23 Сәуір 2013, 05:44
2 академия президенті, 3 академик, 4 ғылым докторы жайлы толғаныс.
Жарты әлемді жалпағынан басып, айбаты мен айбыны бүкіл әлемді аузына қаратып тұрған кешегі КСРО империясы ғылымға өте үлкен мән берген еді. Оның жетпіс жыл бойы мызғымай тұра алуының да бір сыры сонда сияқты. Ғалым атаулы алақанға салғандай әлпештеніп, бойында беретіні бар жанның бәріне барлық жағдай жасалатын. Тек өз арасындағы пендешілік пиғылдардың кесіріне ұшырап қалып, қолдан жасалған кәрге тап болмаса, обалы не керек, өкіметтің ғалым атаулыға жағып қойған “жасыл шамы” қашан көзі кеткенше сөнген емес.
Ғалымдарға сол кездегі ең үлкен баға – халықаралық Лениндік сыйлықты да беріп отырды. Оған қазақтың арда туған төрт ұлы да ие болған еді. Мұхтар Әуезов әдебиет саласында, ал Қаныш Сәтбаев, Шаһмардан Есенов пен Мұрат Айтхожин ғылым саласында алды. Біз бүгінгі әңгіме еткелі отырғанымыз сол – бас сыйлықтың біріне ие болған Мұрат Айтхожин туралы сыр.
Бір отбасында өмірге келген алты баланың да ғалым болуы, оның ішінде біреуі әлемдік деңгейдегі атақ алуы бұрын-соңғы тарихта кездесе қоймаған шығар. Сондықтан әңгімені осы әулеттің өзінен бастауға ұйғардық.
Әбен Айтхожин қарапайым қазақ болатын. Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың (бұрынғы Төңкеріс, кейін Совет) ауданында бір кездері Моңғол атты қазақ ауылы болған. Оның неге бұлай атанғанын ешкім білмеді, тегі сонау ерте замандарда сол халықтық бір тұқымдары осы жерде қалып қойса керек. Артынан ауылдар іріленгенде ол тарап кетті. Әбен міне, осы ауылдың тумасы-тын.
Қазақтың барлық адамының басына түскен 30-шы жылдардағы таршылық пен жоқшылықты Әбен де бастан өткерген. Бірақ сүйегі асыл, пысық жігіт оған шашылып қалмады. Талаптанып өнер қуып, кәсіп іздеп Қызылжарға барды. Осы жерде ол бухгалтерлік мамандықты игерді. Арғы тегі татар, бірақ әбден қазақыланып кеткен Мүнира деген ауылдас бойжеткенмен көңіл қосып, 30-шы жылдардың басында үйленді. Екеуінің кіндігінен 1933 жылы Нариман, 1935 жылы Сабыр, 1937 жылы Марат, 1939 жылы Мұрат деген төрт ұл және 1946 жылы Нағима, 1950 жылы Нәзира атты қыздар өмірге келді.
Әбеннің алғырлығы, оның үстіне мойынға алған ісін аяқтамай қоймайтын табандылығы, үнемі білмекке құмар болған талмайтын талабы бірден көзге түсіп, жүрген ортасына жұғымды бола білді. Оның үстіне жұмысына да тиянақты, адал, ақжарқын мінезі оның сапалы сынын арттыра берді. Ақырында ол соғыс жылдарында обкомның қаржы-шаруашылық бөліміне қызметке ауысты.
Қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін, ал көз көргендер “обком” дегеннің ол кезде жердегі жарты құдай болғанын айтып отырады. Оған әбден сыналған, тар сүзгіден өтіп түзілген жандар ғана қызметке алынатын. Әбен осы жерге қызметке барып қана қоймайды, көп кешікпей оның қаржы-шаруашылық жүйесіне ең бірінші болып жауап беретін бас бухгалтерлік лауазымына да тағайындалады және бұл қызметті зейнет демалысына шыққанша 21 жыл бойы мінсіз атқарады. Осының өзінен-ақ ол кісінің осал адам болмағанын біле беріңіз. Номенклатураға сәйкес басшы қызметтерге бір-екі қазақты алғаны болмаса атқарушы қызметтерге, әсіресе бас бухгалтер секілді лауазымдарға, жасыратыны жоқ, кеңестік кезеңде қазақтарды жолатпайтын. Соғыс кезінде эвакуациямен, одан кейін тың көтеруге келгендердің көптігінен үлесі мүлде азайып кетіп, Қызылжарда көзге ілінбей қалған қазақтардың өкілін мұндай жауапты қызметке алу өте сирек оқиға еді. Біздіңше Әбен өзінің бойынан мін таптырмаған білгірлігі мен іскерлігінің арқасында ғана осынау қызметке шыдап, табан аудармастан отыра алса керек. Сол жылдары обкомда нұсқаушы болған, өзінен әлдеқайда жас Қасым Жүнісовке ол үнемі: “Сақ бол, айналайын, біз айнадағыдай көрінеміз ғой…” дейді екен. Бұдан Әбекеңнің басбух болса да бастықсынып кетпей, баса-көктемей, қашанда сақ жүргенін көруге болады. Нағыз ақылды адамның тірлігі.
Жанат Түгелбаев, «Егемен Қазақстан»