19 Сәуір 2013, 10:33
Есет Көкіұлы (1667–1749 жж.) – батыр, қолбасшы, би, тархан, қоғам қайраткері.
Өз заманында қазақ елінің басында болып жатқан шешуші оқиғалардың бел ортасында жүрді. Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресте есімі елге танылған әйгілі батырларының бірі.
Шыққан тегі – Кіші жүздің Жетіруының ішіндегі тама руынан. Кіші жүз Бөкенбай батырдың күйеу баласы.
Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Тарихшылар Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыр қоңтайшысының 50 мыңдық әскеріне 600 жауынгермен карсы тұрып, шайқасып жатқанда 20 мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткенін жазады.
Жауынгерлік заманда туып, күреспен есейіп, ер жеткен тұрғыластары сияқты Есет те ел қорғау жорығына ерте араласды.
1710 жылы атақты Қарақұм немесе Қаракесек маслихаты өтті. Маслихатта екі маңызды мәселе көтеріледі. Бірінші – жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, тойтарыс беру, екінші мәселе – Кіші жүзге хан сайлау.
Маслихат барысында Табын руының батыры Бөкенбай мен Есет батыр өте белсенділік танытады. Осы маслихатта Кіші жүз ханы болып – Әбілқайыр сұлтан, біріккен қазақ жасағына қолбасшы болып батыр Бөкенбай сайланады. 1710 жылдан бастап Есет батыр Әбілқайыр ханның барлық бастамаларына үн қосып, өз қолын бастап, жорықтарға қатысады.
Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқылмасын, ел намысы тұздығың болсын», - деп бата беріпті деген әңгіме бар.
Есет батыр әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан» кейін ел болып бірігіп, жоңғарларға алғашқы алапат соққы берген – Бұланты шайқасына қатысып, езілген елдің еңсесін көтерткен Ұлы Жеңіске өз үлесін қосады. Ал тарихи бетбұрыс жасаған Аңырақай соғысында ол Кіші жүз құрамының туын көтерген атойшы болады.
Есет батыр кейінгі өмірі Әбілқайыр ханның саясатымен тығыз байланысып жатады. Ханның қасында болып, ақыл-кеңесін береді, хан мен халық арасында түскен жарықшақты дәнекерлеп бітірушісі болады. Әсіесе, орыс патшасының қол астына өтер кездегі хан басына үйірілген қауіп бұлтын сейілтуде ол сол кездің тарихи ірі тұлғалары Бөгенбай, Жәнібек батырлармен бірлесе отырып, оған үлкен көмек көрсетеді. Ресеймен қарым-қатынасты жақсартудағы сіңірген еңбегі үшін патша үкіметі оған 1743 жылы «тархан» атағын береді.
Есет батыр сексен екі жасында өзінің атамекенінде, өз ажалынан қайтыс болады.
Дереккөз: М. Солтангазина, Б. Шәкиев, Ф. Лекерова. Тарихи тұлғалар. – Алматы: Алматыкітап. – 2009. - 324 б.