22 Сәуір 2013, 09:09
Өзі бір сөзіңде: «Олег Блохин голды бір аяқпен соқса, мен екі аяқпен де қатар соғатынмын.Маған оң, сол аяқ айырмашылғы жоқ, доп қай аяғыма түседі, сонымен тебе беремін»,-деген-ді.
«Қайраттың» ойынын әрбір жанкүйер әлі күнге жыр қылып айтады.Себебі түсінікті, «Қайрат» – халықтық команда болды. Футболшылары ақша қумады, бар шеберліктерін алаңда көрсетіп,жеңіс үшін аянып қалмады.Содан болса керек, ұтылса да жанкүйерлер оларды жазғырмады, қайта қолдады, қолпаштады, жігерлендірді. Міне, сол «Қайраттың» 80-жылдардағы, Тимур Сегізбаевтан кейінгі аңыз ойыншыларының бірі, әрі ең үздік сұрмергені болған футболшы–Евстафий Пехлеваниди.
Евстафий Пехлеваниди қазағы көп шырайлы Шымкентте 1961 жылы дүниге келген. Әкесі Алкивиад та футболшы болған, 1940 жылдары Тбилисидің «Динамосында» қорғаушы болып өнер көрсеткен.КСРО-ның үздік 33 футболшысының қатарына кірген. 1949 жылы Қазақстанға жер аударылып, Шымкентке тұрақтайды.
Пеха(Достары оны осылай айтатын) 16 жасында Шымкенттің «Металлург» командасының негізгі құрамында өнер көрсетті. Жас футболшы әр ойын сайын гол салып, керемет ойын үлгісімен көпшіліктің көзіне түседі. Керемет ойындарынан кейін КСРО жасөспірмдер құрамасына да шақырылады.
1979 жылы 28 гол соғып,футбол мамандарының назарын өзіне аударады. Содан Қазақстанның бірінші командасы «Қайраттың» сапына ауысады. Жұлдызды шағы да осы кезеңде басталды.
Пеха «Қайраттың» сапына бірден сіңісіп, футболшылармен тез тіл табысады. Дене тұрқы келіскен, қарсыластарына оңайшылықпен допты бере қоймайтын,әуедегі айқастарда көбіне допты өзіне тартып алатын, ұшқыр, пенальти орындаудың хас шебері болды.
Өзі бір сөзіңде: «Олег Блохин голды бір аяқпен соқса, мен екі аяқпен де қатар соғатынмын.Маған оң, сол аяқ айырмашылғы жоқ, доп қай аяғыма түседі, сонымен тебе беремін»,-деген-ді.
Екі аяқпен қатар доп соғатын жұмыр жерде футболшылар онша көп емес. Ал Пеха осындай санаулы футболшылардың бірі еді.
Алғашқы голын Ереванның «Арарат» клубына қарсы өткен ойында еңгізді. «Қайрат» бұл ойында 0:1 есебімен ұтылып жатқан болатын, 89-минутта Пеха баспен гол соғып, командасын жеңілістен құтқарып қалады.
1983 жылы КСРО чемпионатында 21 гол соғып, ең үздік маусымдарының бірін өткізді.
1984 жылы Гаврилов,Андреев, Блохин,Протосов сияқты сол кездегі шеберлермен бірге КСРО чемпионатының үздік 33 футболшысының қатарынан ойып тұрып орын алды.
Евстафий КСРО чемпионатындағы ең жылдам голдың авторы. 1986 жылы Киевтің «Динамосына» қарсы өткен ойында, кездесудің 10-секундында Виктор Чановтың қақпасына соққан болатын.
1988 жылы Пехлеваниди ойнайтын «Қайрат» КСРО Федерация кубогын жеңіп алды. Олар Молдаваның Кишнев қаласында өткен финалда әзербайжандық «Нефтчи» командасын 4:1 есебімен ұттты.
1980-1989 жылдар аралығында 226 кездесу өткізіп, 94 гол соққан, осының 69 голын жоғары лигада ойнап жүргенде еңгізген.
1989 жылы Шымкентке оралып, «Мелиоратор» командасында өнер көрестті. Бірақ, ол Шымқалада көп тұрақтап қалған жоқ, 1990 жылы туыстары Грекияға қоныс аударып, Пехада солармен бірге кетті. Грекияның «Левадиакос» командасымен келісім-шарт жасасып, үш жыл сонда тер төкті.Алғашқы жылы ауыр жарақат алып, ота жасатады.Футболға тек бес айдан кейін оралады. Кейінгі екі маусымында бас бапкермен тіл табыса алмай, алаңға жиі бой көрсетпеді. «Левиадиакоста» өткен үш жылында бар жоғы 35 ойын өткізіп, 15 голдың авторы атанды. Футболдағы карьерасын да осы клубта аяқтайды.
Футболдан кеткен соң, біраз қиындықтарды басынан кешірді. Алдымен, заводта жүк тасушы болып жұмыс істеді. 1996 жылы анасы дүниеден озады. Осыдан кейін Афинаға қоныс аударып, балалар командасын жаттықтырады.Өзі жаттықтырған балалар командасында ұлы Дмитрийде ойнады.
2010 жылы 31 қазанда Алматыға келіп, өзінің 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Сондай-ақ «Казахстанский голеадор» деген кітаптың тұсаукесеріне қатысты.
«Қайраттың» сапында тоғыз жыл тер төгіп, команда лидері болған Евстафий «Қайрат» жайлы өзі былай дейді:
«Қайрат» - менің өмірім. Тоғыз жылым осы аңыз команданың қатарында өтті. Футболшы ретінде қалыптасуым, көпшілікке танылуым бәрі-бәрі «Қайратпен» тікелей байланысты. Бұндай команданы ешқашан ұмытпаймын, мәңгі жүрегімде.
Евстафий – Қазақ футболының аңыз ойыншыларының бірі. Өзінің физикалық күші мен техникалық шеберлігінің арқасында талай жанкүйердің сүйікті ойыншысы болды. 80-жылдары «Қайрат» пен Пехлеванидидің есімі қатар аталып жүрді. Бұл футболшы үшін зор мақтаныш. Ол біздің мақтанышымыз.
Бек Төлеуов, «Sport» газеті.