұлттық ғылым академиясының президенті болуы – Гиннестің рекордтар кітабына енгізілетін құбылыс дейді қоғамның төрағасы Марк Виткин. Осыған дейін тек Қонаевтар отбасынан ғана Ғылым академиясының екі президенті шыққан еді, бірақ олар әртүрлі ғылым саласында болған, екеуі бірдей бір саладан шыққан ғалымдар Айтхожиндар ғана, дейді сұңғыла Мәкең…
Алтау ала болмай, барлығы ғылымнан өз жолын тауып жатса, оған қалай таңғалмасқа?!
Марк Павловичтің өзі Айтхожиндар отбасын естумен ғана емес, тікелей біледі. Жоғарыда айтқанымыздай, олардың үлкен ағалары Нариманмен мектепте бірге оқып, екеуі де оны алтын медальға бітірген. Одан соң екеуі де Мәскеудің жоғары оқу орындарына түскен. Айтхожиндар отбасы туралы негізгі әңгімені айтып берген де сол. Петропавлда Мұраттың өзі оқыған мектебі оның атымен аталады, бірақ біз осынша дарынды балаларды өмірге әкеліп, әрі оларды тамаша адам етіп тәрбиелеп өсірген Әбен мен Мүнира Айтхожиндардың атына да бір көшенің атын беруді қалаймыз, дейді ол. Виткин айтқанын құр сөзбен емес, ресми хат жолдаумен жалғастырған. Қалалық мәслихаттың сессиясында Ярослав Гашек көшесін сол екеуінің атына беру керектігін дәлелдеп те берген. “Қазақстанға еш қатысы жоқ, Ресейде бар-жоғы екі-ақ жыл тұрған чех жазушысынан гөрі біздің халыққа Айтхожиндар отбасы тамаша үлгі емес пе”, дейді ол. Амал не, ғажаптығына еврей ақсақалының көзі жетіп тұрған іске қазақ шенеуніктерінің көзі әлі жете қоймапты…
Еврейлер шын ғажапты ғана мойындайды және оны өзіне үлгі тұтады. Бауыржан Момышұлының феноменін де бұл халық алғашқылардың бірі болып мойындаған. Патриоттық тәрбие беруде оның үлгісі теңдессіз екенін алғашқы болып солар ұғып, әскери мектептерінде оның тәжірибесін оқытады. Айтхожиндар отбасының феноменін де солар ұғып тұр.
Болашақта, еврейлер қауымының бастамасы оң шешілетініне шүбә келтіруге болмайды. Өйткені, осындай отбасыны үлгі етпесек біз басқа кімге ұмтыламыз? Бірақ сол шешімнің тезірек шыққаны дұрыс-ақ болар еді. Қазір Қызылжар өңіріне жақсы азаматтар басшылыққа келді, олар бұл іске жанашырлықпен қарар деген үміттеміз.
Жанат Түгелбаев, «Егемен Қазақстан»