Ұлттанушы

18 Сәуір 2013, 05:11

Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос, яғни халық, ұлт, жұрт (национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өмір, салт біріктірген адамдардың қоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкі құрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді. Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалық қауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория делінетін. Ал Лев Николаевчи болса этнос дегеніміз био-географиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералық құбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден  – этностың күш-қуатын өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден – әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтік кеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше “пассионар” адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі “мәдени жаралымды” жойып, “этнос” деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен біте қайнасқан тұтастықта  жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялық құбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос нобай танытып дүниеге  келеді, еңсе көтеріп ес жияды, өркен жайып дамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Яғни, этнос та адам сияқты, балалық, жігіттік, қарттық шақты бастан кешеді. Бұл үрдіс “этногенез” деп аталады. Міне, қысқа-қайырым тілмен түйіндеп айтқанда, Л.Н.Гумилевтің этнологиялық ой-тұжырымдары осындай. Мұндай ой-тұжырымдар негізінен ғалымның “Этногенез және Жердің биосферасы” деп аталатын еңбегінде баяндалған. Әрине, ғалымның міндеті – тың идея ұсыну, соны ой-тұжырымдар жасау. Ондай идеялар мен ой-тұжырымдардың сынақ алаңы – өмірдің өзі. Мәселен, Лев Николаевичтің этнос болмысын қоршаған ортамен шендестіріп, әрбір этносты био-географиялық жаралым деп қарастыруы технократтық дамуға дейінгі ахуалды зерделеуге айрықша ұрымтал екеніне назар аударуға болады. Ал технократтық даму бел алып, оның өмірді жаңғыртқыш қуаты үстемдік құрған заманда Лев Николаевичтің этносты био-географиялық жаралым деп келетін тұжырым­дамасын жаңаша зерделеуге тура келетін сияқ­ты. Сол сияқты, этностың 1200-1500 жылдық өлшеулі ғұмырының болуы, сол этностың мүшелері болып табылатын адамдарды фатальды көңіл-күйге түсіретінін де атап өту қажет. Себебі, этностың (ұлттың) Тәңір жаратқандай өлшеулі ғұмыр жасы болатын болса, онда ұлт үшін, оның көгеріп-көктеуі үшін тер төгіп қажеті қанша деген ой келеді. Әрине, мұндайда “бәріне уақыт төреші” деп келетін қазақтың қара нақылына ден қоямыз. Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"

Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос, яғни халық, ұлт, жұрт (национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өмір, салт біріктірген адамдардың қоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкі құрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді.

Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалық қауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория делінетін. Ал Лев Николаевчи болса этнос дегеніміз био-географиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералық құбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден  – этностың күш-қуатын өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден – әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтік кеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше “пассионар” адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі “мәдени жаралымды” жойып, “этнос” деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен біте қайнасқан тұтастықта  жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялық құбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос нобай танытып дүниеге  келеді, еңсе көтеріп ес жияды, өркен жайып дамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Яғни, этнос та адам сияқты, балалық, жігіттік, қарттық шақты бастан кешеді. Бұл үрдіс “этногенез” деп аталады.

Міне, қысқа-қайырым тілмен түйіндеп айтқанда, Л.Н.Гумилевтің этнологиялық ой-тұжырымдары осындай. Мұндай ой-тұжырымдар негізінен ғалымның “Этногенез және Жердің биосферасы” деп аталатын еңбегінде баяндалған.

Әрине, ғалымның міндеті – тың идея ұсыну, соны ой-тұжырымдар жасау. Ондай идеялар мен ой-тұжырымдардың сынақ алаңы – өмірдің өзі. Мәселен, Лев Николаевичтің этнос болмысын қоршаған ортамен шендестіріп, әрбір этносты био-географиялық жаралым деп қарастыруы технократтық дамуға дейінгі ахуалды зерделеуге айрықша ұрымтал екеніне назар аударуға болады. Ал технократтық даму бел алып, оның өмірді жаңғыртқыш қуаты үстемдік құрған заманда Лев Николаевичтің этносты био-географиялық жаралым деп келетін тұжырым­дамасын жаңаша зерделеуге тура келетін сияқ­ты. Сол сияқты, этностың 1200-1500 жылдық өлшеулі ғұмырының болуы, сол этностың мүшелері болып табылатын адамдарды фатальды көңіл-күйге түсіретінін де атап өту қажет. Себебі, этностың (ұлттың) Тәңір жаратқандай өлшеулі ғұмыр жасы болатын болса, онда ұлт үшін, оның көгеріп-көктеуі үшін тер төгіп қажеті қанша деген ой келеді. Әрине, мұндайда “бәріне уақыт төреші” деп келетін қазақтың қара нақылына ден қоямыз.

Ақселеу Сейдімбек, "Гумилев"

Бөлісу: